El іshі

Жастың тілегі бір, ынтымақтың білегі бір

Қайрат жастарының игі бастамалары көпке үлгі

«Туған жерім – Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер-балдай.
Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа,
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай!» – деп даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы шығармасына арқау еткендей, әрбір перзентке туған жердің топырағы қашанда ыстық, қымбат болатыны белгілі. Әрбір азамат өзінің туып-өскен мекенінен жырақта жүрсе де, жүрегімен ауылын аңсап тұратыны анық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарламада жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігі баса айтылған. Бағдарламада Елбасы: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп атап көрсетті.
Қай заманда да қасиетті Жуалы жері жүрегі кең, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардан кенде болған емес. Батырлар мен генералдарды, ақындар мен жазушыларды, спорт саласында да Олимпиада чемпионы және әлем чемпиондарын түлетіп ұшырған Жуалы жерінде қазір де атпал азаматтар баршылық. «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін». Бұл Әйтеке би бабамыздан қалған асыл сөз. Оның үстіне Елбасы алқалы бір жиында уақтысында мемлекет қолдау көрсетіп байыған кәсіпкер азаматтарға өз табыстарының бір бөлігін туған жердің қажеттілігіне жұмсау туралы үндеу тастағаны белгілі. Осындай азаматтардың арасында ауылына жанаршылық танытып, тыныс-тіршілігімен, қажеттілігімен танысып, игі істер жасауды өнегеге айналдырып жүргендері қаншама! Әсіресе, аймақтағы ауыл жастары өз туған өлкелерінің тағдыры мен болашағына бей-жай қарамай ауылдастарына көмек қолдарын созып жүрген жайлары бар.
«Береке басы – бірлікте» деген. Ақсай ауылдық округі бұрыннан-ақ бірлігі бекем, тірлігі берекелі өңірлердің қатарынан. Округтің жалпы тұрғыны 3106 адамды құрайды. Оның ішінде дені жастар. Олардың бірқатары тұрақты жұмыспен қамтылса, басқа да азаматтар ауыл шаруашылығын барынша дамытып, сондай-ақ кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде. Мәселен, көптен бері тұрғындар арасында ауылдық округтің орталығы Қайрат ауылына жаңа мешіт салу керектігі айтылып жүрді. Шешімін күткен мәселенің іске асуына ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Ерік Тастанов өз септігін тигізді. Жанашыр азамат мешіт құрылысына демеушілік жасап, игі бастамаға қолдау көрсетті. Бастаманы ауыл жастары да іле-шала қолдап, 1960-1995 жылдары туған азаматтар қолдарынан келгенше көмек қолдарын соза білді. «Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, ауыл азаматтарының ынтымағының, ауызбіршілігінің арқасында небәрі сегіз айдың ішінде мешіт құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Қазақ халқының байырғы асарлату дәстүрін ауыл жастары қазіргі замандағы үлгісі ретінде жаңғыртып, құрылыс алаңында үш ауысыммен жұмысқа білек сыбана кірісіп, белсенділік танытты. Тынымсыз тірлік еткен жастар көпшіліктің алғысы мен ризашылығына бөленді. Міне, осындай еңбекқор азаматтардың белсенділігі мен ең бастысы ауызбіршілігінің мықтылығынан бүгінгі күні мешіт ауыл тұрғындарының құтты орнына айналып отырған жайы бар. Сәні мен салтанаты жарасқан зәулім мешітте бес уақыт намаз оқылып, құдайы тамақ берілуде.
Осы ретте ескі мешіттің ғимараты бос тұр ма деген сауал кім-кімнің де көкейінде тұратыны анық. Жоқ. Мұнда да жастардың ұйымшылдығы танылып, пайдалануға жарамды ғимаратты балаларға спортзал етіп ашып беруді ұйғарыпты. Жас буын өкілдері күш біріктіріп, ескі мешіттің ішін күрделі жөндеуден өткізіп, керекті жабдықтармен жабдықтайды. Бүгінгі күні спортзалда Руслан Тоқбаев, Аслан Жапарқұлов, Ғабиден Елшібаев және ауылдық округтің спорт нұсқаушысы Жеңісбек Сейітбеков балаларды спортқа баулуда. Айта кетерлігі, барлығы 140 бала бокс, дзюдо, қазақша күреспен тұрақты түрде шұғылдануда. Спортзалдың ауласына ауылдық округтің спорт нұсқаушысы Жеңісбек Сейітбековтың бастамасымен «Street Workout» алаңшасы ашылды.
