Basty bet

Білім мен тәрбие ошағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы барысында білім беру саласын да айналып өтпеді. Ол қашықтан білім беру үшін әлі нақты онлайн-платформа жасалмағанын сынады. Сондықтан, «Толыққанды білім үдерісі үшін қажетті барлық функциясы бар бір онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» екенін айтты. «Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деді ел Президенті.

Білім саласына көптеген өзгерістер әкелген коронавирус инфекциясы салдарынан қазіргі таңда білім беру процесі қашықтан және дәстүрлі форматта ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес білім беру ошақтарында оқу процесін ұйымдастыру шаралары қолға алына бастады. Аудандағы іргетасы бірнеше жыл бұрын қаланған мектептің бірі Құрыш Сыдығалиев басқаратын №15 мектеп-лицейінде де білім беру процесі қашықтан және дәстүрлі форматта өткізілуде.
Жалпы білім ошағы 2014 жылы типті ғимарат ретінде соғылып, 300 орындыққа шақталып ашылған. Мектеп оқушылар екі ауысыммен 24 оқу кабинеттерінде білім алады. Өткен жылы мектеп ғимаратының сыртқы жағына «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу жұмыстарын «АсауИнвестНик» мердігер компаниясы жүргізіп, жұмысты уақтысында аяқтаған.
Мұнда ұжымның құрамын 74 мұғалім, оның ішінде 71-і жоғары білімді болса, қалғаны орта арнаулы білімді педагогтар құрайды. Педагогтардың арасында педагог-зерттеуші, сарапшы, модератор, жоғары санатты, бірінші, екінші санатты ұстаздар бар. Жалпы мектепте 12 бастауыш сынып мұғалімі 1-4 кезекші сыныптарға, үш мұғалім үш топқа бөлінген мектеп алды даярлық тобындағы 45 балаға білім береді. Елімізде эпидахуалға байланысты даярлық тобының екеуі кезекші сыныптарға бөлінсе, ал бір топ қашықтан оқуда. Бастауыш сыныптарда 241 оқушы бар, оның бесеуі үйден оқытылады. Кезекшілік сыныптағы 236 оқушы 15 баладан 18 топқа бөлінген. Ал, 5-8 және 10 сынып оқушылары, яғни 261 бала қашықтан білім алуда. Мектептің биылғы түлектері саналатын 11 сыныпта 30 оқушы үш кезекші сыныпқа топтастырылған. Сонымен қатар, мектеп қабырғасына ІІІ тоқсан басталғалы бері оралған 9 сыныпта 38 оқушы үш топқа бөлініп білім алуда. Мектептің білім сапасы жарты жылдың қорытындысымен 78 процентті құрап отыр.
-Өткен жыл ел есінде аты жаман індеттің келуімен есте қалды. Мұғалімдер мен оқушылар қашықтан оқу жүйесіне көшіп, жаңа дүниені меңгеруге тырысты. Алғашында біршама қиындықтар кездесіп, түсінбеушіліктер болды. Уақыт өте келе, онлайн оқу жүйесін жақсы түсініп, кері байланыс орнату арқылы білім процесі тоқтамады. Қашықтан оқуда кейбір балаларға мектеп тарапынан 60 компьютер, моноблоктар берілді.
Қазіргі таңда мектепте санитарлық талаптарға сай дайындық жасалған. Мектепке кіреберісте дезинфекциялық туннель орнатылып, медбикелер балалардың қызуын өлшеп, тіркеу журналына жазып отырады. Дезинфекциялық кілемшелер, сыныптарда және дәлізде арақашықтық сақтау белгілері, сақтану жолдары ілінген, жәшіктер қойылған. Сабақ кестесі сатылай әзірленіп, қоңырау да сол жүйемен соғылуда. Оқушылардың және қызметкерлердің денсаулығын жіті бақылап отырады. Ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олар мектепке кіруге болмайтындығы ескерілген. Кезекші сыныптардағы балалардың ата-аналары өтініш жазған. Білім беру ошағына бейнебақылау орналастырылған. Сонымен қатар, мектепке кіреберісте қоғамдық бұрыш ашылып, тұрғындар egov.kz порталынан керекті анықтамаларын алуда, – дейді мектеп директоры Құрыш Сыдығалиев.
