Basty bet
Сақтықта қорлық жоқ
Өкінішке қарай індеттің екінші толқыны іргеде тұр. Қазір барлық аймақта сақтық шаралары күшейіп, еліміздегі бірқатар облыстарында карантин талаптары қатаңдатылуда. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, біздің ауданда да коронавирустық инфекцияның алдын алу, сақтық шараларының орындалуын қадағалу мақсатында құрылған мониторингтік топтар жұмысын жүйелі түрде жүргізуде.
Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев бастаған І топ мүшелері орталық базар маңындағы және Б.Үсенов, Б.Сафинов, Жібек жолы көшесінің бойындағы бірнеше кәсіпкерлік нысандарды аралады. Атап айтқанда, азық-түлік дүкендері, шаштараз, сұлулық салондары, дәріхана, ветеринариялық дәріхана, кафелер, құрылыс заттарын, автобөлшектер сататын орындар және «Айдана» сауда үйіндегі киім-кешек сататын орындар мен тігін цехтарын аралап, сақтық шараларының орындалуын қадағалап, кәсіпкерлер мен халыққа карантин талаптарын түсіндірді.
Зерделеу жұмысы барысында карантин талаптарын сақтамағаны үшін екі адамның түсініктемесі алынып, бес адамға ауызша ескерту жасалды.
Бір айта кетерлігі, кейбір кәсіпкерлік нысандарда сақтық шаралары өз деңгейінде сақталса, кейбір кәсіпкерлер бұған немқұрайдылықпен қарайтыны аңғарылып тұр.
Сақтық шараларын әр адам өзінен бастауы керек. Сонда ғана аурудың алдын алудағы бірлескен жұмысымыз нәтижелі болады.
Барша халықтың қазіргі таңдағы басты арманының бірі – індеттен ертерек құтылу, отбасының, ағайын-туыс, жалпы халықтың амандығы. Сондықтан халықты сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.
Перизат ШЫМЫРТайқызы,
«Jańa ómir»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев