El іshі

Жарқырап өткен жыр-ғұмыр…

Қошқарата ауылында Бауыржан Үсеновтың атында жыр мүшәйрасы өтті

Арыны басылмаған арсыз ажал арамыздан талай-талай асылдарымызды алыстатып әкеткен…
Иә, осыдан 30 жыл бұрын Жуалының арда туған асыл перзенті, талантты ақын, ғажайып дарын иесі, дәлірек айтқанда, жұлдызы биік Жуалы ауданына қарасты қасиетті Қошқарата ауылының түлегі Бауыржан Мұқанұлы Үсеновті де арсыз ажал арамыздан тым ерте алып кеткен еді. Арда туған ақын егер аман болғанда биылғы тамыз айында 61 жасқа толар еді.

Бауыржан Үсенов 1960 жылы 16 тамызда ауданға қарасты Қошқарата ауылында туған. Бауыржан көпбалалы отбасында туып-өскен. Осындағы Абай атындағы орта мектепте оқыған. Онымен бір ұяда өскен бауырларының айтуынша, бала Бауыржан жастайынан сөз өнеріне жақын болып, бала кезінен-ақ өлең жаза бастаған. Мұны құрбы-құрдастары да жыр ғып айтады.
Тарих үшін аз ба, көп пе, ол жағын анық білмейміз. Бірақ қазақтың жазба әдебиетінде соны соқпақ салып, артында екі томға жуық поэзиялық және прозалық дүниелер қалдырған ақын, композитор Бауыржан Үсеновсыз 30 жыл өтіпті. Мұндайда халқымыздың: «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деген сөзіне құлақ аспасқа тағы да амалымыз жоқ. Аңсау мен сағынышқа толы Бауыржансыз өткен осынау отыз жылдың бедерінде ғажайып дарын иесінің азаматтық һәм қайраткерлік қырлары туралы талай естеліктер жазылды. Былтыр ақынның 60 жылдық мерейтойына орай Б.Үсеновтың досы, журналист-публицист Шоқан Шөжеевтың құрастыруымен және ақын, баспагер Темірғали Көпбаевтың қаржылай қолдауымен Алматы қаласындағы «Қазығұрт» баспасынан «Жарқырап өткен жыр-ғұмыр» деп аталатын естелік кітап жарық көрген болатын. Ақынның қаламынан туған өлең-жырларының, әндерінің басы біріктіріліп бірді-екілі кітап шығарылды. 1992 жылы алғаш рет ақынның «Табиғат терезесі», одан кейін араға жылдар салып «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», «Менің бұлтым» деп аталатын жыр жинақтары жарық көрді. Әлі де жарық көрмеген прозалық шығармалары бар. Бұл да болса дәтке қуат, көңілге медеу.
Ақынның өзі өлсе де, артында қалған асыл сөзінің өлмейтіндігіне көзіміз анық жетеді. Олай дейтініміз, бұл фәнидегі құйрықты жұлдыздай аз ғана ғұмырында әдеби ортаға сал-серілігімен, өлең әлеміне ерекше сыршылдығымен танылып үлгерген Бауыржан ақынның дарыны мен шығармашылығы жөнінде қазақ көсемсөзінің сардары, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жақсы баға берген. Тіпті, оның табиғат қаскөйлері туралы жазылған өлеңін табиғатты қорғау жөніндегі мекемелердің маңдайшасына жазып қою керектігін де айтқан еді. Шерағаңның жазып қалдырған аманаты да әлі күнге орындалған жоқ…
Бауыржан Үсеновтың 61 жылдығына және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып осы аптада Қошқарата ауылында жас ақындар арасында жыр мүшәйрасы өтті. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйытқы болған «Туған жердің түлегі» атты мүшәйраны өткізудегі мақсат – ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін мәнерлеп айтқызу. Талантты жастардың ақындық қабілетін шыңдап, өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беру және поэзияны дәріптеу арқылы халық мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде өнерді жан-жақты насихаттау.
