Basty bet
«Жастардың игілігі үшін көбірек ұсыныс беріңіз»
аудан басшысы Олжас Қаржауов жастар кеңесінде осылай деді
Апта басында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысы өтті.
Кеңес отырысына аудан әкімі Олжас Қаржауов, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, Кеңес мүшелері және аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырысты аудан басшысы Олжас Есалханұлы жүргізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша алғашқы сөз Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралаповқа берілді.
Көбейсін Есқалиұлы ауылдық округтегі 2021 жылдың он айындағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы баяндама жасады.
-Ақтөбе ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңы және «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында өз деңгейінде жүргізілуде.
Заңның мақсаты – жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру болып табылады,- деді баяндамашы. – Ақтөбе ауылдық округінде статистикалық көрсеткіштер бойынша 2021 жылы тұрғындар саны 2634 адамды құраса, оның ішінде жастар 403 адамды құрайды, жалпы халық санының 20,3 %, оның ішінде 14- 18 жас аралығында 180 жас, 121 жас білімгер, 26 кәсіпкер, 28 мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлер, 48 жас басқа қалаларда жұмыс жасауда.
Ақтөбе ауылдық округі бойынша 2 мектеп, 2 мәдениет үйі, 1 аурухана, 3 спорт клубы, 1 балалар өнер мектебі, 2 кіші футбол алаңшасы, 2 «Street workout» алаңшасы бар.
2021 жылы «Серпін-2050» бағдарламасы аясында №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектептен 7 жас түлек оқуға түсіп, білім алуда. Округімізден соңғы бес жылда “Білім” инновациялық лицейіне 8 жас оқуға түсті. Ақтөбе ауылдық округі бойынша этнос өкілдерінен барлығы 41 жас бар.
Ақтөбе ауылдық округінен 2021 жылдың 10 айында 46 жас әскерге шақыртылып, 7 жас әскерге аттанып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында өз борыштарын өтеуде.
2021 жылы 11 жас отбасын құрған, неке бұзған жас отбасылар жоқ. Ақтөбе ауылдық округі бойынша нашақорлық, туберкулез, алкоголизм бойынша есепте тіркеуде тұрған жастар жоқ.
Бүгінгі күннің басты мәселелердің бірі жастарды жұмыспен қамту. Бұл мәселе бойынша 2021 жылы ақылы қоғамдық жұмысқа бір жас, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша тоғыз жас, NEET жастар санатында 2021 жылдың басында екі жас анықталып, қазіргі таңда екеуі де тұрақты жұмыспен қамтылып, NEET жастар қатарынан шығарылды. Сонымен қатар биылғы жылы жұмыспен қамту бойынша округіміздің алты жасы тұрақты жұмысқа орналасты.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша жастарға екі жасқа қайтарымсыз грант берілген. Атап айтқанда, 3 973 500 көлемінде шағын несие алған жастар саны біреу. Округте 14 пен 29 жасқа дейінгі жастар арасында барлығы 26 жеке кәсіпкер бар.
Ақтөбе ауылдық округі бойынша 2021 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында бес жас маман 297 000 мың теңге 100 АЕК көтерме жәрдемақымен қамтылды. Ал, бір жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға 4 375 000 теңге 1500 АЕК көлемінде қаржылай көмек алды,- дей келіп, Көбейсін Есқалиұлы ауылдық округтегі «Асар», «Жомарт түлек» бағдарламалары бойынша атқарылған жұмыстар, жастармен өткізілген түрлі іс-шаралар туралы да айтып өтті.
Келесі кезек «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің үстіміздегі жылы он айда атқарған жұмысы туралы баяндама жасау үшін орталықтың директоры Мейіржан Телеушовқа берілді.
Баяндамашының айтуы бойынша ауданда статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, 2021 жылы тұрғындар саны 52 990 адамды құраса, оның ішінде жастар 14 047 адамды құрайды, жалпы халықтың 26,5 %. Олардың 7 364 (52,8%) ерлер, 6582 (47,1%) әйелдер.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының штаттық кестесі бойынша барлығы 33 қызметкер жұмыс жасаса, қызметкерлердің орташа жұмыс өтілдері 3 жыл 6 айды құрайды. Мекеме қызметкерлері облыстық семинарлар мен біліктілік курстарына қатысып, арнайы сертификаттар иеленген. Бүгінгі таңда Жастар ресурстық орталығында қызмет еткен 76 азамат өзге де салаларға жұмысын ауыстырған.
2020 жылы ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесіне 54 979,0 мың теңге қаржы қарастырылып, аудан әкімінің «С Акцентом» КВН командасының республикалық «Жайдарман» ойындарына қатысуына 1 млн теңге, мекеме жанындағы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын жастарға 3 млн теңге, мекеме өткізетін іс-шараларға 4 млн 9 мың теңге бөлінген.
Мейіржан Бегасылұлы сонымен бірге аудандағы №16 Жуалы колледжіндегі білімгерлер, аудандағы отбасын құрған және әскер қатарына жіберілген жастар, жастардың жұмыспен қамтылуы туралы да баяндады.
Жастарды ауылдық жерде тұрақтандыру, ауылды қажетті мамандықтармен қамтуды мақсат еткен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясындағы жұмыстар туралы да айтып өтті.
-Ағымдағы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 60 жас маман көтерме жәрдемақы, яғни 17 млн 502 мың теңге алған. Ал, тұрғын үй сатып алуға 40 маманға 175 млн 20 мың теңге несие берілген. Аудан бойынша 13 жас тұрғын үй кезегінде тіркелсе, 256 жас ауылдық округтер мен ауылдарда жер телімінде кезекте тұр,- деді баяндамашы.
