Basty bet

Ұлттық аспап – ұлтымыздың жаны

Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың қорғаны, келешегіміздің кемел болу жолында сәулесін шашып, құлдырап кетуден сақтап тұратын мәңгілік шамшырағымыз.

Осы ретте, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мынадай құдіретті сөз бар: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Бұл сөздерімен Елбасы қазақтың тілі мен музыкасы, әдебиеті мен жоралғы-салты ұлт жадынан мәңгі сөнбеуін халыққа өсиет ете отырып, бабамыздан қалған асыл мұра – домбырада екенін көрегендікпен жеткізді.
Ауданымызда ұлттық аспапты дәріптеуші, оны өскелең ұрпаққа үйретуші жандар баршылық. Оның бірі №1 Балалар өнер мектебінінің домбыра сыныбының мұғалімі, саз бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Қуанышева ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерді насихаттаушы ретінде еңбек етіп келеді.
Қарлығаш Сәрсенбайқызы – Талас ауданы Ақкөл ауылының тумасы. Ол осындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектепте оқып жүріп ауылдағы музыкалық мектепте қосымша музыкалық білім алады. Музыкалық білімін жалғастыру үшін 1995 жылы Жамбыл орталық мәдениет және өнер колледжіне оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолы 2002 жылы Қаратау қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып басталады. Одан кейін Жуалы аудандық «Достық» мәдениет үйінде домбырашы болып жұмысқа орналасып, фольклорлық ансамбльде өнер көрсетеді. 2009 жылдан бастап №1 өнер мектебіндегі домбыра сыныбына мұғалім болып ауысып, осы күнге дейін осында жұмыс істеп келеді. Еңбек ете жүріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны музыкалық білім мамандығы бойынша тамамдайды.
-Әкем Сәрсенбай колхозда еңбек еткен. Комбайыншы болған. Ал, анам Алмаш есепші қызметін атқарды. Менің музыкалық білім алуыма бірден-бір себепкер анам болды. Өнерге жақын болғанымды қалады. Қолымнан жетектеп, ауылдағы музыкалық мектепке берді. Басында балалықпен оқығым келмей, уақыт өте келе қызығушылығым артып, домбыра аспабын меңгеріп шықтым. Мектепті 9 сыныпты бітірген соң, алған білімім еш кетпесін деп осы салада оқуымды жалғастырдым. Анамның арқасында өнер саласына келіп, бүгінгі күнге дейін еңбек етудемін. Өмірлік ұстазым – Айжан Томынова. Осы кісінің арқасында домбыраны үйрендім.
Ұлттық аспап – ұлтымыздың жаны. Ұлтымыздың мәңгі жасауы да ұлттық құндылығымызда. Осы мақсатта, өнер мектебінде өскелең ұрпақтың бойына ұлттық өнерді сіңіріп, домбыра аспабын үйретудеміз. Домбыраны меңгерген бала да өзгеше болады. Өнерлі адам жаман әдеттен аулақ, мәдениетке жақын келеді. Бала бойындағы қызығушылығына қарай домбыраны меңгеріп, түрлі шығармаларды орындай алады.
Әр баламен жеке жұмыс жасаймыз. Бекітілген кестеге сәйкес, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырамыз. Алдымызға келген балаға берген білімізді жақсы меңгеріп, нәтиже көрсетсе біздің басты жетістігіміз саналады.
Домбыра сыныбында үш жоғарғы санатты мұғалім жұмыс істейді. Домбырашылар ауданның қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады. Түрлі іс-шараларда көпшілікке күмбірлетіп күй шертіп, ұлттық өнермен сусындатады.
Домбыра сыныбына 3 сыныптан бастап қабылданады. Музыкалық білім беріледі. Бес жыл оқып, мектепті тамамдағаны туралы куәлік тапсырылады. Мына аты жаман індетке байланысты наурыз айынан бастап, онлайн форматта жұмыс істедік. Онлайн форматта оқушылармен байланысқа түсу қиындық туғызды. Ал, қазіргі таңда ата-аналардың келісімімен барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта сыныптың жұмысы жүруде. Себебі, бізге ең тиімдісі осы. Баланың көз алдымызда үйрету арқылы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Шәкірттерім онлайн байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Оның бірі №1 мектеп-гимназияның оқушысы Азамат Амангелдиев онлайн-байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Жарыстарға оркестр болып та қатысып жүрген кезіміз болды, – дейді Қарлығаш Сәрсенбайқызы.
