El іshі
Жинақ баспаға қайта дайындалуда
Жуалы – атағы алты Алашқа танылған айтулы тұлғаларды бесігінде тербеткен киелі өңір. Қасиет дарып, құт қонған осынау кенен өлкені былайғы жұрт Батырлар мен генералдар, ақындар мекені деп те дәріптеп жатады.
Өңірдегі Батырлар мен баһадүрлер көшін Рысбек батыр Шінетұлы, Батырбек датқа Рысбекұлы, Байтана Садыбайұлы және тағы басқалар бастап, бертінде Бауыржан Момышұлы, Бақытжан Ертаевтар жалғайды. Осы ретте Батырбек датқаның ұлт тарихында алатын орны ерекше.
2012 жылы сол тұстағы облыс және аудан әкімдері Қанат Бозымбаев пен Батырбек Құлекеевтің қолдауымен ауданымызда Батырбек датқаның есімін халық жадында қайта тірілту, оның еңбектеріне жаңа дәуір тұрғысынан баға беру бағытында бірқатар сауапты іс жасалды. «Батырбек датқа» атты тарихи-танымдық жинақ басып шығарылып, Батырдың өмірі мен қайраткерлігіне арналған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Ғылыми кеңесшісі әрі редакция алқасын филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы басқарған тарихи-танымдық жинақ аз уақыттың ішінде құрастырылып, «Тәржіма» аударма-баспа орталығының компьютер орталығында теріліп, беттелді.
Жинақ ХІХ ғасырда Жамбыл облысының Жуалы ауданында өмір сүріп, саналы ғұмырын халқының жарқын келешегі жолында ат үстінде өткізген айтулы қолбасшы, мемлекет қайраткері, данагөй басшы, датқа Батырбек Рысбекұлы мен ол өмір сүрген кезең туралы оқырманға мейлінше мол мағлұмат беру, оның еліне, халқына, ұлтына сіңірген тарихи еңбегін бағалауға үлес қосу, кезінде оған жасалған қиянаттан арашалап алып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатын көздеді. Елімізге танымал тарихшы ғалымдардың, қоғам қайраткерлері мен жазушылардың, журналистер мен жұртшылық өкілдерінің орталық және жергілікті мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары негізінде дайындалған кітапта Батырбек датқа туралы құнды деректер қамтылған.
Осылайша, жинақ 2012 жылы Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасында 500 дана таралыммен басылып шыққан-ды. Оның көпшілігі жоғарыда айтылған ғылыми-практикалық конференция кезінде таратылып берілді. Ауданның бірқатар ауылдарының кітапханаларына тегін үлестірілді.
Бүгінде облыс және аудан тұрғындарынан, мекемелерден жинақты қайта бастыруға сұраныстар көптеп түсуде. Осыны ескерген аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті» ЖШС мен «Тәржіма» аударма-баспа орталығы бірлесіп, «Батырбек датқа» тарихи-танымдық жинағын қайта бастыруды жоспарлап отыр. Осыған орай, ауданның әр түкпіріндегі жұртшылықтан, оқырмандардан сұраныстар жинақталуда.
Қымбатты оқырмандар! Егер сіздер кітапқа сұраныс білдіргіңіз келсе, аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінің редакциясына немесе «Тәржіма» аударма-баспа орталығына мына төмендегі телефондарға хабарласыңыздар: 8 (72635) 2-02-08, ұялы байланыс: 8 707 520 59 67, 8 775 520 59 67. Жауапты тұлға: Абылайхан Сәрсенов.