El іshі
Тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік бәрінен де қымбат.
Бүгін Қазақстан әлем назарында, өзінің болашағынан үлкен үміт күттіретін мемлекет.
1991 жылы дүниеге келген Тәуелсіздіктің төл құрдастары 30 жаста. Бүгінде бірі мұғалім, бірі спортшы, енді бірі кәсіпкер ретінде әр саланың тұғырын тізгіндеп, елдің дамуына үлес қосып келеді.
Арманы асқақ, Отанға деген ыстық сезімі ерекше, өресі биік, мақсаты зор Тәуелсіздік құрдастары жетерлік. Сондай жандардың бірі – Бибігүл Керімханқызы. Дарынды жас бүгінде №16 Жуалы колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.Одан бөлек «Айару» той орталығы аталатын жеке кәсібін жандандырып, Тәуелсіздік құрдасы елмен бірге өсіп, қатарластарымен бірге өркендеп келеді.
Бибігүл Керімханқызы 1991 жылы Көлтоған ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Керімхан Сағымбеков талай жылдар сол ауылдағы мәдениет үйін басқарған, талантты өнер иесі, елі сүйсінген асаба болған. Алайда 2001 жылы ауыр науқастан қайтыс болады. «Өзі өлсе де көзін көрген өлмесін» дегендей, әкемнің көзін көрген кісілердің шапағатын әлі көріп келе жатырмын» дейді Бибігүл.
Анасы Сағынкүл Әукешқызы жеті баланы өмірге әкелген батыр, ардақты ана. Бүгінде зейнеткер. «Анамның ақылы өміріме азық болуда» деген Бибігүл, анасы Сағынкүл Бибігүлге жүкті кезінде түсіне ақ сақалды, ақ киімді қария еніп «үш күннен соң аман-есен қыз бала дүниеге әкелесің, есімін Бибігүл деп қой!» деп аян берген көрінеді. Содан есімі Бибігүл аталған екен. Айтса айтқандай-ақ, Бибігүл жастайынан оқуға құштар, алғыр, зерек бала болып өседі. Тоғыз жасынан бастап қолына қалам алып, өлең жаза бастаған. Ең алғаш «Әкеге сағыныш» атты өлеңі жарық көреді. Осылайша ақындық қасиеті бірте-бірте ашыла түседі.
Бибігүл Керімханқызы осы ауылдағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің 9 сыныбын аяқтап, Алматы қаласындағы Алматы Үздіксіз білім беру колледжіне Экономика бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқуға түседі. Аталған колледжді 2010 жылы қызыл дипломмен бітіріп, сол жылы Алматы Үздіксіз білім беру университетінің экономика мамандығына сырттай оқуға түседі. Осы жылы жуалылық жігіт Руслан Алтынбаевқа тұрмысқа шығып, Алтынбаевтар әулетіне келін болып түседі. Бибігүлдің айтуынша, ата-енесі Болат Алтынбаев пен Әсемкүл Нұрымбетова көпті көрген көргенді, түсінігі мол, қарапайым жандар.
2013 жылы аудандағы №16 Жуалы колледжіне «Экономика» пәнінің оқытушысы болып жұмысқа қабылданады. Бибігүлдің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де көп. Атап айтар болсақ, «Жыл оқытушысы» байқауынан жүлделі екінші орынды және Қордай ауданында өткен әнші, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Менің Қазақстаным – Мәңгілік ел!» атты ән фестивалінде жүлделі орынға ие болған. Колледжішілік мақтау грамоталарымен де бірнеше рет және Жамбыл облыстық кәсіподақ комитеті басшысы Ж.Орынбековтың Алғыс хаттарымен марапатталған.
2021 жылы Мұғалім күні мерекесіне орай аудан әкімі Олжас Қаржауовтың Алғысхатымен марапатталған.
Бүгінде Б.Сағымбекова М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығын тамамдап, №16 Жуалы колледжінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы болып еңбек етеді.
Ақынның «Әкеге сағыныш», «Кешір, ана», «Боралдай», «Жасайтындай боламын ғасырларға», «Мен бір шыбық қара жерге қадалған», «Досым болшы», «Өлең және мен», «Жуалым», «Заманымды жырлаймын», «Мен сондаймын», «Сол жапырақ», «Сезімім менің», «Тәуелсіздігім», «Батыр бабам – Бауыржан», «Әкеме хат», «Ақиығы қазақтың Мұзбалағы», «Бес ботаға» және тағы да басқа 100-ге тарта өлеңдердің авторы. Өз сөзінде кейіпкеріміз өлеңдерінен құралған авторлық кітап шығару жоспарында бар екенін де айтты.
– Тәуелсіздік бабалар аңсауы, бүгінгі ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. 30 жылдың ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Тәуелсіздік – біздің ата-бабаларымыздың асыл арман-мұраты. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, Ата Заңы, Рәміздері болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Арғысы қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту – әрбір ұрпақтың міндеті. Мен, тәуелсіздік жылдары дүниеге келгенімді бақыт деп санаймын. Сондай-ақ, бүгінгі жас ұрпақ тәуелсіздіктің қадірін түсініп бағалай білуі тиіс, – дейді Бибігүл Керімханқызы.
Қазіргі таңда «Айару» той орталығының жұмысын дөңгелетіп отырған Б.Сағымбекова «ЛОЛ» және «Клоун» қуыршақтарымен бірге мерекелер мен жиындардың, тойлардың сәнін келтіріп жүр. Айта кетерлігі, алғаш бұл орталықты ашқан кезде ең алдымен аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар мектебіне баруды, бала үшін бар қиындыққа төзіп отқан ата-аналардың, балалардың алғысын алудан бастасам деген мақсаты болған. Және ол солай болды да…
1 маусым «Балаларды қорғау күні» қарсаңында балапандардың бір сәтке болса да көңіл-күйлерін көтеру, шаттық силау мақсатында тәтті-дәмділерін алып қайырымдылық шарасын өткізді.
Бүгінде кәсіпкер той орталығын кеңейтуді жоспарлауда.
Бибігүл Керімханқызы мен жолдасы Руслан Алтынбаев екеуі бүгінде Айару және Парасат есімді ұл-қызды тәрбиелеп отырған жайы бар.
Ендеше жас ақынның «Тәуелсіздігім!» атты өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Еркіндігім!
Азаттығым!
Елдігім!
Осы күннің келеріне сенді кім?
Орындалған арман болып орнықтың,
Тәуелсіздік тарихым мен теңдігім…
Тәуелсіздік – байлығым!
Дәулет пен сәулет сай бүгін.
Бодандық кетіп жыраққа,
Бостандық болып құшағын,
Ықыласымен жайды күн.
Туыммен түстес көк аспан,
Сейілген бұлттай қайғы-мұң.
Қырандай самғап аспанда,
Қанатын кеңге жайды ұлың.
Бұл қазақ нені көрмеді
Қара бұлт болып үйріліп,
Нелер бір заман келмеді.
Аштықта жүріп ашыққан,
Қаруын кезеп, қас-дұшпан.
Соққыға жығып, жасымды
Жастығын қорлап, жасытқан
Бауыржан бабам қол бастап,
Жеңіске қарай асыққан.
Қайратым менен Ләззатым,
Сабирам менен Ерболым,
Тәуелсіздіктің жолына,
«Желтоқсан» болып бас сұққан.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»