Basty bet
Адал еңбек қана баянды бақытқа жеткізеді
Әр адам жетістікке, табысқа өзінің адал еңбегімен жете алады. Оны аға буын өкілдерінің еңбекқорлығынан, адал табыспен өз кәсібін ашып, жетістікке жетіп отырғанынан көруге болады. Ерінбеген адамға қашанда екі қолға бір күрек табылады. Қазіргі таңда қоғамда жұмысты талғап, оның жалақысын азсынып, бірден мол табысқа жетуді ойлайтын қате пікір қалыптасқан. Масылдық бойды жаулап, еріншектікке жол береді. Ал, мұндай жалқаулық пен масылдық бар да адам ешқашан табысқа кенеле алмайтыны анық.
Осы ретте, “Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе, жастар, маңдай терін төгіп жұмыс істегісі келмейді. “Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүргенді жөн көреді. Өйткені, олар “бізде адал еңбек бағаланбайды” деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін алаяқтар мен жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығып жатыр” деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы қоғам масылдықтан арылса, мұндай қате түсінік жойылатынын баса айтты.
Ал, біз бүгін алғашқы ел Тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бастап, өз жұмысын адал еңбекпен атқарып келе жатқан Керімбек Саяқов туралы әңгімелекпіз. Ол 1992 жылдан бастап “Бірлік” шаруа қожалығының жұмысын қолға алып, өз ісін шаруасы шалқыған іргелі қожалыққа айналдырып отыр.
Керімбек аға Қайрат ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, ұлттық тәрбиемен сусындаған. Әкесі Қартаңбай мен анасы Райкүл Саяқовтар колхозда ел қатарлы еңбек етіп, абыройлы зейнет демалысына шыққан. “Әке көрген оқ жонар” демекші, қарапайым ғана еңбек адамдарынан бала Керімбек адал тіршіліктің үлгі-өнесін алып өскен.
Ауылдағы Мыңбұлақ орта мектебін бітірген соң, Тараз технологиялық институтына инженер, химик-технолог мамандығына оқуға түседі. Екінші курс оқып жүрген сәтінде әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Челябинскі қаласында екі жыл Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтеп келеді. Әскер қатарында жүріп, әскери өмірге машықтанумен қатар, сол уақыттағы бағдарламаға сәйкес қосымша екі мамандықты игереді. Аман-есен елге оралып, оқуын қайта жалғап, тиісті маман иесі атанады.
-Біздің буын жоғары оқу орнын бітірген соң, елімізде аумалы-төкпелі заман орнап жатты. Алғашқы Тәуелсіздік алған жылдар. Сол тұста елімізде үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі. Сонда елімізде халыққа жер бөліп алып, өз алдарына шаруа қожалық ашуға болатындығы жайлы жарлық шығарылды. Мұны естіген соң тәуекелге бел буып, осы іске кірісуге шешім қабылдадым. “Бірлік” шаруа қожалығын құрып, мемлекеттік жер қорынан 74 гектар жер алдым. Маған Ақсайдың тастақты жері бұйырды.
Тәжірибеміз жоқ. Агрономдық құрылымды жақсы білмейміз. Техниканың да тілін жетік меңгермегенбіз. Істі неден бастарымызды білмедік. Бір сөзбен айтқанда, тастақ жерге егін егіп, одан өнім алу үшін қажырлы еңбек қажет болды.
Сондағы егістік жердегі тастарды қолмен жинап, тазалап шыққаным әлі есімде. Егістікке ерінбей жаяу барып, табанды тоздырған едік. Содан болар қиыншылықпен, еңбекпен келген табыс әрдайым жемісті болатынын жақсы білемін.
Алғашында егістікке бидай, арпа, мақсары себілді. Кейіннен сыпырғы да егіп көрдік. Техниканың тілін білмей, тастақ жерде жүреміз деп оны талай сындырып алған кезіміз болды. 10-15 жылдай осындай жерге дән сеуіп, өнім алып, шаруамды жүргіздім. Уақыт өте келе, егін шаруашылығының қыр-сырын жақсылап үйреніп, жұмысымыз алға өрлей бастады, – дейді Керімбек Қартаңбайұлы.