Жыр жарысы еркін тақырыпта бір өлең және Б.Үсеновке арналған бір өлең оқу деп аталған екі кезеңнен тұрды. Байқауға аудан мектептерінен барлығы 11 үміткер қатысты. Мүшәйраға қатысушы үміткерлердің өнеріне Бауыржан Үсеновтың асыл жары, ұлағатты ұстаз Гауһар Тәжікенова, аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газет бас редакторының орынбасары, республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты Нұржан Дербісәлиев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Алмас Жолдасов, №9 Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдіркөз Кенжебекова әділ бағаларын берді.
Жас ақындар алғашқы кезеңде қазақ ақындарының және өз шығармашылықтарынан бір-бір өлең оқыса, екінші кезеңде арнау өлеңдерін оқыды. Жалпы мүшәйра барысында байқағанымыздай, қатысушылардың ішінде талантымен дараланғандары да және дайындықсыз келгендер де болды. Бұл туралы байқау қорытындысында қазылар алқасының мүшелері тарапынан пікірлер білдіріліп, жас ақындарға бағыт-бағдарлар берілді.
Сонымен арда ақын Бауыржан Үсеновтың 61 жылдығына орай өткізілген жыр мүшәйрасының қорытындысында Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы, жас айтыскер ақын Санжар Даярбек талантымен дараланып, І орынға ие болды. Ал Б.Момышұлы ауылының атынан сынға түскен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Сабыржан Ормахан ІІ орынға лайық деп танылды. ІІІ орынды Қошқарата ауылының түлегі, №9 Абай атындағы орта мектептің оқушысы Ұлжарқын Дауылбай еншіледі. Ал Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас ұстаз Ақнұр Әбдіжаппарова мүшәйраның «Ең үздік ақыны» атты аталыммен марапатталды.
Жыр жарысының жүлдегерлерін қазылар алқасының мүшелері марапаттады. Оларға аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің арнайы Дипломдары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқау қатысушыларына Б.Үсеновтың жары Г.Тәжікенова былтыр ақынның 60 жылдығына орай жарық көрген «Жарқырап өткен жыр-ғұмыр» деп аталатын естеліктер жинақ кітабын сыйлады.
Іс-шарадан соң ақынның жары Гауһар апай, тағы басқа қонақтар Бауыржан Үсеновтың туып-өскен ауылы қасиетті Қошқарата ауылының тыныс-тіршілігімен, табиғатымен танысып, ақынның ата-анасы Мұқан Үсенов пен Күлән Досанқұлқызының қасиетті қара шаңырағына барып, ақынның табаны тиген қара шаңыраққа тағзым жасады. Бүгінде бұл қара шаңырақта сол ауылдың тумасы Қарлығаш Андасбекқызы отбасымен тұрып жатыр. Бұл үй Абай көшесінде орналасқан. Ал ақынның сүйегі Кәріқорған ауылындағы қожалар зиратына қойылған.
Ал ауылдың кіреберіс көшесі ақын Бауыржан Үсеновтың атымен аталады. Бұл көшенің жөндеуден өтпегеніне де біраз жылдың жүзі болды. Көше әбден тозып кеткен. Жолдың әр тұсында қазылып кеткен «қазан» шұңқырлардан аяқ алып жүре алмайсың. Қасиетті Қошқарата өңірінің әрбір тауы мен тасын қара өлеңге қосып, өзі де қазақ поэзиясының мұхитына бір арна болып қосылған арда ақын Бауыржан Үсеновтың атына өзінің туған ауылынан, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан бір-бір көше берілгені құптарлық әрине. Дегенмен, ауылдағы көшенің қазіргі кейпін көріп жанымыздың ауыратынын қайтіп жасырамыз? Ауылдық округ әкімшілігі мамандарының мәліметінше, бұл көшені орта жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттар жасалып, қаржы бөлдіруге аудандық әкімдіктің тиісті бөліміне сұраныс берілген екен. Алайда белгісіз себептермен қаржы бөлінбей отырғаны бізге беймәлім. Арда ақынның әруағын сыйлап, атын қалай ардақтасақ, оның атындағы көшеге де сондай ықылас таныту қажеттігін жергілікті атқарушы органдардың назарына салғымыз келеді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close