El іshі
Ауыл жаңалықтары
Ақсай
Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Айналасындағы жандарға деген ықыласы мен көмегі – адамның адамгершілігі мен мейірімділігінің жоғары екенін білдірсе керек. Осы орайда, Қайрат ауылы тұрғындарының демеушілігімен үйінде мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған Құрманкүл Өмірбекованың баспанасының шатыры ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал қысылғанда көмек қолын созған жандарға ананың алғысы шексіз.
Ақтөбе
Облыстық мәндегі Теріс-Сұрым-Бәйтерек бағытындағы автомобиль жолының Бәйтерек ауылындағы бөлігінде орналасқан Алатау көшесінің жолдары жөнделуде. Жөндеу жұмыстарын «Жол де люкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мердігерлік ұйымның басшысы Байбосын Орынбасарұлы жол жөндеу жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауға күш салатынын айтып отыр. Сондай-ақ округке қарасты аудандық мәндегі Жаңаталап-Күркіреусу бағытындағы жол жөнделіп, пайдалануға берілді.
Көкбастау
Ауылдық округке қарасты Бақалы ауылының тұрғындарының көптен күткен тілегі орындалып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жарық орнатылды. 1,3 шақырымды құрайтын Қызыл диқан көшесіне жарықтандыру жүйесі толықтай жүргізілді. Қазіргі таңда кешкі сағат 09.00 мен түнгі 12.00 уақыт аралығында ауыл көшесі жарық жүйесімен қамтамасыз етілуде.
Қызыларық
Жақында Сұрым ауылдық кітапханасында ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Тәртіпке бас иген құл болмайды» атты пікірсайыс өтті. Пікірсайысқа ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, өзара еркін пікір алмасты.
Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық клубында Қызыларық ауылдық округі әкімі аппаратының ұйытқы болуымен «Ақ орамал» атты әжелер мен жас келіндердің қатысуымен кездесу өтті. Мәні мен маңызы зор тақырыпқа сәйкес Ақтөбе ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсем Абделиева лекция оқыды. Ол қазақ халқының салт-дәстүріне, ырым-тыйымдар мен нақыл сөздеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ, жиында ауылдың ақ жаулықты аналары өздерінен кейінгі ізбасарлары саналатын жас келіндерге кеңестерін беріп, келелі әңгіме өрбітті.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»