Basty bet

Қоғамдық бақылаудың маңызы зор

Аптаның соңында ауданда облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов болды. Бағлан Жиенәліұлы ауданға іссапарын Б.Момышұлы ауылындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске асырылатын жобалармен танысудан бастады. Облыстық мәслихат хатшысы жобадағы жөнделетін 10 көшенің бірі Қонаев көшесіндегі жұмыстарды, Абай көшесіндегі жөндеу жұмыстарын және №15 мектеп-лицей ғимаратының қасбетіндегі жөндеу жұмыстарын көрді.

Одан кейін Б.Қарашолақов Қарасаз ауылдық округі Ақбастау ауылының Қойгелді көшесіндегі ауыз су құбырларының тартылу барысына қанықты. Құрылыс барысында бүгінгі күнге дейін төрт техника жұмыс істесе, қазіргі таңда екі техника жұмыс басында жүр. Округтегі жұмыстардың жайын аудан әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков түсіндірді.
Ауылда облыстық мәслихат хатшысымен кездесуге тұрғындар жиналып, көкейдегі сұрақтары мен тілектерін жеткізді.
-Биылғы жылы елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде біздің облыста да. Қомақты қаржы бөлініп, тұрғындарды таза ауыз сумен, табиғи газбен және сапалы жолмен қамтамасыз ету үшін бірқатар бағдарламалар аясында жобалар жасалып, жұмыс жүруде. Мұндай жобалардың Жуалы ауданында да іске асырылып жатқаны қуантарлық жағдай. Бұл игіліктерді тұрғындар талай жылдардан бері аңсап келеді. Сондықтан жұмыстардың уақтылы, әрі сапалы жүргізілуі үшін облыс деңгейінде жұмысшы топ құрылды. Біздің мақсатымыз – жүргізілген жұмысты бақылау, кем-кетік жерін түзеу, халықтың тілегіне құлақ асу. Осы мақсатта ауыл ішіндегі жасалып жатқан жұмыстарды сіз бен біз болып бақылауға алуымыз керек. Барлық заңдылықтар сақталып, жұмыс мерзімінде аяқталуы керек. Үкімет бөлінген қаржының тиімді игерілгенін талап етіп отыр,- деді өз сөзінде Бағлан Жиенәліұлы.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат хатшысы жобаға жауапты тұлғалар жұмыстың басынан әркез табылу қажеттігін баса айтты.
Кездесуде аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков үйге ауыз су кіргізу мәселесін қолға алуды, мердігер компаниялар тұрғындардың қауіпсіздігін естен шығармау қажеттігін айтып өтті.
Ақбастау ауылындағы ауыз су жүйесінің жұмысымен танысқан халық қалаулылары Жүрімбай ауылына, одан кейін Жетітөбе, Боралдай, Қошқарата ауылдық округтеріне атбасын бұрып, жоба жұмыстарымен танысып қайтты.
* * *
Ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» аясындағы 2020 жылы Жуалы ауданында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын қадағалау бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Оның төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов. Жұмысшы топ төртке бөлінген. Ауыз су жүйесіне жауапты екінші топтың жетекшісі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, мүшелері Керімқұл Бегалиев пен Күлбақыт Айтқұлова. Осы қоғамдық бақылаудың екінші жұмысшы тобының жетекшісі Е.Тілеубеков «Ауылым – алтын бесігім» Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданның тоғыз серпінді жобаның қатарына енген ауылдың бірі Боралдай ауылдық округіндегі жұмыстардың барысымен арнайы барып, танысып қайтқан болатын. Атап кетерлігі, биылғы жылы таулы аймақта орналасқан Ертай және Көлтоған, Қошқарата ауылдарының тұрғындары таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Алғашқы болып Ертай ауылына қайырылған Ерғали Өтемісұлы ауылдың кіреберісіндегі жұмыстардың барысын көрді. Одан кейін ауылішіндегі көшелерде қазылып жатқан ауыз су құбырларының орнымен танысты. Мұндағы жұмыстарды жүргізуші «IMPULSLTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің прорабы Пәрімбек Әйтетеев жобадағы бірқатар кемшіліктерді айтып өтті. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қазылған орларды уақтылы жауып кету керектігін баса айтты. Яғни, қазу жұмыстарының басында шұңқырға кішкентай бала түсіп кетіп, келеңсіз жағдай орын алғанын жеткізді.
-Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету – көптен күткен қуаныш. Сондықтан жобалаушы ұйымдардың жасаған жобасындағы кеткен кемшіліктер болса, дер кезінде ескерту керек. Оған өзгерістер енгізіп, халыққа сапалы аяқталған жұмыстың нәтижесін көрсетуіміз керек. Жұмыс аяқталған соң істелген дүниені қайта жасаудан гөрі қазір алдын алған әлдеқайда тиімді. Барлық аулаға су кіруі керек. Бәріміз бірлесе отырып жұмысты сапалы аяқтауымыз керек. Тағы бір айта кетерлігі, елімізде төтенше жағдай алынғанымен карантин режімі әлі аяқталған жоқ. Сол себепті, сақтық шаралары мен санитарлық талаптарды қатаң ұстанғандарыңыз жөн, – дей келе Ерғали Өтемісұлы ауылдық қауымдастықтың төрағасына жұмысты бақылауды назарға алу керектігін айтып өтті. Ел игілігі үшін жасалып жатқан істе ешқандай олқылық болмауын ескертті.
Ертай ауылының ауыз су жобасымен танысқан жұмысшы топтың жетекшісі мұндағы кемшіліктерді ескеріп, зерделеуге алатындығын жеткізді.
Одан кейін іссапар Көлтоған ауылында жалғасын тапты. Мұнда арықтарға су құбырлары тасталып, көміліп жатыр екен. «Ақмешіт мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты маманы Марат Асамбаев жұмыстың қызу жүріп жатқанын айтып, жұмысшылардың денінің саулығын назарға алып, санитариялық талаптарды қатаң ұстайтындарын жеткізді.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close