Basty bet
Округтегі оңды істер көңіл қуантады
Жуалы ауданындағы Көкбастау ауылдық округі іргелі округтердің бірі саналады. Аталған ауылдық округ 1993 жылы құрылған. Теріс ауылы округтің орталығы саналады. Округ Теріс, Бақалы, Көктөбе, Қосбөлтек ауылдарынан құралады. Ауылдық округтегі аула саны – 530 бірлікті құрайды. Тиісінше, тұрғындар саны 3 155 адам.
Ауылдық округтің жалпы ауданы 39 091 гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 21 555 гектар. Жайылым жер көлемі 12 406-ны құраса, жеке қосалқы шаруашылықтардың жері 109 гектарға тең. Мүйізді ірі қараның басы 3 545, жылқы саны 745, қой мен ешкі 14 350, құстар 5 951-ді құрайды. Ауылдық округ негізінен ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен округте «Көкбастау-17» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, мал бордақылаумен айналысуда. Аталған кооперативте 32 адам мүшелікте. Кооператив 113 400 000 мың теңге сомасына 548 ірі қара мал алып, ет өнімдерін арттыру мақсатында мал сою пунктін алуды жоспарлауда. Ет өнімдерін өткізуге келісімшарт жасалған. Өндірістік кооперативтің төрағасы Ахан Зейнуллин.
Ал «Боранды», «Ақ шағала», «Аңсар», «Ержан» шаруа қожалықтары аграрлық салада жұмыс жасап, аталған ұжымдарда бірқатар азаматтар еңбек етіп, нәпақаларын айырып отыр. Одан бөлек, кәсіпкерлік саласында «Арайлым», «Рашида», «Абихаев», «Мақпал» жеке кәсіпкерліктері дүкен бизнесімен айналысуда.
Өткен жылдың шілде айында Көктөбе ауылынан «Rahima» тігін ательесі ашылды және округ бойынша сегіз дүкен ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп, аудан экономикасын көтеруге де өз үлестерін қосып отыр. Халықты жұмыспен қамту маңызды мәселеге жататыны белгілі. Осы ретте округтегі 1383 тұрғын экономикалық белсенді халықтың санатына жатады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығаны 268. Округ әкімі аппараты қызметкерлерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Білім беру саласын алсақ, округте үш мектеп балаларға орта білім беру ісімен айналысады. Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте 255 оқушы оқитын болса, Көктөбедегі орта мектепте 350 бала білім алады. Ал Бақалы бастауыш мектебінде 31 бала бар. Округ тұрғындарын сумен қамту жайына тоқталсақ, Көктөбеде 946, Қосбөлтекте 697 адам орталықтандырылған ауыз су жүйесін пайдаланып отыр. Ал Табиғи газбен қамту үлесі бұл округте 100 пайызды құрайды.
Округте мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тоқталсақ, бірқатар азаматтар тұрақты жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналасып, Жастар практикасына бес жас азамат тартылған. «Бастау-бизнес» жобасымен төрт адам, кәсіби оқытуға бес адам жолданып, сертификаттарын алды. Көктөбе ауылынан жеке кәсіпкер Рахима Ізімбетова тігін цехын ашып, кәсіп ашуға берілетін қайтарымсыз 505 000 теңге грант қаражатына құжат тапсырды. Өткен жылы жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек туралы заңнамаға сәйкес, 164 аз қамтылған отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Тоғыз отбасыға біржолғы материалдық көмек тағайындалды.
Соңғы екі жылдың бедерін алып қарайтын болсақ, Көкбастау ауылдық округінде бірқатар оңды істердің атқарылғанын байқауға болатындай. Осы ретте ауылдық округтің әкімі Ержан Серкебаевтан атқарылған және алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың жайын сұраған едік.
– 2018 жылы облыстық мәндегі Әбілдабек, Бақалы-Сұрым-Бәйтерек тас жолына ағымдағы жөндеу, Теріс ауылындағы Бектеміс көшесіне 37 миллион теңгеге күрделі жөндеу, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Көктөбе ауылы Жамбыл көшесінің жолына құм-шағал төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті өзін-өзі басқару шотынан 357,37 мың теңге қаржы бөлініп, Көктөбе ауылы мен Қосбөлтек ауылының ортасындағы балалар мектепке қатынайтын сайға көпір орнатылды. Сонымен бірге Теріс өзенінен Нұрлыкент ауылына өтетін жаяу жүргіншілер жолына көпір орналастыру үшін 2544,8 мың теңге қарастырылып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ал 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, Бақалы ауылы тұрғындарының өтінішімен бақша суын реттеу мақсатында тоғандар мен арық-атыздар тазаланды. Теріс ауылында да Бектеміс каналын іске қосу үшін тиісті бөлімдермен канал құжаттары дайындалуда. Бұл жұмыстарға алдағы уақытта қаржы қарастырылатын болады. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен 38 миллион теңге қаржы бөлініп, Қосбөлтек ауылының О.Жапарқұл көшесін асфальттау жұмыстары жүргізілді.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Бақалы ауылындағы Қызыл Диқан көшесіне жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге, Теріс ауылына орталық ойын алаңын қоршау үшін және Бектеміс көшесінен Тәліп көшесіне өтетін жаяу жүргіншілер жолына сметалық құжаттар дайындалуда,- дейді Ержан Байұзақұлы.
Қай заманда, қай қоғамда болсын, жастар елдің болашағы саналады. Осы орайда көкбастаулық жастардың да ынтымақ-бірлігін айта кеткен жөн сияқты. Жастар жылы аясында Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының жастары бірлесіп, өмірден өтіп кеткен ата-бабаларға, құрбы-құрдастарының рухына арнап Құран оқытты. Мұндай игі істер ағымдағы жылы да өз жалғасын таппақ.
Бір қуантарлығы, өткен жылы Қөсбөлтек, Көктөбе және Теріс, Бақалы ауылдарының шекара тұсында екі бірдей Алла үйінің құрылыстары басталған болатын. Екі ауылдан салынып жатқан мешіттердің құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Жекелеген кәсіпкер азаматшалардың демеушілігімен салынып жатқан Көктөбе ауылдық мешітінде ішкі әрлеу жұмыстары қызу жүріп жатса, Бақалы ауылдық мешітінде де жұмыстар қарқынды. Округ аумағындағы Жылқышытөбеде жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары толық аяқталғанда ел тарихындағы елеулі оқиға болатынына сенімдіміз.
Өткен жылы Қосбөлтек ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медпункт салынып, пайдалануға берілді. Осы ауылда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен үнемделген қаражат есебінен Ә.Қойбақов көшесінің жарық шамдары LED шамдарға ауыстырылды. Қосбөлтек және Теріс ауылдарының маңынан тұрғын үй алабы ашылды. Атап айтқанда, алдағы уақытта Қосбөлтекте 59, Терісте 58 адамға тұрғын үй салу үшін жер учаскелері берілмек. Қазіргі таңда ауылдық округ әкімшілігі тарапынан 2015 жылдан бері жер учаскесін алуға кезекте тұрған тұрғындарды зерделеу жұмыстары басталды.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, Көкбастау ауылдық округінде атқарылып жатқан оңды істер мен өзгерістердің барлығы ең алдымен тұрғындардың ауызбірлігінің арқасында жүзеге асырылып жатыр деуге толық негіз бар. Аталған елдімекен алдағы жылдары да жаңғырып, жайнай беретініне сеніміміз мол…