El іshі

Көлік тізгіндеген Еңбекқор азамат

Қай істің болмасын өзіндік қызығы мен қиындығы болады. Алайда қиын істің қиындығына мойымай, күні-түні еңбек етіп, адал ақысын маңдай терімен тауып жүрген азаматтарды көргенде көңіліңе қуаныш сезімі орнайды.

Еңбекқор, таңның атысы, кештің батысы адамдарды діттеген жеріне жеткізуден шаршамайтын бүгінгі кейіпкеріміз Т.Дүйсебайұлы ауылының тұрғыны, көлік жүргізуші, Жақсыбек Қожабек ағамыз. Бүгінде көлік тізгіндеп, такси жүргізушісі болып жүргеніне 30 жылдай уақыт болған. Ол ауыл мен аудан орталығына, одан әрі Тараз қаласына қатынайды. Ендеше бүгінгі әңгімеміз осы ағамыз турасында болмақ.
Жақсыбек Қожабек 1962 жылы 11 сәуірде генерал Т.Дүйсебайұлы ауылында (бұрынғы Амангелді) дүниеге келген.1969 жылы осы ауылдағы сегіз жылдық №28 Амангелді атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1979 жылы Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті тамамдаған.
1980-1982 жылдары Латвияның Рига қаласында әскери борышын өтейді. Әскерден келген соң Амангелді колхозында құрылысшы болып жұмыс істейді. Одан әрі 1983 жылы Жамбыл қаласында тері өңдейтін зауытта, өрт сөндіру бөлімінде күзетші болып жұмыс жасаған. 1985 жылы қызмет орнынан Алматы қаласына өрт сөндіру техучилищесіне оқуға жіберіп, 1987 жылы аталған оқу орнын бітірген. Осы екі жылдың арасында 1986 жылы отбасын құрған. Сондай-ақ, Ішкі істер министірлігінің тапсырысы шеңберінде Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына жолдамамен барып, қалалық ішкі істер басқармасының күзет басшысы,1988 жылы Қаратау қаласында қалалық ішкі істер бөлімінде аға инженер қызметін атқарған.
1989 жылы тамыз айында жұмыс бабымен жүріп, урал мотоциклімен жол апатына түсіп ауыр жарақат алған. Осы кезден II топ мүгедегі. 1991 жылы қайта рөлге отырып, осы уақыттан бері көлік айдап келеді.
Талай жыл көлік тізгіндеген Жақсыбек Төреханұлы жолдың қызығы мен шыжығу туралы бізге әңгімелеп берді.
-Өздеріңізге белгілі Жуалы жерінің табиғаты ерекше. Әсіресе қыс мезгілі тым ерекше. Бораны мен тірі жанды үсітпей қоймайтын аязы тағы бар. Сондай боранды күндері де адам тасыдым. Жолда қалып қойған кездерім де болды. Қазақ айтады «Түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз» деп. Сол секілді таң атқанда күн шығып жылы болып тұрған ауа райына қуанып Тараз қаласына шығатын адамдарды жинап алып аттанасың. Түстен кейін боран басталып, ауыл көшелерін толығымен қар басып қалғанын телефон арқылы үйдегі жеңгелеріңнен немесе ауыл тұрғындарынан естіп-біліп отырамыз. Адамдарды үйіне дейін жеткізуді міндетім деп санаймын. Кейде айтқан жеріне уақытында жете алмай қалатын кездер де болады. Такси жүргізушісі болу оңай шаруа дегендер қателеседі. Шыдам мен сабыр, төзімділік керек. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз деген сұрағыңызға жауап берер болсам, менің бір емес, бірнеше мамандығым бар. Бірақ мен осы саланы таңдадым. Қай саланың болмасын өз қызығы мен қиыншылығы болады ғой. Астымда көлігім болды. Жол ережесін білемін. Неге такси жүргізушісі болмасқа? «Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады. Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей, қол қусырып отырғаннан гөрі, тынбай еңек еткенді жаным сүйеді. Балаларыма да ылғи еңбектенсең ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе аласың, деп әкелік ақылымды айтып отырамын,- дейді Жақсыбек аға.
Бұл жұмысты қолға алып, ыстығына көніп, суығына тоңғанына биыл, міне, отыз жыл болды. Бір бойында бірнеше мамандығы болса да осы саланы жанына жақын көреді.
Жақсыбек аға аптаның жеті күні бойы демалыссыз жұмыс жасайды. Одан бөлек, үйде көлік жөндейтін өнері де бар. Сонымен қатар, ауылда «Тау» аталатын шағын дүкен ашып, кәсібінің нәсібін көріп отыр. «Береке» шаруа қожалығының ісін де өрге домалатып, жылқы өсірумен де айналысады.
Бүгінде жан жары Нұрлыгүл Қожабековамен бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып алты немере сүйіп отырған жайы бар.

Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close