Баяндамада сондай-ақ, «Жасыл ел» бағдарламасы, жастарға кеңес беру жұмыстары, «Қамқор» волентерлық клубы мен түрлі қоғамдық клубтардың жұмысы, NEET жастармен жұмыс барысы, жастар арасындағы қылмыс, діни ахуал да қамтылды.
«Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушовқа аудан басшысы бірнеше ұсыныстарды айтты.
-Қазір жастар саясатын жүзеге асыруға арналған бағдарламаның барлық бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталдыңыз. Жақсы, жалпы атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта әр ауылдық округ бойынша көрсеткіштерге тоқталсаңыз. Сонда біз ауылдық округ жастарының белсенділігін көре аламыз.
Екіншіден, аудан жастары туралы нақты мәлімет керек. Ол үшін жастар арасында «Жастарға не керек? Олардың көзқарасы қандай?» дегендей сұрақтар төңірегінде сауалнама жүргізілсе. Бұл жұмыс бізге ауданның дамуы үшін жасалатын жоспарға қажет.
Келесі кезекте, аудандық Жастар ресурстық орталығы жастармен барынша пайдалы, толыққанды жұмыс істеуі үшін не керек? Яғни, мекемеге не қажет? Осыны зерделеп, ұсыныс жасаңыздар.
Сонымен бірге аудан жастарының жазғы, қысқы бос уақытын тиімді пайдалану үшін әрі демалыс сыйлау үшін не істей аламыз? Мәселен, жазда орталық саябақта түрлі мәдени іс-шаралар өткіздік. Қыста балалар бір мезгіл сырғанақ теуіп, демалуы үшін сырғанақ дайындаудамыз. Сондай-ақ жастардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін түрлі іс-шараларды жиі ұйымдастыру керек. Қысқасы, бізге жастардың игілігі үшін көбірек ұсыныс беріңіз,- деді аудан басшысы Олжас Қаржауов.
Ал, аудандағы жастар арасындағы заң бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар туралы аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, подполковник Дархан Нұралиев аудан көлемінде жастар арасындағы қылмыстардың статистикасына қысқаша тоқталып өтті.
-Ағымдағы жылдың 10 айында 18-бен 29 жас аралығындағы жастардың қатысуымен 19 дерек төмендегі округтарда орын алған. Олар: Б.Момышұлы ауылында тоғыз, Ақтөбе ауылдық округінде екі, Күреңбел ауылдық округінде екі, Қызыларық ауылдық округінде бір, Қарасаз ауылдық округінде екі, Нұрлыкент ауылдық округінде бір, Мыңбұлақ ауылдық округінде бір, Көкбастау ауылдық округінде бір. 2020 жылдың осы кезеңінде 23 дерек тіркелген, яғни 17,3 пайызға төмендеген. Ал кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыс 10 айда орын алған жоқ (2020 жылы үш дерек орын алған),- деді Д.Нұралиев. – Сонымен қатар, білім бөлімі, Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің қатысуымен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында түнгі рейдтер жүргізу барысында түнгі сағат 23.00-ден кейін жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз үй-жайдан тыс жерде жүргені үшін 199 (2020 жылы 197) жасөспірім ұсталып, олардың заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБтК 442 бабы 2 бөлігімен әкімшілік хаттамасы толтырылды.
-Тараз қалалық кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығына екі жасөспірім орналастырылды. (2020 жылы біреу)
– ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабы бойынша кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау бағытында бес ата-анаға қатысты хаттама толтырылып, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданып, соттың шешімімен 7 АЕК айыппұл салынды. (2020 жылы үш).
-ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлігі (2020 жылы – 0) «Жасы 18-ге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі» бойынша жұмыстар атқарылуда.
-Ағымдағы жылдың 10 айында ата-аналар, қамқоршылар және педагогтардың кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде жауапкершілігін арттыру мақсатында «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді дұрыс орындамағаны үшін» 3 ата-анаға қатысты жиналған іс-құжаттар аудан әкімшілігінің жанындағы комиссия отырысына қарау үшін жолданды,- деді баяндамашы.
Сөз кезегі облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаға берілді.
Серікбол Қайратұлы «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясындағы кешенді іс-шаралар жоспарының орындалуын зерделеу барысында анықталған бірқатар кемшіліктерге тоқталып, ұсыныстарын жеткізді.
Атап айтқанда, ауданда «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түскен жастардың саны аз екенін айтып, мектептерде бағдарламаның тиімділігі жайлы жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.
Сонымен бірге «Жастар денсаулығы орталығының», «Жас сарбаз» ұйымының жұмысын және мектеп қабырғасында саламатты өмір салтын ұстануды насихаттау жұмысын жандандыруды тапсырды. Серікбол Берікқожа «Жасыл ел жасақтары» бойынша ауданда 65 жас қамтылғанын, яғни бұл жақсы көрсеткіш екенін айта келіп, алдағы жылы жастарды бұдан да көбірек тарту керектігін, аудан әкімдігінің бөлім басшылары бөлімдегі жастар саясатына қатысты жұмыстарға жете көңіл бөлу қажеттігін, Жастар ресурстық орталығында еңбек ететін жастарды түрлі деңгейдегі біліктілігін артыру курстарында оқыту жұмыстарын қолға алуды тапсырды.
Кеңес отырысын аудан басшысы Олжас Есалханұлы қорытындылады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»