Basty bet

«Біз – жұлдызды бишілер»

«Аягүл» бөбекжай-балабақшасындағы би мерекесі

Бақытын басқадан емес, баласынан, ұрпағынан іздеген халықпыз. Сондықтан бала тәрбиесі халықтың бұрыннан келе жатқан ең асыл құндылығы болып табылады. «Баланы – жастан» демекші, бала мен жас ұрпақтың тәрбиесіне, олардың жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан көбіне-көп көңіл бөлініп отырғаны да сондықтан. Жақында аудан орталығындағы «Аягүл» бөбекжай-балабақшасында ән және би жетекшісі, хореограф Жұлдыз Мәдімарованың ұйымдастыруымен «Біз жұлдызды бишілер» атты би кеші ұйымдастырылды.
Бұл шарада әрбір шаңыраққа әсем үнімен, ерке қылығымен бақыт сыйлап, әр отбасының базары мен ажары болған балғын бүлдіршіндер би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Шараның мақсаты – балалардың би өнеріне деген қызығушылықтарын арттырып, дамыту болып табылатынын айта кеткен жөн. Ертеңгілікте негізінен бөбекжай-балабақшаның кіші және ортаңғы топтары өнер көрсетті. Ең бірінші «Балапан» тобы бүлдіршіндерінің «Көңілді би» атты әсем биі тамашаланды.
Сондай-ақ, «Айналайын» тобының «Сағат», «Бәйтерек» тобының «Тәттілер биін», «Болашақ» тобының ару қыздарының орындауындағы «Құстар», «Болашақ» тобының жігіттерінің орындауындағы «Қырандар» билері өте тартымды болғанын айтқымыз келеді.
«Мың бұралып билеген,
Қазақ қызы мен болам.
Дәстүрімді дәріптеп,
Паш етемін, кең далам» демекші, келесі кезекте «Балапан» тобының «Торсық» биі, «Айналайын» тобының «Тышқан» биі, «Балапан» тобының биші қыздарының орындауындағы «Гүлдер» биі, «Болашақ» тобының «Тәуелсіз қазақ қызымын» атты әсем биі көңілдерден шығып, оны тамашалаушылар қол соғып, қошеметтеп отырды.
Қалың көпшілікке белгілі, былтыр пандемияға байланысты балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтап, осыған орай жоспардағы кейбір іс-шаралар да кейінге қалдырылғаны белгілі. Бұл іс-шара өткен жылды қорытындылауға арналған шара болғандықтан, бүлдіршіндердің би кешін «Аягүл» бөбекжай-балабақшасының әдіскері Гаукар Кемелова қорытындылап, бүлдіршіндердің көрсеткен өнерлерін жоғары бағалап, тәрбиешілер мен би және ән жетекшілеріне балаларды өнер-білімге баулуға бағытталған мұндай пайдалы шараларды әрі қарай жалғастыра беруге шақырды.
«Өнер талантты өсіреді» демекші, қазіргі таңда өнер мен білімді дамытуға мүмкіндіктер мол. Осы орайда аудандағы іргелі білім мен тәрбие ошағының бірі «Аягүл» бөбекжай-балабақшасында тәлім-тәрбие алып жатқан бүлдіршіндердің жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе.

Аружан ОРЫНШАЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің журналистика
мамандығының 4 курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close