Basty bet
“Мақсатымыз – балаға ата-ананың ықпалын арттыру”
Білім беру саласы ұлт сапасын жақсартудағы маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Қазақстан халқына Жолдауында орта білім сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екеніне ерекше тоқталып, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс екенін және сол үшін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынатынын атап өтті.
Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасатты, өрісі кең азамат етіп тәрбиелеу – білім саласының басты мақсаты.
Бәйтерек ауылындағы Т.Тастандиев атындағы орта мектеп ауданымыздағы іргелі орта мектептердің бірі. Аталған мектепке бүгінде Гүлнар Жорабекова басшылық етеді.
Гүлнар Молдақұлқызы 2019 жылы Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге өткен жылы облыстық «Парасатты көшбасшы – 2022» байқауының «Жаңашыл басшы» номинациясын иеленді. Ұлағатты ұстаз, білікті басшы Гүлнар Жорабекованың «Білім сапасын көтеру үдерісінде мұғалімдер мен оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру және жүзеге асыру» тақырыбында әдістемелік құралы жарық көрді.
Мектептің қысқаша тарихына тоқталып өтер болсақ, Октябрьдің 50 жылдығы атындағы орта мектебі 1988 жылы ашылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылдың 30 желтоқсанындағы №1360 қаулысымен «Даңқ» орденінің толық иегері Тайыр Тастандиев атындағы №11 орта мектеп деп аталды.
Мектеп директоры Гүлнар Жорабековамен мектептің тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарлары туралы сұхбаттасқан едік.
-Гүлнар Молдақұлқызы, бүгінде мектепте қанша мұғалім, қанша оқушы бар?
Сондай-ақ, мектептің материалдық-техникалық базасы жайлы да айтып өтсеңіз.
-Мектепте 49 мұғалім жұмыс жасайды. Қазіргі кезде 22 сыныпта 285 білім алушы және мектепалды даярлық тобында 20 бала тәрбиеленуде.
2022 жылы мектебімізде сыртқы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, алайда мектеп пайдалануға берілгелі 34 жыл болғандықтан, ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Жылу жүйесі – табиғи газ.
Мектебімізде жаңа модификациядағы кабинеттер жоқ. Оқу кабинеттерінің саны – 27, оның ішінде 1 компьютерлік сынып, 1 лингофон кабинеті, 1 робототехника кабинеті бар.
-Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Білім саласында соңғы жылдары мұғалімнің абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалуда. “Педагог мәртебесі туралы” заңның шығуы осы бағыттағы маңызды жұмыс. Қысқасы, білім сапасы – мұғалімдердің білім деңгейіне тікелей байланысты. Осы орайда мектеп мұғалімдерінің білім деңгейі қандай?
-Мектебімізде 49 мұғалімнің барлығы жоғары білімді, 2 мұғалім педагог-шебер, 12 мұғалім педагог-зерттеуші, 12 мұғалім педагог-сарапшы, 11 мұғалім педагог-модератор.
Мұғалімдеріміз күнделікті сабақтарында оқытудың жаңа технологияларын, белсенді әдіс-тәсілдерін үздіксіз қолданады және іс-әрекеттегі зерттеумен шұғылданады, біліктілікті арттыру курстары мен білімдерін жетілдіру вебинарларына қатысып отырады.
Соның ішінде еңбектерін үлгі етуге лайықты педагогтар деп – оқушылары облыстық байқаулар мен олимпиадалардан, ғылыми жобалардан жүлделі орындар алып жүрген, түлектерді ҰБТ-ға сапалы дайындап жүрген және әдістемелік еңбектердің авторларын атауға болады. Олар: Бақыт Тұрғыналиев, Ақмарал Төрежанова, Гүлнар Сыдығалиева, Роза Төлегенова, Рабиға Әліпбаева, Кәмшат Құрманалиева, Майра Таштанқұлова, Айгүл Үсенова, Несібелі Ходжабекова, Назира Тлеуқұл.
-Үстіміздегі оқу жылы ұйымдастырылған маңызды шараларыңыз және ата-аналармен байланыстарыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз.
