Basty bet
Әлеуметтік желідегі қателерді қалай түзейміз?
Қазақ тілі – ғажап тіл. Ана тіліміздің ғажаптығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ана тіліміз – біздің байлығымыз, барымыз. Асыл байлығымызды қадірлеу – перзенттік парызымыз. «Ал, қазіргі таңда осы перзенттік парызымызды қаншалықты өтеудеміз? Тіліміздің мәртебесін қаншалықты көтерудеміз? Жалпы ана тіліміздің қадірін біліп жүрміз бе?» деген сауалдар кез келген тіл жанашырының көкейін мазалайтыны сөзсіз. 70 жылды арта қалдырып, кеңестік бұғаудан шығып, тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да тіл мәселесі неге шешімін таппай отырғаны бүгінгі күні мені де толғандырады.
Осыдан жүз жыл бұрын қазақтың қоғам қайраткерлері мен ойшылдары тіл тағдырын өз замандарында көтере білді және оның көсегесін көгертудің жолдарын көрсетіп кетті. Мәселен, Міржақып Дулатұлы босағада қалған қазақ тілін тозығы жеткен жыртық киімді, жүдеу өңді кейіпкерге теңесе, Мағжан Жұмабайұлы «Қазақ тілі» өлеңінде «Қыран құстың қос қанаты қырқылды» деп қоғамдағы тіл мәртебесін өткір сипаттайды. Ал, ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деп тайға таңба басқандай айтып кетті. Сондай-ақ, ақиық ақын Мұқағали «Қасиетін білсем ана тілдің, қауырсыны қалмады қанатымның» деп толғанады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Тұңғыш-Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ««Өз тілімізбен өмір сүрейік!» Бұдан артық қалай айтуға болады? Қажет десеңіздер, одан да оңайлатып айтайын: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!» деп тілімізді құрметтеуді дөп басып айтқан болатын. Бұл бастаманы қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғап, өзінің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты» деген сөзі баршамызға үлкен ой салды деп есептеймін. Ал, жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің 22 сәуірдегі жалпы отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекет пен қоғам қайраткері туған тіл өзімізге керек болмаса, жаттың жаны ауырмайтынын айтып сөз сөйледі. Сол күнгі депутаттық сауалдардың дені ресми тілде айтылғанына тоқталған Бекболат Қанайұлы ең болмаса ұлты қазақ депутаттардың сауалды мемлекеттік тілде айта алмағанына қынжылды. Жанайқайымен шырылдаған қоғам қайраткерінің бұл сөздері жерлесіміз Шерхан Мұртазаның «жыланда ғана екі тіл болады» дегенін еріксіз еске түсіреді.
Иә, шын мәнінде тілге өзіміздің жанымыз ашымаса, ешкімнің жаны ашымайды. Себебі, қазақ тілінің өз Отанынан дамитын өзге жері жоқ. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Тіл болмаса ұлт та болмайды. Қазақ болып жаратылғаннан кейін қазақ тілін құрметтей білуіміз керек. Ол үшін бойымызда тілге деген сүйіспеншілігіміз, патриоттық сезіміміз жоғары болуы қажет.
Бүгінгі менің айтқым келгені – әлеуметтік желідегі тіл мәселесі. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова «Әлеуметтік желідегі парақшаларда сауатсыз ақпарат көп. Қателер өріп жүр. Мұнымен біздің қаншалықты қазақ тілін білетіндігіміз көрініп отыр. Қағаздағы қатені өзгерткенмен, желідегіні өзгерте алмайсың. Себебі, оны бүкіл халық оқып, қате, сауатсыз ақпартпен танысты» деген сөзі ой салды. Бұл рас дүние. Әлеуметтік желідегі адамдар арасындағы бір-бірімен хат алмасуы көбінде қате жазылады. Кейде осылай қалыптасып кетеміз бе деп қорқамын. Мәселен, «Қал-жағдайым жақсы» деудің орнына «кал жагдайым жаксы» немесе «Каксың, неистепватсың, норм, мош, привет» деп шұбарлайды.
