Basty bet

Тәлімдік дайджест

Адамдарға шын көңілмен ниет танытыңыз

Қарапайым нәрсе телефонмен сөйлескенде де осыны қолданыңыз. «Алло» деген сөздің өзін дәл сол адамның телефон соққанына шын ниетпен қуанғандай етіп айтыңыз. Телефон компаниялары өзінің қызметкер қыздарын «Мархабат, Сізге қандай нөмір керек?» деген сөздің өзін «Қайырлы таң, мен сізге қызмет еткеніме бақыттымын» дегенді білдіретін көтеріңкі көңілмен айтуға үйретеді. Алдағы уақытта шырылдаған телефонға жақындағанда осыны естен шығармаңыз.
Бұл ережені іскерлік қарым-қатынас кезінде қолдануға болады ма? Сіз қалай ойлайсыз? Мен осыған дәлел ретінде бірнеше мысалдар келтірейін.
Нью-Йорктегі бір аса ірі банктің қызметкері Чарлз Р.Уолтерске бір корпорация туралы құпия баяндама жасау тапсырылған болатын. Уолтерс өзіне қажетті мәліметтерден толық хабардар бір адамды – яғни сол корпорацияның төрағасын білетін-ді. Бірде оған арнайы барған Уолтерс оның кабинетіне кіре берісте, хатшы әйелдің оған бүгін ешқандай да марка болмағандығын айтып жатқанын құлағының ұшымен естіп қалады.
Уолтерске ол: «Мен өзімнің он екі жасар балам үшін марка жинайтын едім» деп түсіндіреді.
Уолтерс келген шаруасын баяндап, оған сұрақтар қоя бастайды. Ал төраға болса қойылған сұрақтарды құлықсыз тыңдап, оларға толық жауап та бермейді. Тіпті сөйлескісі келмеген сыңай танытады. Мұнан соң әңгіме де аяқталып, Уолтерс онымен қоштасып шығып кетеді.
Уолтерс бұл жай туралы менің лекцияларымды тыңдаушылардың арасында айтып берген болатын. Соңғы әрекеті туралы былай деді: «Мен не істерімді білмедім, сол екі ортада хатшы әйелдің марка туралы айтқаны, оның он екі жасар баласы есіме түсті.
Ертеңгісін мен төрағаның қабылдау бөлмесіне кірдім де, оның хатшысына менде төрағаның баласына бере алатын бірнеше маркалар барын айтуды өтіндім. Бұдан соң мені салтанатты түрде оның бөлмесіне кіргізді. Жүзіне күлкі үйіріліп, мені қуана қарсы алған ол қолымды қатты-қатты қысып, қайта-қайта рақмет айтты. Біз жарты сағат бойы маркалар туралы әңгімелестік, баласының суреттерін қарадық. Мұнан кейін мен сұрамастан-ақ, оның өзі кешегі мені қызықтырған мәселелерді бір сағаттан көп уақыт әңгімелеп берді. Барлық білетіндерін айтты, одан соң қол астындағыларды шақырып, олардан да сұрады. Тіпті ол өзінің кейбір әріптестеріне де телефон шалып, маған қажетті мәліметтерді, сан мөлшерлерін, хаттарды тауып берді. Газет тілімен айтқанда, мен сенсациялық табысқа жеттім».
(Дейл Карнеги)
Біздің халқымызда да: «Қалауын тапсаң, қар жанар», «Ісім өнсін десең, ретін тап» деген сөз бар емес пе? Жоғарыдағы мысалдарды кейбір жандар жағымпаздық, пәре беру деп ойлайтын да шығар. Ал шындығында ол – адамның көңілін табу, қуанта білу. Мұндай әрекет – адамгершіліктің, кісіліктің белгісі. Күле білмеген адамға дүкен ашудың қажеті жоқ.
(Қытай мақалы)

