Basty bet
Ескерткіш басына гүл шоқтары қойылды
Кеңес әскерлерінің қатысуымен алыстағы Ауған жерінде 10 жылға созылған соғыс қанқұйлы соғыстардың бірі ретінде тарихта қанды ізін қалдырды. Сол мақсатсыз соғысқа Кеңес Одағы құрамында болған Қазақстанның да азаматтары қатысты. Ресми деректерді сөйлетер болсақ, 22 мың 269 қазақстандық азамат Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысып, олардың 924-і жат жерде қаза тапты. Тағы 23-і хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Бір өкініштісі, бұл сұм соғыс өрімдей жастардың жүрегінде өшпес ізін қалдырды.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай аудан орталығында Ауған соғысы ардагерлері мен құрбандарына арналған ескерткішке аудан әкімі және аудандық мәслихат аппараттарының қызметкерлері, бірқатар мекеме, мектеп, еңбек ұжымдары гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарының рухына тағзым жасады. Шараға Ауған соғысы ардагерлерінің аудандық ұйымының мүшелері де қатысты. Ескерткіш басында ұйымдастырылған шағын митингте алғашқы сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Құрметті Ауған соғысының ардагерлері!
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күні. Бұл күн – біз үшін тарихи күн.
Ауған соғысы… Ол соғыс – қандай соғыс? Көздеген мүддесі не еді? Соғыс түпкі мақсатына жетті ме? Бұл сұрақтарға жауап табу қиын. Себебі, бұл – бір елдің ішкі саясатына басқа елдің араласуынан туындаған соғыс. Сіздер оған еріксіз куә болдыңыздар, қатыстыңыздар, талай боздақтарымыз құрбан болды. Құрбан болған асыл ерлеріміз тарих көшінде қалған саяси ойын мен тұрлаусыз мүдделердің құрбандары еді.
Бұл қырғынға 22 мыңнан астам қазақстандықтар аттанып, қанды майданның куәгерлері болды. Солардың 924-і Ауған жерінен оралмаса, 23 жауынгер хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Ауыр жарақат алып, елге мүгедек болып оралғандары қаншама?!
10 жылға созылған Ауған соғысының аяқталғанына биыл 31 жыл толып отыр. Яғни, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен шығарылды. Бұл күн – көңілде сыз, жүректе ізі қалдырған ауыр да азапты жылдарды ғана емес, сол кездегі ана сүті аузынан кетпеген құрбан болған бауырларымызды еске алар күн!
Бұл күн – тарихи күн, тағдырлы күн!
Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі барлық елмен бейбітшілікті және өзара тату көршілік ынтымақтастық қатынасты сақтау жолын ұстанған ел болып саналады. Еліміздің жасампаз саясаты Қазақстанда және бүкіл әлемде тыныштық пен өзара татулықты сақтауға бағытталған.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек, Сіздер, Ауған соғысының ардагерлері сол майдангер қарттарымыздың лайықты ізбасарлары ретінде жастарымыздың отаншылдық рухта тәрбиеленуі жолында, яғни мемлекет мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келесіздер.
Әрбір адамның қасиетті борышы – Отаны үшін аянбай еңбек еткен, жанын пида еткен азаматтарды мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрапаққа отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау екенін ешқашан ұмытпайық. Ардагерлерді ардақтау, ерлікке тағзым ету – асыл парызымыз.
Құрметті ардагерлер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға амандық, құт-береке, ынтымақ тілеймін. Кеуделеріңіздегі орден-медальдар ерлік пен батылдықтың белгісіндей, жас ұрпаққа қоңырау болып, сыңғырлап тұра берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы, Ауған соғысының ардагері Ерғали Тілеубеков жиналған қауымға игі тілегін білдіріп, жер бетінде бейбітшілік орнап, мұндай қанды соғыстардың болмауына тілектестік білдірді.
Митингтен соң аудан орталығындағы «Райхан» мейрамханасында ардагерлерге арнап ақ дастарқан жайылып, соғыс құрбандарының рухына Құран бағышталды.