Осыдан кейін «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі бірқатар мекемелердің парақшаларына зерделеу жүргіздім. Ондағы ақпараттағы тіл сауатсыздығының куәсі болдым. Бірінші «Боралдай ауылдық» деген парақшаға кірдім. Парақшадағы атаудың өзі түсініксіз әрі сауатсыз. Қай мекеме? Әкімшілік пе, мәдениет үйі ма, клуб па? Атауының өзі осылай басталған парақшадағы «Мен батырдың ұрпағымын» деген тақырыптағы бейнероликке көзім түсті. Бейнеролик жақсы дайындалған, мағынасы бар. Алайда «Мақтан етемін Қаһарман батыр атамды» деген тақырыбының сауатсыз жазылғаны мені бейнероликті әрі қарай көруіме түрткі болды. Тақырыпты керісінше «Батыр атамды мақтан етемін!» деп жазса, әлде қайда дұрыс болар еді. Бейнероликтің соңына қарай «Атамды мақтан тұтам» деген сөз шыға келді. Бірден қазақ та тұтам деген сөздің «Біртұтам» деп бір қолымен сығымдап ұстағанда төрт бес еліге тең ұзындық өлшемі деген мағынаны білдіретіні еске түсті. Бұл өлшем тағы басқа да дәстүрлі өлшемдермен қатар қазақтың тіршілік қамы жүйесінің барлық салаларында қолданылды. Мысалы, қамшы сабының ұзындығы екі-үш тұтамнан кем болмау керек, ал, қамшының басы сабынан бір тұтамға ұзын жасалуы керек деген сияқты. Сонымен бұл тақырыпты да «Атамды мақтан тұтамын» деп жазғанда мағыналық жағынан дұрыс болады. Сондай-ақ, бейнероликті «Жеңіс күнімен!» деп аяқтай келе, орыс тілдегі логотипті қойып қояды. Қараңызшы, бір ғана бейнероликте қаншама қате жүр. Дәл осы парақшада «Біз батырдың ұрпағы» деген тақырып сайрап тұр. Бірақ, мұны «Біз батырдың ұрпағымыз» деп жазса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал, мына ақпаратқа назар аударайық «Боралдай ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және округкке қарасты ерікті жастардың қатысуымен тыл ардагерлерн құттықтап, естелік силықтар берілді». Бұл ақпаратты керісінше «Боралдай ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және елді мекендегі ерікті жастардың қатысуымен тыл ардагерлерін 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, естелік сыйлықтар табысталды» деп жазса, оқырманға түсінікті болатыны айдан анық.
Одан кейінгі «Терис ауылдық клубы Терис» деген парақша шықты. Парақшаның атауын керісінше «Теріс ауылдық клубы. Теріс ауылы» деп қазақ тілінде жазса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ал, аудандық орталық аурухананың парақшасы толық орыс тілінде «Жуалынская центральная районная больница» деп тайға таңба басқандай жарқырап тұр. Аурухана қызметкерлері әлеуметтік желідегі парақшасының атауын «Жуалы аудандық орталық аурухана» деп өзгертсе, ақ халатты абзал жандардың мемлекеттік тілге деген құрметі болар еді.
Сондай-ақ, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» Фейсбуктегі парақшасына жүктеген «Қысқа мерзімді курстар оқуға ниетті жастарды шақырамыз» атты жарнамасында тіл заңдылығы сақталмаған. Яғни, жарнамада тракторист, газосварчик деген орысша сөздер қолданылған. Жарнамада орыс тіліндегі терминдер тракторшы, газбен дәнеркерлеуші деп жазылуы керек еді. Осы парақшадағы «Қошқарата ауылы Номер 9 Абай орта мектебинин оқушысы М.А-ның (оқушының аты қысқартылып алынды) Ұлы Жеңісті 75-жылдығына арналған арнауы» деген ақпарат бар. Желідегі бұл ақпаратты «Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектептің оқушысы М.А-ның Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнауы» деп жазылғанын оқырман да құптары анық.
Сонымен қатар, Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері де тақырыпқа сай емес, мағынасыз ақпарат жүктеген. Ал, Қошқарата ауылдық округінің Фейсбуктегі парақшасындағы ақпараттар сауатсыз жазылып, желіге салынған.
