Basty bet
мақсат – жеке кәсIпкерлIк бастамаларды ынталандыру
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы қойылып отырған басты мақсаты – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Оны орындау үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру – Қазақстан Республикасының азаматтарына қалада да, ауылда да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие алуына бар мүмкіндік жасалған.
Бүгінгі таңда Боралдай ауылдық округінде жұмыс істеп тұрған 294 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 2-еуі заңды тұлға болса, 246-ы шаруа қожалық, 46-ы жеке кәсіпкер. Оларда 361 адам жұмыспен қамтылған. Осы ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан 6 770 гектар егістік алқап игерілуде. Мал басында да өсім бар. Өткен жылмен салыстырғанда мал басы 15 пайызға артқан.
Округ әкімі Бауыржан Абдалиевтың айтуынша, қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарына округте 71 трактор, 16 комбайн, 27 соқа мен 12 дән сепкіш араласуда. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында округте өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизинг жүйесімен 10 ауыл шаруашылық техникасын сатып алған. Оның екеуі «МТЗ» маркалы трактор болса, сегізі ауыл шаруашылығы тіркемелері.
– Бүгінгі таңда бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру. Мемлекет басшысы Жолдауында айтылғандай, ауылда кәсіпкерлікке ден қойған азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде. Жалпы округтің даму жоспарына сәйкес былтыр бір жоба іске асырылып, бір адам тұрақты жұмыспен қамтылған болатын. Ол жобаны «Қуантай» шаруа қожалығы жүзеге асырып, 40 басқа арналған бордақылау алаңын салды. Бұдан бөлек, 30 бас тұратын сүт тауарлы фермасын ашып, қосымша екі адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыған. Биыл округте жалпы құны 27 миллион теңгені құрайтын төрт жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы жобалар аясында тұрақты бес жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар мал шаруашылығы бағытында жобалық құны 30 миллион теңгені құрайтын 50 басқа арналған екі сүт тауарлы фермасын ашу жоспарланып отыр. Бұл жобаны «Береке» мен «Мырзан» шаруа қожалықтары жүзеге асыруға ниетті, – дейді Бауыржан Нұрғалиұлы.
Округке инвестор тарту арқылы Көлтоған ауылының тумасы «БМК» акционерлік қоғамының директоры Свамбай Аринов 50 басқа арналған сүт тауарлы фермасын және шағын сүт өңдеу цехын ашпақ. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер ауыл маңынан қараусыз қалған ғимаратты сатып алып, құжаттарын реттеу үстінде. Жақында танкер орнатып, құрылыс жұмыстарын бастап кетпек. Ал «АгроОрдахан» шаруа қожалығы Көлтоған ауылындағы ескі «МТМ» ғимаратының орнынан 50 басқа арналған кіші сүт өңдеу цехын ашуды, мал азығын басу үшін жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуды және астық сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр.
Жол бойындағы сервистік қызметті жандандыруды көздеген ауыл тұрғыны Ертай ауылының жанынан жанар-жағармай құю бекетін ашпақ. Бүгінгі таңда кәсіпкер Бекзат Шалхарбаев эскиздік жобасын әзірлеп, аукционға қатыспақ. Ниеті таулы аймақта тұратын ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде «Аграрлық кредиттік коорпорация» АҚ облыстық филиалы арқылы жеңілдетілген алты пайызбен бес жеке кәсіпкер 21 миллион 800 мың теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуда. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа төрт жұмыссыз жас ие болған. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасының жеңілдіктерін пайдалана отырып, 4 кәсіпкер кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Ал шағын қаржы ұйымдарынан алты азамат неcие рәсімдеген.
-Үстіміздегі жылдың өнімі үшін 9 061 гектар егістік алқап игеріліп, бидай 1 150, арпа 2 750, мақсары 2 685, жоңышқа 210, бақша 10, картоп 25, жүгері 5 гектар алқапқа орналастырылды. Бұдан бөлек 2 226 гектар алқапқа орналастырылған мал азығы дақылдары бар. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг жүйесімен бес шаруа қожалық 5 «Беларусь 952.2» маркалы тракторын, екі шөптайлағыш ауыл шаруашылығы тіркемесін алды. Көктемгі дала жұмыстарына 275 тонна жеңілдетілген дизель отыны жеткізілді. Оның бір литрі белгіленген операторлар арқылы 206 теңгеден босатылды, – дейді округ әкімі.
Шаруалар мемлекеттен берілетін субсидияларды да уақтылы алып, жұмыстарын жүйелей түскен.
-«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында округте бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа Рысбек батыр ауылының кварталішілік газ құбырлары жүргізілді. Сөйтіп округке қарасты үш елдімекен табиғи газға қосылды. Республикалық бюджет есебінен бөлінген қаражат есебінен Рысбек батыр ауылы таза ауызсу жүйесіне қосылды. Қазір округке қарасты барлық елдімекенде таза ауызсу бар. Ертай ауылындағы 159 электр бағаны темірбетон бағандарына ауыстырылып, кабельдері жаңартылып, қуаттылығы жоғары трансформатор орнатылды. Көлтоған ауылындағы Б.Момышұлы, Рысбек батыр, Әмір және Сейділда көшелеріндегі 73 ескріген ағаш бағаналары темірбетон бағаналарымен ауыстырылып, электр сымдары жаңартылып, қуаттылығы жоғары трансформатор орнатылды.
Көлтоған ауылындағы Б.Момышұлы, Рысбек батыр, Әмір және Сейділда көшелері жарықтандырылды. Облыстық мәндегі Б.Момышұлы-Қошқарата бағытындағы 33-45 шақырымды құрайтын автомобиль жолының 6 шақырымы жөнделді. Аудандық бюджеті есебінен Көлтоған ауылындағы Рысбек батыр көшесі мен Әмір көшелеріндегі жалпы ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдар орта жөндеуден өтті. Рысбек батыр ауылында «250+» бағдарламасы аясында «Кселл» байланыс операторының «3G» байланыс желісі іске қосылып, интернет жылдамдығы арттырылды. «Асар» жобасы аясында бір үй салынды. Ертай ауылының тұрғындарының және ауылдан шыққан азаматтардың демеушілігімен «Құлбайымбет» мешітінің артында сыйымдылығы 100 адамға арналған астарату ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Рысбек батыр ауылындағы «Үрзада апа» ескі мешітінің орнына жаңа мешіт бой көтеріп, 50 адамға арналған асханасымен және халал дүкенімен бірге салынып, табиғи газға қосылды. «Жомарт түлек» жобасы аясында Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектептің 2002 және 2012 жылғы, сонымен қатар 1972 мен 2007 жылғы түлектері «Тұрыс баба» мешітінің біраз шаруасының шешімін табуына көмектері тиді.
Бұдан бөлек, демеушілердің көмегімен төрт үй және үш мешіт табиғи газға қосылса, асыраушысынан айырылған бір отбасына екі бас тана алып берді. Сондай-ақ, мереке күндері аз қамтылған көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттері таратылып әртүрлі көмектер тұрақты түрде берілуде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
“Жаңа өмір”