Адамдарға жақсы әсер қалдырыңыз

Нью-Йорктегі үлкен әмбебап дүкеннің қызметкерлерді жұмысқа қабылдау бөлімінің меңгерушісі өз сөзінде жұмысқа адам қабылдағанда философия ғылымдарының докторы секілді бет-әлпетінде лауазымдық кекіреюі бар адамды сатушылыққа қабылдағанша, бастауыш мектепті толық аяқтамаған, бірақ, жүзінде адамды өзіне тартар күлкісі бар қарапайым қызды қабылдайтындығын атап өтті.
Егер сізбен араласқан адамдар сізді көргенде қуаныш сезімге бөленсін десеңіз, алдымен сіз өзіңіз олармен араласқаныңызға қуанышты болыңыз.
Күлу сіздің қолыңыздан келмей ме? Онда не істеу керек? Оның екі жолы бар. Бірі – өзіңізді зорлап болса да, күлімсіреуге тырыстырыңыз. Егер қасыңызда ешкім болмаса, ысқырып көріңіз немесе жайлап ыңылдап ән айтуға тырысыңыз, өзіңізді бақытты сезінген сияқты іс-әрекет жасасаңыз, бұл өзіңіздің көңіл-күйіңіздің көтерілуіне септігін тигізеді. Бұл тұрғыда Гарвард университетінің профессоры, марқұм Уильям Джеймс былай деген болатын: «Негізінде адамның іс-әрекеті оның көңіл-күйіне қарай қалыптасады деп саналады, бірақ шын мәнінде оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Біз ерік күшіміз арқылы іс-әрекетімізді реттейміз деп жүріп, байқамай көңіл-күйімізді де бұрып қоюымыз мүмкін.
Егер көңіл-күйіміз бұзылса, ерік күші арқылы көтеріңкі көңіл-күйге қол жеткізудің тиімді әдісі – өзіңізді сергітіңіз де, барлық уақытта жаныңыз жадырап жүрген адам секілді сөйлеуге тырысыңыз».
Жер бетіндегі барлық адам өз бақытын тапқысы келеді, оның бірден-бір жолы бар. Оған қол жеткізуіңіз үшін сіз алдымен өз ойларыңызды тізгіндеп ұстауды үйренуіңіз қажет. Бақытқа қол жеткізу үшін сыртқы жағдайлардың болуы шарт емес. Мәселе – адамның ішкі жан-дүниесінде.

Өз ойларыңызды тізгіндеп ұстаңыз

Бірде Эйб Линкольн: «Адамдардың көпшілігі қанша бақытты болғысы келсе, сонша бақытты» деп айтқан. Оның бұл сөзі рас. Мен бұл сөздің рас екендігіне мынадай мысал келтіре кетейін. Бірде мен Нью-Йорктегі метроның бірінде баспалдақпен көтеріліп келе жатқанымда, алдымда қолдарында балдақтары мен таяқтары бар, тіпті біреуін зембілге салып алған, шамамен отыз-қырықтай балалар баспалдақпен шаршай көтеріліп келе жатты. Мені таң қалдырған бір жай – қанша қиналып шығып келе жатқандарымен, олардың жүздерінде күлкі ойнап, дауыстары қуанышты естіледі. Мен бұл туралы оларды алып келе жатқан адамға айттым. «Таңдануыңыз орынды, – деді ол, бала алғашқыда өзінің өмір бойы кәріпшілік көріп, мүгедек болатындығын сезінген кезде қатты қайғырып, қорқады. Уақыт өте келе бұл жағдайға бірте-бірте бейімделеді де, тағдырына мойын ұсынады. Келе-келе аман-сау жүрген балаларға қарағанда бақыттырақ бола бастайды».
Мен осы балалар алдында басымды игім келеді. Себебі, олардың әрекеті маған ұмытылмастай өмірлік сабақ болды.
Элберт Хаббарлтың мынадай дана сөздерін мұқият оқып шығыңыз, бірақ бір рет оқып шығу – оны өмірде қолданбаса ешқандай нәтиже бермейтіндігін жадыңыздан шығармаңыз.
«Күнде таңертең, сіз үйден шыққанда иегіңізді көтеріп, басыңызды тік ұстаңыз, таза ауаны терең сіміре жұтыңыз; күн сәулесін ашыққан адамдай бойыңызға көптеп сіңіріңіз; өз достарыңызды күлімсіреп қарсы алып, шын ниетпен қол алысып амандасыңыз. Сізді дұрыс түсінбей қалады деп шүбәланбаңыз және өзіңіздің қас дұшпандарыңыз туралы бір минут те ойламаңыз. Алдымен не істейтіндігіңізді ақылмен ойластыруға тырысыңыз да, содан соң жайлап ойлаған мақсатыңызға қарай қадам басыңыз. Алдағы атқармақ болған үлкен істеріңіз туралы ғана ойлаңыз, уақыт өте келе сіз өзіңіздің алға қойған мақсатыңызды орындауға жағдай жасайтын қандай да болмасын мүмкіндіктерге еріксіз қол созғаныңызды байқайсыз. Ойлау арқылы көз алдыңызға өзіңіз ұқсағыңыз келетін, дәлірек айтқанда, тап сондай болғыңыз келетін алдыңғы қатарда жүрген дарынды адамды елестетіңіз, сонда сіз ойша сол адамға айналасыз. Ойлай білу – ұлы күш. Рухани қалпыңызды сақтаңыз – қайраттаныңыз, көтеріңкі көңіл-күйде болыңыз. Дұрыс ойлай білу – көп нәрсеге қол жеткізу. Шын жүрекпен қалаған нәрсені дұрыс ойлай білу арқылы қол жеткізуге болады. Сондықтан, иегіңізді көтеріңкі, басыңызды тік ұстаңыз. Осылай етсек, қай-қайсымыз болмасын, жаман адам болмаймыз».

