El іshі
Тұрғынәлиевтердің құтты шаңырағы
Отбасылық құндылықтарды халық санасына сіңіру бүгінгі күннің аса маңызды міндеті болып отырғаны белгілі. Дана халқымыз осы орайда «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, отбасы – адам баласы жаны сая табатын құт мекеннің бірі.
Отбасылық өмірдің берік болуы үшін отау құрған әр жастың бойынан өзара сыйластық, жарасымдылық, түсіністік, кешірімділік сияқты қасиеттер табылуы керек. Сонда ғана қоғамымыздағы отбасы институты табан тірер негіз мықты әрі осындай берік отбасылардан құралған мемлекет те мықты құрылымға айналмақ.
Керегесі берік қаланып, уығы шаттықпен қадалған шаңырақта бала тәрбиесі негізі мықты қаланады. Әке-шешенің өнегесінен қазақтың ұлттық құндылықтарын көріп өскен ұл-қыздарымыз жан дүниесі кең, рухани бай, әрі қоғамға пайдасын келтіретін болашақ жас буын болып өседі.
Мұндай өмірлік қағидалар Ақтөбе ауылдық округі Жаңаталап ауылының тұрғындары, үлгілі отбасылардың бірі Тұрғынәлиевтар шаңырағына да тән. Ауылдағы өнегелі де, тәрбиелі жандардың құрған тату-тәтті отбасында үш қыз, екі ұл тәрбиеленіп отыр.
Отағасы Дәтеш Тұрғынәлиев 1968 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Мектепті тамамдағаннан кейін ветеринария мамандығы бойынша жоғары білім алып, сол білімімен 30 жылдан астам ветеринария саласында қызмет еткен. Қазіргі таңда Қызыларық ауылдық округінде ветеринарлық пункттің меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Жұбайы Орынкүл Қожакерімова Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылдық балабақшасының әдіскері болып жұмыс істейді. Ол Мойынқұм ауданында 1971 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Екеуі 1990 жылы отбасын құрған.
Дәтеш пен Орынкүлдің тұла бойы тұңғыштары Назерке 1991 жылы дүние есігін ашқан, мамандығы – экономист, тұрмыста, жанұялы өнегелі келін болса, екінші қызы Айдана да жоғары білімді, мамандығы – есепші, ол да тұрмыста. 20 жасар Гүлдана Алматы қаласындағы Қазақ халықаралық гуманитариялық университетінің шетел тілі факультетінің 2 курсында оқып жүр. Үлкен ұлдары Олжас жол-құрылыс университетін бітірген, мамандығымен Тараз қаласында еңбек етуде. Ал сүт кенжелері Расул №26 Жаңаталап орта мектебінің 5 сынып оқушысы, үздік оқушылар қатарында.
Отбасының ұйытқысы, алтын құрсақты әжеміз Күләйша Тұрғынәлиева Орынкүл келініне көп үлгі-өнеге бере білген ардақты ана. Апамыз Қырғызстан шекарасындағы Аманбаев ауылында 1931 жылы шаруа отбасында дүниеге келген.
Күләйша апа жас кезінен құрақ көрпелер тігіп, ісмерлігі Жаңаталап ауылының тұрғындары көңілінен шығып отырған. Өзі колхозда ауыр қол жұмысын атқара жүріп, ұрпағын адал еңбек етуге, қыздарын алуан еңбекке, тігінге, қазақтың ою өрнегіне икемдеп, үйрете білген аяулы ана, ардақты жар.
Ене тәрбиесін бойына сіңіре білген Орынкүл жеңгей өсіріп отырған ұлдарын да еңбекке жақын етіп өсірді. Күләйша енесінен алған өнегелі тәрбиесін болашақта өз келіндеріне үйретпек.
Осылайша, Тұңғыш Президент-Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына арқау болған осындай қазағымыздың отбасылық құндылықтары нығая берсін демекпіз.
Айгүл АЙХОЖАЕВА,
Жаңаталап ауылдық клубының әдіскері