El іshі

Желтоқсаншы «Нұрлан Балқыбеков», қазіргі Нұржігіт Бөлекбаев

1986 жыл. Желтоқсан айы. Алматы қаласындағы орталық алаңға шығып, әділетсіздікті қаймықпастан айта білген қазақ жастары. Қыршыннан қиылған боздақтар, жазықсыздан жазықсыз төгілген қан.  Тәуелсіздігіміздің бастауы болған Желтоқсан оқиғасын санамыздан өшіру мүмкін емес. Тіпті өшірудің де қажеті жоқ. Себебі бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздіктің бізге оңайлықпен келмегенін бүгінгі жас ұрпақ білуі тиіс.

Бүгінде ызғарлы Желтоқсан оқиғасын желтоқсаншылар ауыр күрсініспен еске алады. Сол көтеріліске қатысқанын оқудан шығарады деген қауіппен жасырып қалғандар қаншама. Сондай жандардың арасында өзінің туған жерге, туған елге деген қызметін абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі – Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев. Мұны біреу білсе, біреу білмес.

Желтоқсан оқиғасын көзімен көріп, қиыншылықтары мен ауыртпалықтарын Нұржігіт Әбдіұлы бұрын-соңды ешкімге айтпаса да, бұл жолы бізбен бөлісуге келісті.

–      Мен ол кезде 21 жаста едім. Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институты Орман шаруашылығы фаукультетінің инженер мамандығының бірінші курс студенті болатынмын. Институтта бір аудиторияда 70-80 шақты студент отыратынбыз. Сонда барлығы «Естідіңдер ме? Қонаевты орнынан алып тастапты ғой, орнына Колбинді қоятын болыпты» деп сыбырласып-күбірлесіп отырғанын құлағымыз шалып қалды. Арамызда орыс ұлтының студенттері де болатын. Сабақтан соң үзіліске шыққанда кім таратқанын білмеймін, әйтеуір «Бүгін барлық жастар, студенттер орталық алаңға жиналады» деген сыбыс естідік.

Содан не керек, ойымызда жаман ой жоқ, Алматыдағы орталық алаңға қыздар, жігіттер болып сағат түскі үштер шамасында бардық. Алаңға барсақ, 200-дей жас жиналған екен. Осылайша біз де қалың топтың ішіне еніп кеттік.

Сағат кешкі алтыларда алаң жастарға лық толды. Олар ұлттық намыстың жерге тапталғанын, сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынғанына наразылық танытып, жалынды сөздермен ұрандатты. Орталық комитеттің қызметкерлері бізге «Қайтыңдар!» деді. Сонда студенттер: «Дінмұхамед Қонаевтың өзі шықпаса, біз алаңнан кетпейміз!» деп айқайлады.

Қанды қырғын кеш түскенде басталды. Жалындаған жастарды лезде милиция жасағы қоршап алды. Сол кезде Ресейден қосымша әскери күш шақырылғанын, кейіннен естідік.

Алаңды толығымен қоршауға алған әскер жиналғандарды ығыстырып шетке шығаруға тырысты, бірақ қолтықтасқан жастар милицияға қарсы шықты. Сондай-ақ жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері де қаптап, желтоқсанның ызғарлы желіне қарамастан бізге қарай су шашты. Бір кезде алаңда милициялар көбейгенін байқаған соң қаша жөнелдік.

Алайда мен милициялардың қолына түсіп, әбден тепкінің астында қалдым. Қан жоса қылып сабаған мені бір күн қамауға алып, ертесіне тергеуге жіберді. Тергеушіге мен өзімді Нұрлан Балқыбековпін деп таныстырып, оқу орнымды да өзгертіп айттым. Көп ұзамай «енді алаңға қайта шықсам сотталамын» деген қағазға қол қойып, босап шықтым.

