El іshі

Мал ауруларын диагностикалау – басым бағыт

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы еліміздің аграрлық секторының алдына жаңа межелер белгілеп берді.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру ветеринариялық жүйемен тығыз байланысты және Мемлекет басшысы ветеринариялық қауіпсіздік мал шаруашылығы саласын дамытудың негізі екенін бұған дейінгі Жолдауларда да атап өткен болатын.
«Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан, осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек» делінген жылдың бас құжатында.
Жолдауда белгіленген мақсат-міндеттерді іске асыруда ветеринария саласына да зор жауапкершілік жүктеледі. Ол – биологиялық қауіпсіздікті сақтау, соның ішінде жануарлар мен адамдарға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауруларды анықтау, алдын алу және емдеу, адамдар тұтынатын мал өнімдері мен шикізаттардың тіршілікке қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осынау мемлекеттік маңызды міндеттер тізбегінде ветеринариялық зертхананың алар орны да, маңызы да артып отыр.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Жамбыл облыстық филиалының Жуалы аудандық ветеринариялық зертханасын 2018 жылдан бері Дәурен Алагөзов басқарады.
Қазақ Ұлттық аграрлық университетін мал дәрігері мамандығы бойынша тамамдаған білікті басшы Дәурен Айтбайұлы 2008 жылдан бері ауданның ветеринария саласының дамуына үлес қосып келеді. Алғашқы еңбек жолын Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратында мал дәрігері болып бастаған ол кейінгі жылдары Мыңбұлақ ауылдық округінің бас маманы-ветеринариялық дәрігері, аудан әкімдігінің ветеринария бөлімінде бас маман лауазымдарын атқарған. 2014 жылы аудандық ветеринариялық зертханада зертханашы, ветеринар дәрігер сатыларын өтіп, тәжірибе жинақтаған.
Аудандық ветеринариялық зертхана өңірдегі 85 жылдық тарихы бар ең байырғы мекемелердің қатарына жатады. Кезінде Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған шақта мұнда мал ауруларының барлық түрлерінің күрделі диагностикаларымен қатар аудан шаруашылықтарының жем-шөп базасының азықтық бірлігінің химиялық-биологиялық құрамына, тіптен мал жайылымдарының жарамдылығы мен құнарлығына егжей-тегжейлі зертханалық сараптамалар жасалған екен.
Еліміздің тәуелсіздік алуымен ветеринария саласының, соның ішінде зертханалардың екінші тынысы ашыла бастады. Бүгінде ветеринариялық зертханалар азық-түлік қауіпсіздігін сақтау құрылымындағы маңызды буын ретінде қызметін жедел жолға қойып келеді.
Жуалы аудандық ветеринариялық зертханасының басты міндеті адамды малдан жұғатын аурулардан арашалау, жануарлардың жұқпалы ауруларын және адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауруларды диагностикалау болып табылады. Бұл аурулардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
Мекеме сонымен қатар ақылы негізде мал өнімін өткерушілердің ет және сүт өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сынамадан өткізіп, биологиялық қауіпсіздігі туралы анықтама берумен шұғылданады.
Аудандық ветеринариялық зертханада бүгінгі таңда 14 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда серологиялық және бактериологиялық зертхана бар. Мекеменің жоспарлы жұмысын негізінен екі мал дәрігері мен үш зертханашы атқарса, төрт техникалық қызметкер ішкі-сыртқы тазалыққа және мүліктің сақталуына жауап береді. Одан бөлек мекеме жанындағы виварийде тәжірибеге алынатын жануарлар бағылады. Мұнда қазір 16 бас теңіз шошқасы, 70 бас ақ тышқан, 12 бас кролик және екі бас донор қошқар ұсталуда. Оның күтімімен бір маман айналысады. Күнделікті азықтанатын азық рационын тиісті мөлшермен, ұқыппен береді. Ақ тышқандар кез келген өзгеріске, ауытқуға өте сезімтал келеді.
