Basty bet

Жүйелі жұмыстар жалғасын табады

Есеп беру жиналысын ауылдық округ әкімі Қазыбек Бейсеқұлов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Ержан Саурықов өткен жылы атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. Баяндамашы 2019 жылы анықталған әкімшілік құқық бұзушылық, жол ережесін бұзған құқық бұзушылықтар, осы әкімшілік істер бойынша салынған айыппұлдар, отбасы-тұрмыстық жағдайда орын алған деректер, түнгі рейдттік жұмыстар, тағы да басқа мәселелер бойынша атқарған жұмыстарын баяндады.
Екінші болып Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов есеп берді.
Ауылдық округ екі елдімекеннен, яғни Қайрат және Диқан ауылдарынан тұрады.
Ауылдық округ әкімінің мәлімдеуінше, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында және аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен де көптеген жұмыстар атқарылған.
– Ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен, ауыл тұрғындарының қолдауымен көмекке мұқтаж 11 отбасына азық-түлік түрінде көмек көрсетілген. Бір отбасына газ тартылған, бір отбасының шатыры ауыстырылса, бір отбасының баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Баяндамашы Қазыбек Әлжапарұлы мінберді пайдалана отырып, қайырымдылық жасауға атсалысқан Қайрат және Диқан ауылдарының тұрғындарына алғысын жеткізді.
Кезек аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлына берілді.
Аудан басшысының баяндамасында өңірде атқарылған жұмыстар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында жүктелген міндеттерге сүйене отырып баяндалған. Дегенмен, ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан басымдылық ауыл шаруашылығы саласына берілген.
– Аудан экономикасы еліміздің біртұтас экономикалық кеңістігінің құрамдас бөлшегі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жылдан-жылға артығымен қол жеткізілуде.
Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 29 млрд 895,5 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрап отыр.
Есепті мерзімде жалпы құны 469, 164 млн теңгеге 69 ауыл шаруашылығы техникалары алынды.
Мал басы да жыл сайын артып келеді.
Шақпақ ауылдық округінен қуаттылығы жылына 17550 тонна жол битумын шығаратын кіші зауыт құрылысы басталды. Жоба құны 161,0 млн теңгені құрайды деп жоспарлануда. Құрылысты «ШақпақЖолСервис» ЖШС жүргізуде.
Құрылыс жұмыстары бойынша Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке қосымша спорт зал қазандығымен бірге құрылысы «ТаразҚұрылыс-Инвест» ЖШС 107379,0 мың теңгеге жүргізіп, қазан айында пайдалануға берілді.
Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым бойынша Б.Момышұлы ауылындағы Көктөбе жаңа тұрғын алқабына инфрақұрылым нысандарының құрылысын «Талас-Құрылыс» ЖШС 407 489,0 мың теңгеге жүргізді. Сондай-ақ, «Теріс», «Қосбөлтек», «Нұрлыкент» тұрғын алқаптарына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.
Қарасаз ауылының су жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 543 974,0 мың теңге бөлініп, су жүйесін тарту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ауданда жеті медициналық пункт, бір фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізілді,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан басшысы барлық сала бойынша мақсатты индикаторлық көрсеткіштердің орындауына тоқталып өтті.
Баяндама соңында 2020 жылы атқарылатын жұмыстарды да атап өтті. Атап айтқанда, Шақпақата, Көлтоған, Қошқарата, Т.Дүйсебайұлы, Ертай ауылдарына су жүйесі тартылатын болады. Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас спортзал құрылысы жүргізіледі. Тағысын тағы атқарылатын шаруалар шаш етектен.
Үстіміздегі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық, Б.Момышұлының 110 жылдық мерейтойларына да дайындық жүруде.
Аудан басшысы баяндама соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының бес бағытына арнайы тоқтала келіп, аудандағы жүйелі жұмыстардың әрі қарай да жалғасын табатынын жеткізді.
Баяндамашылардан кейін жарыссөз басталды.
Жарыссөзге Диқан ауылының тұрғыны Ерғали Тоғайбаев шықты. Ол аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беретінін айта келіп, ауыл тұрғындарының атынан ұсынысын жеткізді. Оның ұсынысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық күрежолының астыңғы жағында орналасқан шаруа қожалықтарының жерінен жем-шөп таситын көліктердің қатынауы өтетін арнайы өткелдің жоқтығынан қиындық тудырып отырғандықтан, осы мәселені шешіп беруін өтінді. Оған аудан басшысы жол халықаралық жол болғандақтан аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық қоғамдық кеңес тиісті орындарға ұсыныс жасайтынын жеткізді.
Екінші шыққан Қайрат ауылының тұрғыны Болат Елеуов ауданда ат спортын дамыту, «Жуалы Су» мекемесі суды уақытпен беретінін, яғни таңертең сағат 7-ден кейін беретіні тұрғындарға қолайсыз екендігі және жайылым мәселесін көтерді.
Бірінші сауалына аудан әкімі ат спортын дамыту мақсатында аудан орталығынан арнайы жер бөлінгенін, ендігі жерде тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Ал, су мәселесі бойынша «Жуалы Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаев ауылдағы су қоры аз болғандықтан, суды түнде жинау үшін өшіретінін, алдағы уақытта бұл мәселе бойынша жоспарға сай жұмыс істеліп, түбегейлі шешілетінін айтты.