Әлеуметтік желіде бұл мекемелерден өзге мекемелердің парақшаларында да ақпараттың сауатсыздығы көптеп кездеседі. Қысқасы, бүгінгі буынның дұрыс жазу, сөйлеу мәдениетінің төмендігі көрініп тұр. Ал, бұл мәдениет қалыптаспаса, тіл дамымайды. Ең өкініштісі мемлекеттік қызметкерлердің тілді жетік меңгермеуі өзекті өртеді.
Осы орайда, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетованың тіл маманы ретіндегі ой-пікірін білуді жөн санадым.
-Қазақ тілі – біздің мемлекеттік тіліміз, ана тіліміз. Мені ана тілімізге қатысты көптеген мәселелер мазалайды. Қазақ халқы намысшыл халықпыз. Біздің қазақ екенімізді, сөзге бай, шешен екенімізді ана тіліміз көрсетеді. Алайда ана тілімізге деген қандастарымыздың бойында жанашырлық төмен. Керісінше, салғырттық пен немқұрайдылық басым. Тілдің қадірін түсінбейтін жандар көп. Біздің бойымызда қазақи рухымыз, намысшылдығымыз, жігеріміз болмаса адам кейпіндегі қаңқа секілдіміз. Егер тілге зор сүйіспеншілік пен құрмет көрсетілмесе, тіл де сондай кейіпті кешеді.
Бүгінгі күні әлеуметтік желідегі тіл сауатсыздығы басты мәселенің біріне айналып отыр. Бұл мәселе дәл бүгінгі күні еліміздегі төтенше жағдай режімінің енгізілуі кезінде айқын көрініс табуда. Себебі, онлайн жүйеде жұмыс істеп жатқан қызметкерлер «әлеуметтік желіге ақпарат салынса болды» деген мақсатта өз бетінше ақпарат жүктеп жатыр. Ал, оның сауаттылығына кім жауап береді?! Әр сайтта тіл сауаттылығымен қатар, этика, эстетика сақталуы керек. Ең алдымен, мекеменің атауы дұрыс жазылуы қажет. Кейбір әлеуметтік желідегі мекемелердің атауы дұрыс көрсетілмеген. Одан бөлек, парақшаға жүктелген ақпараттардағы тілдің қолданысы, тіл сауаттылығы сақталмаған. Бір тақырыптағы әдемі дүниелері мәтініне сай емес. Жүктелген ақпарат қызметкерлердің қандай маман екендерін көрсетуде. Тіпті мәдениет қызметкерлерінің өзі де сауатсыз ақпарат жүктеп отырғаны мені қынжылтады.
Ауданда «Тілдерді оқыту орталығының» бөлімшесі бар екені белгілі. Орталықта мемлекеттік қызметкерлер, аудан тұрғындары мемлекеттік тілді үйренуіне толық жағдай жасалған. Алайда оқуға жазылған кейбір мекеме қызметкерлері немқұрайдылық танытып, оқыту орталығындағы сабақтарға келмейді. Жауапкершілікті сезінбейді. Ал, оның салдарынан тіліміз дамымай, сауатсыз әрі қате ақпараттар өріп жүр. «Жалғыз арбаның шаңы шықпас, жалғыз адамның үні шықпас» демекші, жалғыз менің жанайқайым көпшілікке жете бермейді. Ал егер кез келген мекемеде тіл мамандары болса немесе тіл жанаршылары болса бұл мәселе шешімін табар еді деп ойлаймын, – дейді аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова.
Бүгінгі мақаламыздың мақсаты – атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығару емес. Тек тіліміздің қолданыс аясының кеңеюіне, сауатсыздықтан арылуға және тілге деген құрметті қалыптастыруға үлес қосу. Біз сауатты жазып, сөйлеп, қазақ тілінің көсегесін көгерте алсақ, онда азаматтық парызымыздың орындалғаны болар еді. Олай болмаса, Міржақып Дулатұлының «Сөзіміздің сазды үні бұзылады, Тіліміздің тамыры үзіледі» деген сөзі дәл келері анық. Тілімізді ардақтайық, құрметтей білейік, ағайын!