Мал ауруларын диагностикалау – күрделі шаруа. Мекеменің жоспарлы жұмысының басым бөлігін ауыл шаруашылығы малдарының қан сарысуы сынамаларынан бруцеллез және басқа да жиі ұшырасатын ауруларды анықтау құрайды. Жыл басынан бері 45 мың бас МІҚ-дан, 170 мың қой-ешкіден бруцеллезге екі қайтара қан сынамалары алынған. Мұндай қан сынамалары 100 бас жылқыдан, 600 бас иттен жылына бір мәрте алынады. Хламидиозға 300 бас МІҚ-дан, 800 бас қой-ешкіден екі қайтара сынама алынды. Одан бөлек, аусылдың титрін, яғни малдың аусыл ауруына қарсы иммунитетін зерттеу үшін жылына 1300 бас МІҚ-дан, 6430 бас уақ малдан, 80 бас МІҚ-дан лейкоз және лептоспироз ауруларына қан сынамалары алынған.
Зертхана мамандары сонымен бірге, жұқпалы эпидидемит, лестериоз, анаэробтық энтереттаксемия және т.б. аса қауіпті ауруларды патологиялық сынамалар арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ірі қара малдың қаны бруцеллезге тек облыстық зертханада ИФА тәсілімен тексеріледі.
Бактериологиялық зертханада бактериолог-мал дәрігері Ернияз Кәрімбаевтың жетекшілігімен тәжірибеге алынған жануарларға сынақтар жүргізу негізінде және ауру малдың патогенді матералынан күрделі бактериологиялық сараптамалар әзірленеді. Бұл зерттеудің ұзақтығы ауру түріне қарай 10-60 күнді құрайды. Осы кезең ішінде аурудың қоздырғышы табылса, тәжірибеге алынған жануардың өлімімен аяқталады. Әрі қарай жануардан биоматериал алынып, микроскоппен зерттеледі. Сараптама оң нәтиже көрсеткен жағдайда, жергілікті атқарушы органға хабарлама беріледі.
Зертхана мамандары облыстық ветеринариялық зертханада жүйелі түрде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Мекемеде жұмыс істеу үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған: диагностикалық жабдықтар мен аспаптар, химиялық реактивтер мен бояулар, қоректік орталар жеткілікті. Компьютер техникасымен, көбейту-көшірмелеу және факс аппараттарымен жарақталған. Мекеменің қызметтік автокөлігі бар, 0,8 гектар аумақта орналасқан ғимарат табиғи газбен жылытылады. Қызметкерлер зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін тиесілі жеңілдіктер алады.
Ғимараттың тарлығы көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселенің бірі. Бірнеше жылдан бері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа үлгідегі модульдік зертхана салу қажет.
-Жалпы, жануарлардың ауруларын диагностикалау кезінде сараптама актілері микроскопиялық, бактериологиялық, биологиялық, вирусологиялық, микологиялық, серологиялық, биохимиялық, химиялық-токсикологиялық және радиологиялық зерттеулер нәтижелерінің негізінде жасалады. Ғимараттың тарлығына байланысты көптеген зерттеулер түрлерін жасауға мүмкіндік жоқ.
Жануарлар бруцеллезіне келсек, мұнда жүргізілген зерттеулер саны бойынша да, әдістер бойынша да бұл ауруды диагностикалау тәсілі өзгертілуде. Таяу арада жануарларға вакцинация жүргізу мүмкіндігі көзделуде.
Мұнда аса қауіпті мал ауруларының сынамаларына диагностика жүргізіледі. Сонымен қатар, тағам қауіпсіздігіне байланысты, өсімдік-жануар текті өнімдерге ветеринариялық-санитариялық зерттеулер жасалады. Зертхананың орталық базардың жанында орналасқан бөлімшесінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ет пен сүттің, балықтың ветеринариялық-санитариялық сараптамасы жүргізіледі. Ішкі сауда объектілері болып табылатын ет базарлары мен орталық базардың сүт, қаймақ, ірімшік және балық сөрелерінде сатылатын өнімдердің сапасы қадағаланады.
Зертханаға жеткізілген қан сынамалары нәтижелерін бес күн ішінде алуға болады, – дейді Дәурен Айтбайұлы.
Зертхана ұжымы әрдайым уақытпен бірге тыныстап, заман талабына сай қызмет ете береді.

Таңдаулы материалдар

Close