«Жас келсе, іске!» демекші, мектеп ұжымының дені жастарды құрайды. Жаңадан бой көтерген мектепте «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен бес маман жұмысқа орналасып, баспаналы болған. Жас мамандар мектептің білім сапасы мен тәрбие беру үдерісіне атсалысып, өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, мектептің өзге білім ошақтарынан ерекшелігі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ең алғашқылардың бірі болып ІТ-сыныптарының ашылуында.
Аталған сыныпты директордың электронды ақпараттық-технологиялар ісі жөніндегі орынбасары Нұрлыхан Мейірхан жүргізеді. ІТ-сыныптарда 10 компьютерге жоғары жылдамдықтағы интернет қосылған, қосымша 11 компьютер беріліп, роботтар, 3Д принтер алынған. ІТ-сыныбы негізгі үш бағытта, яғни, «Робототехника», бағдарламалау, «3Д моделдеу» бағыттарында 80-100 оқушыны қамтып, жұмыс істейді. ІТ-сыныптардың сабақтары онлайн форматта өтуде. Бұл уақытқа дейін жаңа техника мен технологияға жаны жақын оқушылар түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген жайы бар.
-Біздің алдағы міндетіміз балаларға сапалы білім беру. Осы жолда қандай қиындықтар кездессе де, мұғалімдер еш мойымай уақтылы сабақтарын беруде. Онлайн оқудың тиімді жолдарын қарастырып, жаңашылдыққа бет бұруда. Ұжымда жас мамандардың, оқушылардың спортқа, еңбекке бет бұруына аса мән беріледі. Сондықтан болар, мектептің жастары футболдан, волейболдан өткізілген түрлі спорттық жарыстардан жүлдесіз оралмайды. Олардың қатарында Әміржан Құлжабаев, Гүлшахиза Меркемал, Манап Жүсіп сынды жастарымыздың есімін атауға болады. Ал, осы жастарға бағыт-бағдар беруші ұзақ жылғы еңбек өтілі бар ұстаздар қауымы да жетерлік. Жастардың басын біріктіріп, жүйелі жұмыс пен сапалы білім беруге атсалысатын да осы аға буын өкілдері.
Білім беру процесінде негізгі жұмыстар «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тікелей байланысты. Бұл жұмыстардың белгіленген бағыттары бойынша жұмыс атқарылуын білікті мұғалімдердің бірі Мақпал Қосарова жүргізеді. Манабаева Фаризаның өлкетану бағытындағы жұмыстары көбінесе тарихи жерлерге саяхатты ұйымдастырумен түрлі шаралар өткізілді. Балалар туған жерінің тарихымен, табиғатымен таныса келе, көршілес орналасқан өңірлердің де тарихын біледі.
Мектеп «Vest video» жобасына атсалысып, облыстық деңгейде Алғысхатқа ие болды. Осы жобада «Туған елдің нар тұлғасы» атты тақырыпта Ботагөз Әбдіраймова мен Еркебұлан Әділбектің жетекшілігімен Тоғжан Тұрлыбек аудандық іріктеуден өтіп, облысқа жолдама алды. Сонымен қатар, бастауыш сынып мұғалімі Жанат Кенжеқараева сынып жетекшілердің педагогикалық біліктілігін анықтау мақсатында өткізілген ІІІ республикалық «Үздік сынып жетекшісі» олимпиадасының І орын жеңімпазы атанды.
Президент тапсырғандай, қандай жағдай болса да балалар уақтылы білім алу керектігін жақсы түсінеміз. Осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарып, балалардың денсаулығын қадағалай отырып, оқу процесі жүргізілуде. Алдағы уақытта биылғы жылы білім сапасын жақсартып, мектеп түлектері алдағы сынақтан сүрінбей өтетіне сенім білдіреміз. Ол үшін оқушыларға қосымша сабақтар өтіліп, сынама тесттер алынуда, – дейді мектеп директоры.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close