Бір аптадай жатақханада болдым. Сол кезде көптеген жазықсыз студенттер оқудан шығарылғаны, небір жалындаған жастардың өмірі қыршыннан қиылғаны жүрекке қаяу салды. Тіпті теледидардан жаңалықтарда алаңға өңшең маскүнемдер, нашақорлар шыққан деген жалған ақпараттар тарады. Мұның барлығы шындыққа еш жанаспайды. Себебі, ол кездегі жастардың тілегі – қазақ елін тек қазақ азаматы басқарса деген бір мүддені көздеген еді. Қалғанының барлығы алып-қашпа, қаңқу сөздер.

Одан бөлек оқиға болған күні милициялар студенттердің жатақханасына дейін баса-көктеп кіріп, оларды терезеден лақтырып, ұрып-соққанын естіп, жаға ұстадым. Мұның барлығын неге айтып отырмын, кейінгі жас ұрпақтың бізге қазіргі бейбіт заманның қаншалықты қиындықпен келгенін біліп, қадірін түсінсе деген ой ғой.

Мен 1965 жылы 3 қарашада Жуалы ауданына қарасты Қосбөлтек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем – мұғалім, ал анам – қарапайым жұмысшы болды.

Қазіргі таңда үш қызым, бір ұлым бар. Жан жарым Нағима Игілікова үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысады. Үлкен қызым Арай 5 сыныпта оқиды. Одан кейінгі қызым Адия 3 сыныпта, Айым үш жарым жаста. Ұлым Асад үш жарым айлық. Ұлымның есімін Сирия елінің Президенті Башар Асадтың құрметіне қойдым. Араб тілінен аударғанда «Асад» арыстан деген мағынаны білдіреді.

Әкем ылғи да «Бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы» деп айтып отыратын. Мұндағы бермесе де бай жақсы дегені Қазақстанда байлар көп болсын деген ырымы екен. Сондай-ақ, өмірде түзу жолмен жүргенді, артық сөзге ермеуді жөн көремін. Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет екені белгілі. Сондықтан да өзіме жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғанды құп санаймын.

Басты арман-мақсатым – қыздарымды қияға, ұлымды ұяға қондырып бақытты ғұмыр кешкенін көру,  – дейді Нұржігіт Әбдіұлы.

Нұржігіт Бөлекбаев 1982-1992 жылдары Қазақ ауылшаруашылығы институтында Орман шаруашылығы, «Орман шаруашылығының инженері», 1996-1998 жылдары Семей қаржы-экономикалық колледжінде қаржыгер, «Бюджет және бюджеттік есеп», 2005-2007 жылдары Алматы экономика және статистика академиясы Қаржы бакалавры мамандықтары бойынша  білім алған.

Еңбек жолын 1987 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл орман шаруашылығында жұмысшы, 1989 жылы «Флора» кооперативінде жұмысшы, 1990 жылы СМУ ДПО «Химпром» заводында шебер, 1992 жылы Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылы «Жамбыл ЛПУ» бөлімшесінде жұмысшы, 1992 жылдан бастап Жуалы аудандық қаржы бөлімінде бас экономист, 1996 жылы осы мекемеде бас есепші-ревизор, 2005 жылы аудан әкімдігінің қаржы бөлімі коммуналдық меншік бөлімінің басшысы, 2008 жылы аудан әкімдігінің қаржы бөлімі, коммуналдық меншік секторының меңгерушісі, аудан әкімдігінің қаржы бөлімі бастығының орынбасары, 2011 жылы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, 2012 жылы Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының бас маман-статисті, 2015 жылы аудан әкімдігінің қаржы бөлімі, коммуналдық меншік және іс қағаздарын жүргізу секторының меңгерушісі, 2019 жылдан бастап қазірге дейін Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі қызметін атқаруда.

Көп жылғы жемісті еңбегі үшін және қаржы  жүйесінің 85 жылдығына орай аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын алса, «Ұлттық валюта күніне» орай, мінсіз қызметі үшін Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен және облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған.

Мақпал Сүйінбай,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close