Шаруа азамат қазіргі жетістігіне оңай жолмен жеткен жоқ. Бір құлап барып, аяғынан қайта тұрды. Алғашқы сегіз жылдың еңбегі зая кетсе де, берілмей, қайта еңбектенуге талпынды. Нәтижесінде, бүгінде шаруа қожалықтың жер көлемі артқан. Шаруа Ақсай, Мыңбұлақ, Қарасаз, Шақпақ ауылдық округтерінде егістікке дән сеуіп, жыл сайын мол өнім жинап алады. Сонымен қатар, иелігінде төрт МТЗ маркалы тракторы, бір комбайн, екі шынжыр табанды трактор, КамАЗ, Газ-53 және одан басқа қосалқы ауыл шаруашылығы тіркемелерінің барлығы жеткілікті. Одан бөлек, ол шаруашылықта жергілікті үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
Биыл көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындық жасап, 60 гектарға мақсары, 60 гектарға арпа, 20 гектарға жоңышқа, бес гектарға картоп егіп, үш гектарға қырыққабат отырғызуды жоспарлауда. Қазіргі таңда алқаптарда уақтылы тыңайтқыштар себілуде. Егінмен бірге, яғни, бидай, арпада сұлы, кәріқыз секілді арамшөптерге қарсы гербицит шашылуда.
Оның үйінің ауласында бірнеше техника қаз-қатар тізіліп тұр. Ішінде лизинг жүйесімен алынған жаңа трактор да бар. Техникаларын дала жұмыстарына дайындау осы жерде жүргізіледі. Керімбек аға техниканың тілін жақсы меңгерген. Біреуді жалдап, техниканы жөндетуді білмейді. Қожалықтағы механизатормен бірге өзі егістікке техникасын сақадай-сай шығарады. Әрі оның ұқыптылығы мен тазалығын да техника бөлшектерінің қаз-қатар тізіліп, жиналып тұрғанынан байқауға болады. Бәрі өз орнында, жинақы күйде.
-“Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” демекші, адам өзі үшін еңбек ете білуі керек. Мен осы салада еңбек ете жүріп, мынандай сөзді әрдайым есімнен шығармаймын. Яғни, “жұмыс істесең де жұмыс істемесең де бәрі өзің үшін”. Қол қусырып, маған біреу жақсысын, мол табысын береді деп қарап отыруға болмайды. Мен бір сәт тыным тауып отыра алмаймын. Бар болмысым осы. Даладағы жұмысымды бітіріп, ертеңгі күнге қалдырмауды ойлаймын.
Қазіргі таңда адамдардың бойында масылдық, жалқаулық, еріншектік деген қасиеттер басым. Мемлекет береді, мен таза жерде жақсы айлық жалақы алып отырамын деген пікір бар. Бірақ, бұлай үйде жата беруге болмайды. Керісінше, кішкентай ғана нәрседен үлкен дүниеге қол жеткізуге болатынын ойлау керек.
Қожалықта талай жастар жұмыс істеді. Оларға әрдайым білгенімді үйретіп, кеңесімді айттым. Жігіт деген сегіз қырлы, бір сырлы болуы қажет. Оған бір өнерді, болмаса бір ғана мамандықты игеру аздық етеді. Біраз жастарды тәрбиеледім деп ойлаймын. Олармен егістіктегі атқарылатын жұмыстарды бірге атқардық. Жер жыртып, тегістеп, оның ерекшелігіне қарай егін ектік.
Әдайым алдымнан әжемнің “Біреудің еңбекақысын жеме, біреуді алдап кетпе, еңбек ет, ерінбе” деген сөздері жиі шығады. Бала күнімнен асыл әжемнің осындай тәрбиелік сөздерімен өскендіктен, адал еңбек етуді, біреуге қарап отырмауды өмірлік ұстаным ретінде ұстанып келемін. Әсіресе, біреудің еңбекақысын жеме дегені есімнен шықпайды. Сонымен қатар, өмірден түйгенім, еңбекпен тапқан нан тәтті, тек қана адал еңбек қана бақытқа жеткізеді, – дейді Керімбек аға.
Міне, отбасының қамын жасап, ауданның ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлес қосып отырған шаруаның адал еңбегі көпке үлгі. Ендеше, масылдыққа бой алдырмай, еңбек етуді ойлаған жөн.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»