-Бала тәрбиелеуде кездесетін өзекті мәселелерді қамти отырып, қараша айында ата-аналар мен серіктес мектептердің тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен психологтарын шақырып, «Балалықтан – даналыққа: ата-ана, мектеп, мұғалім» тақырыбында белгілі психолог, «Балалықтан- даналыққа» кітабының авторы, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының сарапшысы Мырзабай Сейілбек Саттарханұлымен кездесу ұйымдастырдық. Осы кездесуден кейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылардың бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды егіп, жас жеткіншектерге патриоттық және адамгершілік тәрбиені дарытып, кітап оқуға деген құлшыныстарын арттыру мақсатында «Құндылық» оқырмандар клубы өз жұмысын бастады.
«Ата-ананың мектептегі бір күні» жобасы аясында ата-аналарды мектепке шақырып, бір күн бойы түрлі іс-шараларға жұмылдырдық.
«Тек ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», — деп педагог әрі балалар жазушысы В.А.Сухомлинский айтқандай, аталған жобаның негізгі мақсаты – мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты күшейте отырып, отбасында балаға ата-ананың ықпалын арттыру, бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орнының ерекше екенін түсіндіру, ата-ана бойына өздерін тәрбиеші мұғалім ретінде қарауға қызығушылықтарын дамыту болып отыр. Мектептегі ұжымның тірегі мекеме басшысының ұстаздармен, оқушылармен, қажет болса ата-аналармен қоян-қолтық байланыс орнатып, ұрпақтың білімді әрі тәрбиелі болып қалыптасуы мақсатында жан-жақты ізденіп, еңбек етуде. «Ата-ананың мектептегі бір күні» жобасы аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар арқасында мұғалімдер мен ата-аналардың ынтымақтастығы артып, бірлесе жұмыс жасап, жақсы нәтижелерге жетуде. Атап айтқанда, аудандық «Парасатты отбасы», «Отбасылық кітап оқу» байқауларына белсене қатысуда.
-Мектеп оқушыларының түрлі бағыттар бойынша маңызды жетістіктері туралы айтып өтсеңіз.
-Облыстық «Зерде» ғылыми жобалар байқауы мен «Менің Отаныма – менің бастамам» атты шығармашылық жобалар байқауынан 8-сынып оқушысы Кемел Назым ІІ орынды иеленсе, 4-сынып оқушысы Әбдіразақ Айзере ІІІ орынмен марапатталды. Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінен қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 5-сынып оқушысы Өміржан Мерей ІІ орын, физика пәні бойынша 11-сынып оқушысы Алайдарова Жансая ІІІ орынды иеленді. Облыстық IV «Абайтану» олимпиадасынан және «Абай оқулары» байқауларынан 10-сынып оқушысы Сегізбай Сабина ІІ орынды иеленді.
-Мектепте қосымша қандай үйірмелер бар? Оқушылардың бос уақыты қалай ұйымдастырылады?
-Биылғы оқу жылынан бастап, оқушылардың зейінін ашып, кеудесін жалпыадамзаттық құндылыққа толтыру мақсатында «Құндылық» оқырмандар клубы өз жұмысын бастады. 5-11-сынып оқушылары клуб жоспарына сәйкес апта сайын бір шығарманы оқып, талдайды; ай сайын зияткерлік қабілеттерін дамытатын мектепішілік байқауға қатысады; тоқсан сайын елге танымал тұлғалармен кездеседі. Бастауыш сынып оқушылары арасында баланың сөйлеу тілін, ойлау қабілетін дамыту мақсатында сабақтан тыс іс-шаралар, байқаулар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда «Жаңылтпашты жаттаймын», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», т.б.
Әр жеке тұлғаның қабілеттерін ұштау, ой-өрістерін дамыту, ортада өз ойларын еркін жеткізуге, достық ортаны қалыптастыруда, белгілі бір мамандыққа баулу мақсатында ақысыз түрде барлығы 5 үйірме («Дебат»,«Волейбол», «Футбол», «Баскетбол», «Шахмат») жұмыс жасайды. «Дебат» үйірмесі білім алушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында жүргізіліп келеді. Бұл үйірмеге қатысқан білім алушылар бірнеше дүркін аудандық, облыстық пікірсайыс турнирлерінің жүлделі орындарын жеңіп алды.
