Basty bet

«Бәрін айт, бірін айт та, лайықсың, Қазақтың қызы деген ғажап атқа!»

Жаңаталап ауылдық клубында мәдени мамандардың ұйымдастыруымен «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» атты қыз-келіншектермен сырласу кеші өтті. Іс-шараны Ақтолқын Бекболатова жүргізіп отырды. Клуб маманы өз сөзінде, бүгінгі ұлттық салт-дәстүріміздің қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстарын мұқият айтып өтті.
Қазіргі заманның ағымы қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән беруді талап етеді. Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы– әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі өнеге көрген қыз бала келін болғанда да сол әдетін сақтайды. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ата-бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қанша ой сыйғызған десеңші. Қазақ халқы «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың символы деп таныған.
Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындар қазақ қызына керемет суреттемелер мен теңеулер берген. Ауылдық клубта өткен сырласу кешіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Ришад Қуанышев, сүйемелдеуші Гүлнара Қашкеева, Ақтөбе ауылдық округінің аналар алқасының төрайымы Ынтықкүл Сәбденалиева, №26 Жаңаталап орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадина Нохаева, химия пәнінің мұғалімі Дариға Бүрісова және ауылдың қыз-келіншектері қатысты.
Іс-шараны ауылдық клубтың маманы Ақтолқын Бекболатова қортындылай келе, іс-шараға шақырылған қонақтарға тақырып аясында сұрақтар қойып, олар қыз тәрбиесінің ұлт тәрбиесі екендігі жөніндегі пікірлерін ортаға салып, өз ойларымен бөлісті.
«Бәрін айт, бірін айт та, лайықсың, Қазақтың қызы деген ғажап атқа»,- деп ақындар жырлағандай, қазақ қызы деген ғажап атқа лайық болу – әрбір бойжеткенге бұлжымас міндет.

Айгүл Айхожаева,
Жаңаталап ауылдық клубының үйірме жетекшісі

Таңдаулы материалдар

Close