Ұстаз шәкіртімен құнды. Домбырашыдан Мадина Серікбай, Еркін Үсенбек, Алина Кален, Қазына Керімбаева, Айдын Үсенбек тағы да басқа шәкірттері ұлттық аспапты үйренуде. Қарлығаш Сәрсенбайқызы шәкірттері алған білімін, үйренген аспаптарын өмірлерінде қолдана алса, әрі қарай жалғастырса, биік шыңға жетсе еңбектерінің еш кетпегені деп біледі. Алға қойған мақсаты да осы ұлттық өнерді келешек ұрпақ бойына сіңіріп, домбыра аспабының құндылығын жоғалтпауға атсалысумен ұштасады. Тәртіп пен талапты, жауапкершілік пен тәрбиені, сапалы дүниені өмірлік ұстанымы ретінде ұстанады.
– Домбыра сыныбына келген оқушыларға ең бірінші ұлттық аспаптың тарихы айтылады. Домбыраның шығу тарихына қарй ел аузынан түрлі аңыз-әңгімелер жеткені. Оның алғашқысы мына аңызбен басталады. Бір күні аңшы таудың басына шығып, киік атуға шығады. Аңшы көздеген аңын атып алады. Атылған киіктің ауырлығы соншалықты көтере алмай қалады. Еттерін бөлек алып, оның шектерін тауға тастап кетуді ұйғарады. Осылайша олжалы болған аңшы ауылына оралады. Аңшы бір-екі айдан кейін сол жерге қайта оралса, таудың басынан ызыңдаған дауыс шығады. Бұл не дауыс екен деп тау басына шықса, өзі тастап кеткен аңының ішектері қатты желден екі бұтақтың басына ілініп қалған екен. Аңшы бұл дауысты естіп, ойлана келе, бұл ішектен бір дүние жасайын деп үйіне келіп, домбыра жасапты деген аңыз бар.
Сонымен қатар, бізге байдың баласы аңға шығып, жайылып жүрген құланды атады деп басталатын аңыз жеткен. Аңызда аңшы аңшылық жасап жүріп бірінші құланның үлкенін атпақшы болып, байқаусыздан баласын атып жібереді. Ана құлан баласының өлімін көріп, шыдай алмай аңшыға қарсы шығады. Құлан аңшымен алысып, байдың баласы мерт болады. Бай баласын іздестіріп, тапқан адамның көмейіне қорғасын құямын дейді. Негізінен домбыра бес-алты ішекті болған. Осы кезде бай баласының өлімін жолдан тауып алып келген адам домбырамен жеткізіп, домбыраға қорғасын құйылып, шектері үзіліп, екі шекті болып қалған деген де кездеседі.
Бұрындары домбыра жасау үшін көбінесе ешкі малының ішектерін пайдаланған екен. Ешкінің ішегі қойдың ішегінен шыдамды болады. Кейіннен осындай шикі заттардың қоспасын қосып, қазіргі домбыраның шектерін жасаған. Қазіргі таңда да төрт-бес айда шектерін ауыстырып тұру қажет. Себебі, домбырада көп күй тартып, шертілген соң шектері созылып, даусы да дұрыс шықпай қалады.
Одан кейін балаларға домбыраның құрылысын таныстырып өтеміз. Көбісі домбыраның сұлбасын білгенімен оның толық детальдарын біле бермейді. Домбыраның құрылысын таныстырып, ұлттық аспап туралы мәліметтермен бөлісеміз.
Домбыра сыныбында балалармен бірге Құрманғазының «Адай», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», А.Еңсеповтың «Әке толғауы» күйлерін, орыс халқының ұлттық шығармаларын, «Кеңес», «Келіншек», «Жастар биі», «Сал-күрең», Абайдың бір ғана күйі «Торы жорға», Т.Момбековтің «Салтанат», Тәттімбеттің «Қосбасар» сынды қысқаша күйлерін домбырада оқушылармен бірге ойнаймыз, -дейді ол сөзінде.
Домбырашы түрлі байқауларға шәкіртін дайындағаны үшін марапаттарға ие болған. Оның «Дарабоз» ІІ, ІІІ республикалық, облыстық «Атадан қалған мұрамыз» атты жыр-терме және күй орындаушылар байқауларына үздік шәкірт дайындағаны үшін Алғысхаттармен, білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан үлесі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталып, «Ұлағатты ұстаз» республикалық оқытушылар сайысында І орынға ие болған.
Домбырашы Қарлығаш Сәрсенбайқызы өмірлік серігі Ғани Қуанышев екеуі төрт ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеуде. Тұңғыштары Мұрат аудандық газ шаруашылығында жұмыс істейді. Келіндері Назерке – медбике. Қазіргі таңда Ерлен, Сезім есімді бүлдіршіндерді өмірге әкеліп, бала тәрбиесіндегі ана атанып отыр. Екінші ұлдары Нұрхат Жезқазған университетінде ІІІ курста оқиды. Ұлдары Ринат, Саят №1 мектеп-гимназияның 9 және 7 сынып оқушылары.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close