Basty bet
Көп жұмылып, баспанасын жөндеп берді
Асар – өте ертеден келе жатқан халқымыздың озық әдет-ғұрпы, көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрі. Яғни, көпшіліктің қатысуымен бірлесе, білек сыбана атқарылатын жұмыс. Асарлату салты адамдарды ынтымақ-бірлікке, ұйымшылдыққа бауырмалдыққа тәрбиелеп, еңбекке баулыған.
Асар – бірліктің көрінісі. Осы ретте, жамбылдықтардың бекем бірлігі мен ауызбіршілігінің көрінісі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасын іске асырылып жатқан «Асар» жобасында көрініс табуда. Өңір басшысының жобасы аясында ата дәстүріміз қайта жаңғырып, көмекке мұқтаж, көпбалалы отбасылар баспаналы болуда.
Ауданымызда бұл уақытқа дейін бес жанұяға баспана тарту етіліп, кілті табысталған болатын. Мұндай игі дәстүр жалғасын тауып, 1 қазан – Қарттар күні мерекесінде Жетітөбе ауылдық округі Қоңыртөбе ауылының тұрғыны, жалғызбасты әке Асан Абдрасилов та баспаналы болды.
Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаевтың айтуынша, Асан Қолғанатұлы жалғызбасты әке, екі перзенті бар екен. Тұрып жатқан баспанасы көптен жөндеу көрмегендіктен, әбден тозығы жеткен. Оны жөндеуге отбасының жағдайы көтермейді. Сондықтан жергілікті қоғамдастықтың жиналысында осы отбасының баспанасын бірінші кезекте жөндеп беруге бірауыздан шешім қабылданған. Көптің көмегімен қаражат та жиналып, бір ай бұрын құрылысшы жігіттер іске кірісті. Игілікті іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе отырып ауыл ақсақалдары, тұрғындар, жергілікті кәсіпкерлер және «Арай-Строй Маркет» ЖШС атсалысқан. Осылайша, үй тұрғындардың асарлатып соғуымен бір айға жуық жөнделген. Жөндеу жұмыстарына 1,5 млн-ға жуық қаржы жұмсалған. Алдағы уақытта ауыл жастары Абдрасиловтар жанұясының үйіне жиһаздарын алып беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қоңыртөбе ауылындағы Ириана Чукенованың үйі де күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген.
Жақсыны көрмекке. Ауыл ағайындарының ауызбіршілігінің, жаны жомарт жандардың қайырымдылығының арқасында біткен баспана Қарттар күні мерекесінде салтанатты түрде табыс етілді. Жиынға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев және ауылдық округтің ардақты ардагерлері, тұрғындары қатысты. Үйдің алды қызылды-жасылды шармен безендіріліп, ауыл адамдарының жүзінен қуаныш лебі еседі.
Игі істің басында аудан әкімі Нарбай Ергебеков болып, құттықтау сөз алды.
– Қадірменді тұрғындар! Бүгін күздің жайма-шуақ күнінде жақсы істің басында бас қосып отырмыз. Ең алғаш осындағы ардақты ардагерлерімізді, яғни, аға буын ағаларымыз бен ақжаулықты аналарымызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ұзақ ғұмыр жасауға Алла нәсіп етсін.
Ата-бабамыздан келе жатқан бірлік пен өзара көмек дәстүрі халқымыздың ең бір ізгі істердің бірі. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асар» жобасы іске асырылуда. Соның бірі бүгін Қоңыртөбе ауылындағы Асан Қолғанатұлының күрделі жөндеуден өткен үйі пайдалануға берілмекші. Жалпы аудандағы 14 ауылдық округте мұндай істер жалғасын табуда. Бұл уақытта дейін өзге де елді мекендерде баспана сыйланған жайы бар. Осындай бастаманы қоңыртөбеліктер жалғап, алтыншы жанұяға үй тарту етті.
Шығыс ойшылы Рудаки «Өмір – өзен, онда жүзем демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» дейді. Сондықтан да бүгінгі қайырымды, ізгілікті іс қай заманда да болған. Ауыл ағайындарының белсенді азаматтарының ерікті жастардың күшімен пайдалануға берілуде. Барлығына алғысымыз шексіз, – деп А.Абдрасиловтар жанұясына игі тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, жиында Жетітөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев сөз алып, осы отбасы баспаналы болуына жетекшілік етіп, қолдау көрсетіп отырған ел ағаларына алғысын білдірді.
Басқосуда үйдің лентасын аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы мен ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев қиды.
Ақ жаулықты аналар шашу шашып, жақсылық істі көруге ағайын да асықты. Ата-баба дәстүрі қайта жаңғырған мұндай игі іс пен қайырымдылық көп болғай.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»