Жақсы әңгімелесуші адам болудың жеңіл тәсілі

Іскерлік пікірлесуде табысқа жетудің сыры неде? Ғалым Чарлз У.Элиоттың айтуы бойынша «іскерлік қарым-қатынаста табысқа жетудің еш құпиясы жоқ.
Мұндағы ең басты мәселе – қарсы алдыңызда сізбен сөйлесіп отырған адамға айырықша көңіл бөліңіз».
Атақты адамдардан сұхбат алудан чемпион деп айтуға болатын Айзек Ф.Маркоссон «кей адамдардың өзімен әңгімелесуші адамға жағымды әсер қалдыра алмау себебі – айтылған әңгімені мұқият тыңдай білмегендігінен» деп көз жеткізген. Олар сіздің қойған сұрағыңызға қарамастан өздерінің не айтқысы келгенін айтады. Ұлы адамдар мен шешен сөйлей білетін адамдарға жақсы тыңдарман керек, бірақ тыңдай білу – адамдардың бойында басқа жақсы қасиеттерден гөрі аз кездесетіндігін айтқан болатын.
Жақсы тыңдарман тек ұлы адамдарға ғана емес, қарапайым адамдарға да ауадай қажет.
Егер сіз адамдарды өзіңізден теріс айналып кетуге, табалап күлуге немесе жек көруге мәжбүр еткіңіз келсе, бұған да амал бар: ешкімді ешқашан ұзақ уақыт тыңдамаңыз. Тек өзіңіз туралы тоқтамастан айта беріңіз. Егер қарсы алдыңызда отырған адам сізге әңгіме айтып отырған кезде ойыңызға бір нәрсе түссе, оның аяқтағанын күтпей-ақ айтып салыңыз. Ол сізден асқан ақылды емес. Неге сіз оның бос әңгімесін тындауға алтын уақытыңызды қор қылуыңыз керек? Ойын ортасынан бөле салыңыз да, тұрып кетіңіз.
Осындай адамдарды бұрын-соңды кездестіріп пе едіңіз? Өкінішке орай, мен бұндай адамдарды жиі кездестіремін және бір таңқаларлық жайт – олардың біршамасы аты елге мәлім атақты адамдар.
Ішті пыстыратын адамдар – өздерінің қара басының, жеке маңыздылығының буына мас болған адамдар.
Өзі туралы ғана айтатын адам тек өзі туралы ғана ойлайды. «Ал өзі туралы ғана ойлайтын адам – қанша оқыған болса да, мәдениетсіз адаммен тең» дейді Колумбия университетінің президенті доктор Николас Мэррей Батлер.
Сондықтан Сіз жақсы әңгімелесуші адам болуға ұмтылсаңыз, жақсы тыңдаушы да бола біліңіз. Чарлз Ноттерхем Лидің жұбайы айтқандай, «өзіңізді қызықтыру үшін сіз де біреуге қызықтап қараңыз». Басқа адамға жауап беру қолайлы болатындай сұрақтар қойыңыз. Ол өзі туралы, қол жеткен табыстары туралы айтатындай етіп ынталандырыңыз.
Адам баласының мінез-құлқына тән маңызды бір заңдылық бар. Осы заңдылыққа бағынсақ, біз ешқашан да қателеспейміз. Егер осы заңдылықтың шарттарын бұлжытпай орындасақ, біз көптеген достар тауып, шексіз бақытқа ие бола аламыз. Ал орындамасақ, көптеген қиыншылықтарға кезігуіміз мүмкін. Ол заңдылық былай: қашанда өзіңізбен әңгімелесуші адамды оның өмірде алатын маңызды орны бар екендігіне сендіріңіз. Профессор Уильям Джеймс: «Адам табиғатына тән басты ерекшелік – адамдардың өз қадір-қасиетіне қарай бағалануына деген терең ұмтылысы» деп жазды. Біздің жан-жануарлардан айырмашылығымыз да – осы ұмтылыс. Өркениеттің де түп-тамыры осыда жатыр.
Сіз өзіңіз араласатын адамдардың сізді қолдағанын, қол жеткізген жетістіктеріңізді мойындағанын қалайсыз. Сіз өзіңіз өмір сүріп отырған ортада өзіндік орныңыз бар екендігін сезінгіңіз келеді. Сіз түкке тұрмайтын арзан мақтауды, өтірік жағымпаздануды емес, шын көңілмен айтылған бағаны естігіңіз келеді. Сіз айналаңызда жүрген достарыңыз бен әріптестеріңіздің Шваб, айтқандай, «шын жүректен баға беруін және мақтауын аямауын» қалайсыз. Бұны бәріміз де қалаймыз.