Жайылым мәселесі бойынша Қуаныш Сүлейменқұлов та тілегін жеткізді.
Ауыл тұрғыны, аудандық Алқа билер кеңесінің төрағасы Аманжол Дүрәлиев ауылдық округтегі жастар ісінің нұсқаушысына жастар арасында көркемөнерпаздар үйірмесін құру, ашық пікірталас алаңын ашу сынды жұмыстарды ұйымдастыру қажеттігін айтты. Ол сонымен бірге аудан басшысынан Момыш бұлағына барар жолды жөндеуді өтінді.
«Ат спортын дамытсақ»
Бекітілген кесте бойынша келесі есеп беру жиналысы осы жұмыс құрамымен Мыңбұлақ ауылдық округінде өтті. Жиналысты ауылдық округтің әкімі Ғабит Үмбеталиев ашып, жүргізді. Бірінші учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Керімбаев есеп берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ауылдық округ әкімі Ғабит Ақылбекұлы жыл қорытындысына арналған баяндама жасады.
Округте ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үсітінде. Ауданда мал өсіруді дамыту аясында округте «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Елдар» ШҚ 570 бас аналық уақ мал, 29 бас асыл тұқымды қошқар алса, «Барыс» ШҚ «Құлан» бағдарламасы бойынша 32 бас жылқы алған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан «Игілік» бағдарламасы шеңберінде тоғыз ауыл тұрғыны 24 900,0 мың теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуда.
Округте кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша «Мадина» ЖК 3 млн теңге қайтарымсыз грант алып, ЛЕГО кірпішін шығаратын цех ашса, «Мырзатаева» ЖК 3 млн теңге грант ұтып алып, құрама жем шығаратын цех ашып, бүгінде өз кәсіптерін жүргізуде. Ал 34 тұрғын 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, мал, құс шаруашылығы және халыққа қызмет көрсету бағытында әртүрлі кәсіптерін ашып, өз жұмыстарын жүргізуде.
Ауыл әкімі мәдениет, спорт, автомобиль жолдары және құрылыс, санитарлық-тазалық, абаттандыру, т.б салалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы да 2019 жылы атқарылған жұмыстары туралы есептік баяндамасын оқыды және үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстармен де таныстырып өтті.
Жарыссөзге шыққан Бақыт Жұбаев пен Әзімхан Балданбаев ауылдық округ және аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Бақыт Жұбаев Көлбастау ауылындағы Ковешников көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарықтандырылса десе, Әзімхан Балданбаев Талапты ауылындағы Б.Момышұлы көшесінде жарықтың төмендігі, яғни электр жарығы май шамның жарығындай ғана жанатындығын және ауылдан жастарға күрес, бокс үйірмелері ашылса деген тілегін айтты.
Б.Жұбаевтың сұрағына аудан әкімі Н.Ергебеков Ковешников көшесін жөндеуге биылғы жылы 27 млн теңге бөлінгені туралы жауап берді.
Ал, жарық мәселесі туралы аудандық электр жарығын тарату мекемесінің маманы биылғы жылы Талапты ауылына қуатты трансформатор орнатылатынын айтты. Аудан басшысы спорт үйірмесін ашу мәселесін ауылдағы жағдайды зерлей келе шешуге болатынын жеткізді.
Жиында сонымен бірге ауданда ат спортын дамыту, ауыз су мәселесі, қаңғыбас иттерді ату, ағын су жайы туралы мәселелер қозғалды. Сұрақтарға тиісті сала басшылары жауап берді.
Аудан әкімі Н.Әбілқасымұлы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігі жайлы да сөз қозғап, ауылдықтарды еңбекқорлыққа шақырды.
-Бұрындары көктемде ауыл болып ұйымдасып, арықтарды тазалап, мұрап сайлап, өзара келісіп жұмыс істеуші еді. Қазір арықтардың барлығы ұйық басып кеткен, тіпті кей жерлерде арықтар жоқ болып кеткен. Жалқаулықтан арылуымыз керек. Жұмыс істегіміз келмесе, болашағымыз не болады?! Еңбек ер атандырады деген. Еңбек етейік, еңбек ауылды, елді гүлдендіреді,- деді аудан басшысы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close