Basty bet
Қарасаздықтардың 80 проценті екпе салдырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында жаңа штамдардың бітпейтін толқындары коронавирустың біздің өмірімізге мықтап енгенін көрсететіндігі жайында пікір білдірді. Мемлекет басшысы халықтың денсаулығы мен амандығы үшін екпе алып, өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдау керектігін де баса айтты.
«Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал, кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар. Турасын айтсақ, бұл – әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы»,-деді Мемлекет басшысы. Президент азаматтар үшін қолжетімді вакцинаны, соның ішінде, халықаралық деңгейде мойындалған екпенің көлемін ұлғайту қажет екенін де айтты.
Осы ретте, пандемиядан еліміздің аман-есен шығуы үшін де баршамыз жауапкершілік танытуымыз керек. Жалпы бүгінгі күні аудан тұрғындарының вакцинаға деген көзқарасы өзгеріп, екпе қабылдауда. Кейбір елді мекендер белсенділік танытып, 100 процент екпе қабылдап та үлгерді. Мұндай ауызбіршілікпен Билікөл ауылдық округі алдыңғы қатарда тұрса, кәсіпкерлігі кең өріс алған Қарасаз ауылдық округі де көш бастап келеді. Мұнда ауыл тұрғындарының 80,1 проценті вакцинациялаудан өткен.
3200 тұрғыны бар елді мекендегі Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ақ халатты абзал жандары ел денсаулығының күзетінде. Денсаулық сақтау мекемесінде аға дәрігер Дастан Нарбаев, жалпы тәжірибелі дәрігер Рухани Абралиевамен бірге алты медбике, лаборант, күндізгі ем қабылдау бөлімінің мебдикесі және кіші медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Бір жедел жәрдем көлігі бар.
Үстіміздегі 13 шілдедегі мәлімет бойынша қарасаздықтар вакцинаның 1139 дозасын қабылдаған. Оның ішінде 664 доза Спутник-V, 213 доза HayatVax, 9 доза CoronaVac, 8 доза Kazcovidin вакцинасын салдырған. 912 тұрғын екпенің І кезеңінен өтсе, 590 адам екпенің толық кезеңінен өткен. Екпе салдыруға ауыл тұрғындарының ішінде 81 жастағы шыңбұлақтық Канал Құралбаев келіп, Спутник-V вакцинасын салдырып, өзгелерге үлгі болған.
-Ауылдық дәрігерлік амбулаторияға алты фельдшерлік акушерлік пункт қарайды. Оның ішінде, Қарасу, Көктас, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Жұрымбай ауылының тұрғындары медициналық көмекке жүгінеді, – дейді аға дәрігер Дастан Қазыбекұлы. – Біз 1691 ересек тұрғындар және балалардың денсаулығына жауаптымыз. Қазіргі таңда ауылдағы ағайынға екпе салу жұмыстары жүргізілуде. Вакцина күнделікті аудандық орталық ауруханадан тасымалданады.
Амбулаторияға тұрғындар екпе алуға өз еріктерімен келуде. Жастарымыздан бастап, қарияларымызға дейін белсенділік танытып, өзіне және жақындарына жауапкершілікті сезінуде. Екпе туралы алғашында түрлі қауесеттер, алып-қашпа әңгімелер көп болып, ел арасында сенбеушілік пен күдік басым болды. Кейіннен екпе алған адамдар өзгелерге одан кейінгі әсерлерімен бөлісіп, көп адамдар індеттен құтылудың жолы вакцинациялау екенін түсінді. Саналары, ой-пікірлері жақсы жаққа қарай өзгерді.
Біз де екпе алуға келген адамдардың денсаулығы бойынша мәліметтер, яғни қарсы көрсетілімдер мен қосымша сырқаттары, жалпы жағдайы сұрастырылады. Дене қызуы, қан қысымы, өкпесінің сатурациясы өлшенеді. Вакцина туралы, оның әсерлері жайлы жан-жақты айтылады. Одан кейін барып, міндетті түрде өзі қалаған екпе салынып, арнайы күту бөлмесінде 30 минут бақылауда болады. Екпе салу әлі де жалғасын табуда. Елді мекендерге де барып, ФАП-да вакцинациялау жүргізілуде.
Ауылдық округте наурыз, сәуір айларында жағдай ушығып, аудан бойынша ІІ орынға шығып кеткен болатынбыз. Ал, елді мекеннің бүгінгі эпидахуалы тұрақты. Індетті жұқтырып, ауруханада екі адам ем қабылдауда. Бір науқас дәрігерлердің бақылауында. Жағдайы жақсы. Күнделікті онымен хабарласып, науқастың денсаулығын сұрастырып отырмыз.
Біз үшін ең бастысы – халқымыздың денінің саулығы мен амандығы. Халқымыз талай қиын кезеңдер мен түрлі індетті бастан өткерген. Тарих қойнауына зер салатын болсақ, емі жоқ аурулар вакцина арқылы жойылып кеткен. Сондықтан ешқандай интернеттегі, ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерге сенбей, өзіңіз үшін, жақыныңыз үшін екпе қабылдау керек. Бұл індетті де мығым ынтымағымыз бен бірлігіміз, жауапкершілігіміз бен жанашырлығымыз алып шығады деп сенемін,- дейді аға дәрігер өз сөзінде.
Басым бөлігі жас мамандардан құралған ұжым бірлесіп, тұрғындардың денсаулығы үшін еңбек етуде. Дәрігерлік амбулаторияға ем іздеп келгендерге жылы шырай танытып, медициналық қызмет көрсетуде. Олардың тілеуі біреу ғана, ол – бүтін халықтың амандығы.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»