Сізді табысқа жеткізер формула

Сізбен әңгімелесуші адам түгелдей дерлік дұрыс пікірде болмауы мүмкін екендігін есте ұстаңыз. Бірақ ол адамның өзі ол туралы олай ойламайды. Бұл үшін оны кінәламай-ақ, түсінуге тырысыңыз. Кінә тағу кез-келген ақылсыздау адамның да қолынан келеді.
Сізбен әңгімелесуші адамның басқаша емес, неге дәл өзі ойлағандай әрекет етуінің өзіндік себебі бар. Осының құпия жатқан себебін анықтасаңыз, оның іс-әрекетіне, тіпті жеке басына апарар кілтін табасыз.
Алдымен өзіңізді оның орнына қойып көріңіз. Өзіңізге «Мен оның орнында болсам, өзімді қалай сезінер едім? Қандай шешім қабылдаған болар едім?» деген сауалдарды қойсаңыз, жүйкеңізді жұқартпай, алтын уақытыңызды үнемдейсіз.

Адамдармен тіл табысудың он екі ережесі

1-ереже. Тартыс-таласта, ерегісте табысқа қол жеткізудің бірден-бір жолы – одан үндемей құтылу.
2-ереже. Сізбен әңгімелесуші адамның пікіріне келіспесеңіз де, оған сыйластықпен қараңыз. Ешқашан да оның дұрыс емес екендігін бетіне баса айтпаңыз.
3-ереже. Егер сіз дұрыс жасамасаңыз, кемшілігіңізді тез түзеуге тырысыңыз.
4-ереже. Әңгімені бастағаннан-ақ достық қалып көрсетіңіз.
5-ереже. Әңгімелесуші адамды «иә» деп жауап беруге мәжбүр етіңіз.
6-ереже. Әңгімелесуші адам сізге қарағанда көбірек сөйлесін.
7-ереже. Сізбен әңгімелесуші адам айтылған ойды өзінің айтқанындай санасын.
8-ереже. Айналаңызға әңгімелесуші адамның көзімен қарауға тырысыңыз.
9-ереже. Өзге адамдардың ой-пікірі мен талап-тілегіне түсіністікпен қараңыз.
10-ереже. Жақсылыққа апарар жолға бастаңыз.
11-ереже. Өз ойларыңызды әсерлі жеткізуге тырысыңыз.
12-ереже. Әңгімемен оның жанды жеріне тиіп, сол арқылы өзіңізге тартыңыз.

Адамдардың реніш сезімін оятпай-ақ, ықпал етуге мүмкіншілік беретін жеті ереже

1-ереже. Әңгімені өзіңізбен пікірлесіп отырған адамды шын көңілден мақтаудан бастаңыз.
2-ереже. Басқа адамдардың кемшілік-мінін тура бетіне айтпай, астарлап жеткізіңіз.
3-ереже. Әңгімелесуші адамға бұйырып емес, қарсы сұрақ қойыңыз.
4-ереже. Адамдарға өзінің абырой-беделін сақтауға мүмкіндік беріңіз.
5-ереже. Адамдардың кішкене болса да жетістігін елеп-ескеріп, қолдау көрсетіңіз.
6-ереже. Ынталандыруға тырысыңыз, сіз түзеуге қажетті деген кемшілікті адамдардың өзі-ақ жөндей алатындай жағдайға келтіріңіз.
7-ереже. Сіз ұсынған жолды адамдардың өзі қуана қабылдайтындай мүмкіндік туғызуға тырысыңыз.
(Жалғасы бар)

Гүлтас Сайынқызының
«Қоңырау» атты кітабынан.
Назарбаев университетінің профессоры.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close