Basty bet

Азат елдің айшықтары

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің мемлекеттігінің нышаны, тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің айғағы екені баршамызға белгілі. Әлемдік аренада кез келген мемлекет өзінің мемлекеттік символымен ерекшеленеді. Елімізде мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Гимн болып табылады. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңына сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Ал, тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы 1992 жылы қабылданды. Еліміз тәуелсіздікке аяқ басқан сәттен бастап төл рәміздері дүниеге келді. Соның бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы. Тудың авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Тудың ортасында шуақ шашқан күн мен көк түс бейбіт өмірдің, тыныштықтың, бірліктің, еркіндіктің нышаны іспетті. Ал, самғаған қыран құс ұлтымыздың арманының асқақтығын айқындаса, тудың сабындағы тік жолақты ұлттық өрнек қазақ халқының сан ғасырлық мәдениетінің, салт-дәстүрінің ұмыт болмайтынын білдіріп тұрғандай.
Ал, екінші мемлекеттік нышан Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары – белгілі суретшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Дөңгелек пішінді, көгілдір түсті етіп бейнеленген Елтаңбаның құрылымы да ерекше. Елдігімізді паш ететін, тарихымызды ұлықтайтын белгіде күн сәулесі жан-жағына шашып тұрғаны халқымыздың кеңпейілділігін, дарқандығын, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекетті көрсетеді. Ал, алтын қанатты пырақ тарихымыздың бастауы тереңде екенін білдірсе, бес бұрышты алтын жұлдыз бен «qazaqstan» жазуы Тәуелсіз қазақ елінің егемендігін паш етеді.
Әр мемлекеттің патриоттық рух, күш-жігер беретін әнұраны болатыны сөзсіз. Біздің мемлекеттік Әнұран алғашында 1992 жылы қабылданған болатын. Ал, 2006 жылы Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» әні таңдап алынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге Мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Сөйтіп, Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа Мемлекеттік Әнұранын бекітті.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекетіміздің мақтанышы, тәуелсіздігіміздің символы. Бұл белгілер арқылы кез келген мемлекеттің тарихын, өткенін, мәдениетін түсінуге болады. Сондай-ақ, әлемге қазақ елінің атын шығарып, жарыста жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар Туды көкте желбіретіп, Әнұранды зор мақтанышпен шырқап жүр. Еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстар қазақ халқының қонақжайлылығымен, бірлігімен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
«Менің Елім, менің жерім» деп Әнұранда шырқалғандай, өз елін, Отанын жан-тәнімен сүю – әр адамның азаматтық борышы болып қала бермек. Сондықтан да Мемлекеттік рәміздерді қадірлеуді, қастерлеуді әрқайсысымыз жете түсіне білуіміз басты міндет екені сөзсіз. Көк Туымыз мәңгі желбіреп, Әнұранымыз асқақтала орындалуы – Тәуелсіз Қазақ елінің мәңгі жасайтынына кепілдік бермек.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close