El іshі
Жас маман әрі бас маман
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланғаны белгілі. Жастар жылының басталуына байланысты Қазақстан Республикасы Парламентінде өткен жиналыста сол тұста Сенат Төрағасы, қазіргі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға шынайы қолдау қажет. Қазақстандық жастар өз болашақтарына сеніммен қарауы тиіс. Олар үшін Қазақстан мемлекеттік басқарудан бастап, ғылым мен шығармашылыққа дейін сан алуан салаларда табысқа жетуге мол мүмкіндіктер беретін ел болуы тиіс»,- деп, Парламенттің және жергілікті өкілетті органдардың жұмысына жастарды кеңінен тарту және белсенді жаңа буын өкілдерін қолдауға шақырғаны есімізде.
Еліміздегі мемлекеттік басқару ісінде кейінгі жылдары жастардың қатары артып келеді. Бұл әрине, ең алдымен елімізді жаңаша қырынан дамытуға, мемлекеттік қызметтің беделі мен жұмыс өнімділігін арттыруға көптеген мүмкіндіктер беретіні анық. Біздің ауданда да мемлекеттік қызмет саласында жергілікті атқарушы органдарда, басқа да мемлекеттік мекемелерде жемісті жұмыс істеп келе жатқан жас мемлекеттік қызметшілер жетерлік. Осынау жас буын қызметкерлердің арасында өзге ұлттың өкілдерінің де тер төгіп жатқаны көңіл қуантады.
Үлгілі мемлекеттік қызметшілердің бірі ретінде әзірбайжан ұлтының өкілі Рамиля Талыбованы ерекше айтуға болады. Рамиля Ильхамқызы Шақпақата ауылының тумасы. Осындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің 9 сыныбынан соң, Тараз қаласындағы «Парасат» колледжін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітіреді. Содан 2012 жылы ең алғашқы еңбек жолын аудандық білім бөлімінің есеп бөлімінде есепші болып бастайды. Оған бұл жұмыс орнында осы салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар есепші Запира Мәдібекқызы тәлімгер болып, саланың қыр-сырын үйреткен екен. Осында екі жылдай тәжірибе жинақтаған жас маман одан кейінгі жылдары аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінде бас есепші болып жұмыс істейді.
Рамиля 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметке біржолата ауысып, осы жылдың қараша айынан бері Шақпақ ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман-әлеуметтік сала маманы ретінде жемісті жұмыс атқарып келеді. Оның міндетіне ауылдық округтегі аз қамтылған және көпбалалы, асыраушысынан айырылған, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылармен жұмыс істеу, оларға кеңес беру, тиісті заңдар мен ережелер аясында бағыт-бағдарлар беру, құжаттарын дайындауға көмек көрсетіп, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына өткізу, жалпы тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу міндеттері кіреді. Қазіргі таңда ауылдық округте мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылардың саны – 14-ті құрап отыр.
Жас маман әрі бас маман Рамиля Талыбова мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді жастайынан армандамаса да, кейіннен осы салада бағын сынап көруді құп көріп, оны өзінің өмірлік таңдауы етіп алады. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, осы ретте мінезі жайдары, адамдармен тез тіл табысатын жас маман Рамиляны да Шақпақ ауылдық округінің әкімшілігі өте жылы қабылдайды. Ол өзі де аз ғана уақытта сол ортаға үйреніп, өзіне жүктелген міндеттерді барынша жауапкершілікпен орындап, тұрғындармен жылы әрі сыпайы қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді.
2020 жылы Шақпақ ауылдық округі әкімінің аппаратынан «Ашық әкімдік» қызметі ашылып, бүгінде мемлекеттік қызметшілер округ тұрғындарына барынша ашық әрі қолжетімді қызмет көрсетуде. Бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер электронды түрде колжетімді бола түсуде. Әкімшілікте барлығы жеті мемлекеттік қызметші бар. Бас маман Рамиля қызметшілердің ішіндегі ең жас мемлекеттік қызметші.
Ол өз сөзінде: «Білімімді әрі қарай жетілдіріп, біліктілігімді көтеру арқылы мемлекеттік басқарудың басқа да салаларында бағымды сынап көргім келеді. Ол үшін мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтарды жатсынбай қабылдауың қажет. Ынта-жігер болса, барлығын игеруге болады. Ең басты мақсатым – халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімі мен құрметін арттыру»,- дейді ол.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»