-Кәсіпкерлік, еңбекке баулу сабақтарына қаншалықты мән бересіздер? Бұл пәндерді толыққанды өтуге мектепте мүмкіндік бар ма?
-Кәсіпкерлік және еңбекке баулу сабақтарына көп көңіл бөлеміз. Мектебімізде ұлдарды да, қыздарды да еңбекке баулуға жағдай жасаудамыз. Шеберханаларда оқушылардың қауіпсіз әрі еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Балалардың жасап шыққан туындыларының ішінен үздік деп танылғандары мектептің «Ұлттық құндылықтар» бұрышына және дәліздерге қойылған.
-Өткен оқу жылында ҰБТ нәтижесі қандай болды? Өткен жылғы түлектердің қаншасы мемлекеттік грант бойынша ЖОО оқуға түсті?
“Серпін” бағдарламасы бойынша оқуға түскен түлектеріңіз бар ма? Биыл мектеп түлектері қалай дайындалуда?
-2021-2022 оқу жылында 20 түлек мектеп бітірді. Соның ішінде мектебіміздің мақтанышы болған бір түлегіміз «Алтын белгі» төсбелгісін ақтап шықты. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 19 түлек қатысты. ҰБТ-ның орташа балы – 76% болды. Мектеп бітіруші түлектердің 8-і мемлекеттік грант иесі атанды. Жоғарғы оқу орнына 17 түлек оқуға түсті. «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 түлек жоғарғы оқу орнында оқып жүр.
Биыл бітіруші түлектермен ҰБТ-ға үздіксіз дайындық жүргізілуде. Әр айда 2 рет сынама тест алынып, нәтижесі бойынша сараптама жұмыстары жүргізіледі. Түлектер UStudy тест орталығына барып, өз білімдерін тексеруде.
Сапалы білім беруде мұғалім міндеті – білім технологиясын бүгінгі күн талабына сай жетілдіру. Оқушылардың білімін жүйелі тексеріп, бақылап отыру білім алушыларды жауапкершілікке, тынбай жұмыс істеуге үйретіп, оқушы білімінің тиянақтылығын, тереңдігін арттырады.Сондықтан біз өз тәжірибемізде оқушыға сапалы, тиянақты білім беріп, білімділік дағдыларын қалыптастыруда оңайдан қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай оқытудың жүйелілік ұстанымын басшылыққа аламыз, білім тексерудің сан алуан тәсілдерін қолданамыз. Осылайша, 11-сынып оқушыларымен де түстен кейінгі уақытта қосымша дайындық жүргіземіз. Нәтижесі жақсы, қазіргі уақытта түлектердің білім деңгейі 80 %-ға көтерілген.
-Мектепте қанша түлек бар? Олардың ішінде “Алтын белгіге”, үздік аттестатқа үміткер түлектер бар ма?
-Биылғы 2022-2023 оқу жылында мектеп бітіретін 16 түлек бар. Соның ішінде 1 түлегіміз үздік аттестатқа үміткер болып отыр.
-Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
-Оқыту үдерісіндегі білім сапасын анықтау мақсатында мектебімізде www.tastandiev.kz сайты ашылып, арнайы тест базасы құрылды. Ақпараттық технология арқылы тест тапсырмасын орындату оқушылардың жұмысын жаңа деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді және әр оқушының жаңа қырынан дамуына ықпал етеді. Аудан мектептерінің алды болып тест базасын құрастыру – жаңашылдықтың көрінісі деп білеміз. Сондай-ақ, аудан бойынша алғаш болып электронды портфолио жасақтап, мектептегі әр бірлестіктің жұмыс жоспары мен атқарып жатқан іс-шараларының барысын мектеп сайтына орналастырып отырамыз.
-Сұхбатыңызға көп рақмет! Ұрпақ келешегі үшін еткен еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!
Сұхбатты жүргізген
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”