Basty bet
Бас дәрігер екпе салдырды
Халықты КВИ-ге қарсы жаппай вакциналау мақсатында ауданға 400 доза вакцина жеткізіліп, дәрігерлер мен мұғалімдерге егу шаралары жүргізілуде.
Бірінші кезеңдегі 200 доза вакцинаның 160-ы дәрігерлерге, ал қалған 40 дозасы педагогтарға салынуы қажет болса, алғашқы күні 110 адамға егілді. Екпе алғандардың 13-і мұғалімдер, қалғаны медицина қызметкерлері.
Жалпы вакцинациялау барысы мен екпе алушылардың вакцинациялаудан кейінгі жағдайы иммунолог және эпидемиолог дәрігерлер мен жансақтау бөлімінің мамандарының бақылауында. Олар екпе алуға келушілермен егілер алдында және одан кейін түсініктеме жұмысын жүргізіп, әрқайсысының денсаулығына, көңіл-күйіне жете мән беруде.
Екпе алғандар жарты сағат бойына тынығуға арналған бөлмеде болады.
Екінші күні КВИ-ге қарсы вакцина алғандардың қатарында аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева, орынбасары Нұрбай Ергебеков пен ота бөлімінің меңгерушісі Қалды Байрамов бар.
– Вакцина салғаннан кейінгі жағдайымыз қанағаттанарлық, ешқандай ауырсыну белгілері байқалған жоқ, өзімізді жақсы сезінеміз. Тұрғындардың өздері мен жақындарының саулығының кепілі вакцинада екенін ескеріп, вакцинациялаудан негізсіз себептермен бас тартпауға шақырамын, – дейді ауданның бас дәрігері Айгүл Қалдыбайқызы.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»