Basty bet

Тәуелсіздік – ең қымбат қазынамыз

Тәуелсіздік, Еркіндік, Азаттық, Бостандық. Осы төрт ауыз сөздің құдіреті қаншама?! Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Бабаның қанымен, ананың жасымен келді.
Ауыздықпен алысып, етігімен су кешкен ауыр күндерді бастан өткізді. Ұлан-байтақ елімізге көз салушылар көп болды. Қаннен қаперсіз жатқан елімізге жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. ХVІІІ ғасырдың басында дүрліккен ел, шұбыра қашып, «ақтабан шұбырынды» болды. Жұрт Алқакөлге аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады.
ХVII-ХIХ ғасырларда халқымыз еркіндік пен тәуелсіздігінен айырылды. Ұлан-ғайыр даламыз империя меншігіне айналды. Басында бостандық, еркіндік, теңдік болмаған соң 1932-33 жылдарда қолдан жасалған саясаттын кесірінен екі миллион халық аштықтан қырылып қалды.
1937 жылы халқымыздың бетке ұстар көзі ашық, көкірегі ояу елдің азаттығын аңсаған, біртуар азаматтарымыз жазықсыз жаланың құрбаны болып, ату жазасына кесілді.
Отыз жеті! Есік бұзар кез келді,
«Халық жауы!». Естімедік өзге үнді.
Бірінен соң бірі атылған боздақтар,
Тәуелсіздік күнді аңсаумен көз жұмды.
Еліміздің егемендігіне ең алғаш қадам жасаған Желтоқсан оқиғасы да тарихта ойып тұрып із қалдырды. Желтоқсанда жарқ еткен жастар қазаққа азаттық таңын сыйлағандай болды.
16 желтоқсан ғасырлар бойы күткен арман еткен еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні төбемізде тәуелсіздік туы желбіреді.
Тәуелсіз елді тек азат ойлы азаматтар құрады. Еркін елдің ертеңі қандай болатыны біздің әрқайсымыздың іс-әрекеттерімізге байланысты. Тәуелсіздік сияқты киелі ұғымды сезінудің бір өлшемі – азаттық, еркіндік. Тәуелсіздік – Алланың сол азат елде тұратын әр адамға берген баға жетпес бақыты. Сол бақытты әрқайсысы жан жүрегімен сезініп, жанын пида ете отырып қорғауы тиіс. Қазіргі таңда біздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендігіміздің туы аспанға желбіреп, ана тіліміз мемлекеттік тілге айналды.
Бүгінгі күні елімізде қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман деп мақтанышпен айта аламыз. Қазіргі таңда Қазақстан өркениетті, дамыған елдер қатарына енген мемлекет. Еліміз тәуелсіз, дербес ел атанды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып әл-қуатымыз артуда. Елімізде ынтымағы жарасқан көптеген ұлттың өкілдері тұрады.
Елімізді бұдан да биіктен көрсету ұрпақтың, қазақ ұландарының қолында деп есептеймін.

Гүлзинат Жартыбаева,
№18 М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close