-Жастардың бастамасы 2013 жылдан бастау алды. Біздің негізгі мақсатымыз – ауыл жастарының ауызбіршілігін, ынтымағын нығайту, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болу, мұқтаж жандарға көмек қолын созу болып табылады, – дейді Қайрат ауылының жастарының игі бастамаларын ұйымдастырушы Мұхамеджан Әсемов.
– Ауыл жастарының бірлігі жаңа мешіт бой көтерерде айқын көрініс тапты. Біз оған өте қуаныштымыз. Ешқайсысы қарсылық білдірмей, бастаманы бірден қолдады. Бір үйдің балаларындай құрылысқа атсалысып, зәулім мешіттің тұрғызылуына өз үлестерін қосты. Қазіргі таңда да соғылған мешітке әр жылғы мектеп түлектері материалдық көмек жасап, айналасына көріктендіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Ал, спортзалға келетін болсам, балалардың спортпен шұғылданып жатқанын көргенде еңбегіміздің еш кетпегенін аңғарамыз. Балалар уақыттарын құр өткізбей, бір мезгіл спортзалға бет бұрады. Спортзалды ауыл жастары қаржыландырып отыр. Балалар жарысқа баратын болса, өзіміз демеушілік жасап, спорттық киімдер де әпереміз.
Сонымен қатар, ауылдағы тұрмысы төмен отбасылардың үйіне көгілдір отын кіргізіп бердік. Енді алдағы уақытта тағы бір отбасының үйінің шатыры мен терезелерін ауыстыру жұмыстарын жүргіземіз деп ниеттеніп отырмыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, ауыл азаматтары Мұқият Дәуірбеков, Сабырхан Бозтаев, Ғабит Бектұрғановтың бастамасымен аауыл зиратының айналасы қоршалып, оған барар жолға шағал тас төселуде.
1981 жылғы туған азаматтар Мыңбұлақ орта мектебінің аумағынан «Түлектер» аллеясын ашып, сәндік ағаштар екті. Ашылған аллеяға жыл сайын әр жылы түлектер тал егуде. Біз бұдан да басқа жұмыстар туындай қалса, бәріміз бас қосып, бірауыздан шешім қабылдаймыз. Жасап жатқан игі істер бүгінгі күн үшін емес, болашақта өскелең ұрпаққа мұра ретінде қалдыру үшін жасалуда.
Ауыл жастарының бұл бастамасы жылдан-жылға жалғасын тауып отырған жайы бар. Биылғы жылы Қайрат ауылы жастарының алға қойып отырған жоспарлары да ауқымды. Олардың бірі – спортзалдың жанынан жеке адамнан жер сатып алып, спорттық алаңша салу. Сондай-ақ, тәрбиеленіп жатқан спортшыларды жарыстарға апаруды, балаларды өнер мектептеріне оқуға түсіруге көмек беруді, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруді, ұрпаққа үлгі боларлықтай жағдайлар жасауды мақсат тұтқан жандар. Аймақ жастары спорттық ойындар, турнирлер, ұлттық ойындарды өткізуді үрдіске айналдырған.
«Қариясы бар ел – қазыналы ел». Ауыл қариялары да бұл бастамаларды қолдап, әрдайым ақ баталарын беріп отырады. Жасалып жатқан істерге бей-жай қарамайтын ақсақалдар жастарға ақыл-кеңестерін де беруде. Осы тұрғыда ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев: «Жастардың арасында ынтымақ, сыйластық бар. Ең бастысы, ниеттері таза. Олардың ұйымшылдығы, бірлігі, ауылға жанашырлығы сөз жүзінде емес, іс жүзінде де байқалып жүр. Мешіт құрылысы жүріп жатқанда қарап отырмай, құрылысшыларды тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастырдық. Осынау сауапты істен ауыл тұрғындарының ешқайсысы қалыс қалмады»,- дейді ақсақал.
Қайрат ауылының жастарының тірліктерінен округке қарасты Диқан ауылының азаматтары үлгі алып, жұмыс жасауда. Жетекшілері Бақтияр Дүйсәлиев бастаған 1980-1995 жылдары туған азаматтар арнайы қор құрып, ауыл тұрғындарына көмек қолын созуда. Диқан жастарының әлеуметтік жағынан аз қамтылған ауыл тұрғыны Закира Есімбекованың үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізгені туралы жазылған мақала газет беттерінде жарық көрген болатын.
«Жастың тілегі бір, ынтымақтың білегі бір». Қариялардың ақ батасын, тұрғындардың ақ тілегін арқалаған жастардың мұндай бірлігі көпшілікке үлгі болары анық. Туған жердің тыныс-тіршілігі мен өмірінің жақсаруына сүбелі үлестерін қосып жүрген азаматтардың бірлігі бекем болғаны әлбетте көңілдерге қуаныш ұялатады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close