Basty bet
Береке орнап, бірлігі жарасқан…
Отбасы – кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Отбасы құндылығы ешқашан қажеттілігін жоғалтпайды. Өйткені ол – белгілі бір әлеуметтік институт.
Ел Президентi мемлекет – отбасыдан басталатынын және бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын атап өтуіміз керек. Мемлекет басшысының Жарлығымен Отбасы күнін қыркүйек айының екінші жексенбiсi күні атап өтiледi.
Бүгінде арамызда шынайы сезіммен, таза ниетпен отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болып отырған жұбайлар баршылық. Олардың отбасы құндылығы жайында айтар өзіндік ойы да жетерлік. Бақытын отбасынан тапқан адам, шынымен де өмірде ең бақытты жан. Ыстық ұясына әрқашан асығып тұратын адамның бақытты ошағының шамын ешқашан өшірмесі белгілі.
Отбасы құндылығын берік сақтап, бүгінде немере, шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп отырған Баршакүл Мырзақұлованың отбасына арнайы бардық. Баршакүл апа 84 жаста. Әлі тың, барлық тірлікті өзі істейді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпағының қызығын көріп жүрген кісі. Баршакүл апа бұрынғы Таңшығыс колхозында дүниеге келген. Ауылда мектеп бітірген соң, 17 жасында Дәртай Мырзақұловпен отбасын құрған. Отағасы Рысбек батыр ауылында дүниеге келген.
– Ол кезде жаспыз, шаршадық дегенді білмейтінбіз. Отбасы, бала-шаға деп оттың басында отырдық. Жолдасым колхозда жүргізуші болған. Жұмысым қиын деп ешкімге шағымданған емеспін. Енем өте жақсы кісі етін, сырлас болып бірге жүрдік, емшілік қасиеті бар етін. Ол кездегі сыйластық өзгеше еді ғой. Сол күндер қазір әлі кешегідей сол қалпында көз алдымда тұр. Ол шақты бақытты жастық шағымның бір белесі ретінде қатты сағынамын, – дейді Баршакүл апамыз.
Баршакүл апамыз үш ұл, бір қызды дүниеге әкелген аяулы ана, ардақты әже. Құдай қосқан қосағы Дәртәй ата 82 жасқа қараған шағында өмірден озған. Бүгінде бұл отбасы Б.Момышұлы ауылында үлкен қара шаңырақта ғұмыр кешіп жатыр. Балаларын жоғары оқу орындарында оқытып, аяқтандырып, таңдаған, сүйген жандарына қосып, солардан 11 немере, 10 шөбере көріп отырған жан.
– Баладан немере тәтті болады дегендей, қазір немереден шөбере тәтті болып отыр. Қазіргі балалар өте ақылды. Бала тәтті ғой. Олардың әр сөзі маған бақыт сыйлайды. Осындай керемет отбасымның барына шүкіршілік етемін. Олардың ортасында ақылымды айтып, жөн көрсетіп отырғаныма қуаныштымын. Немерелерім еркелеп, мені құрметтеп, сыйластықтарын үзбей келеді. Бұл өмірдің заңдылығы. Отбасың бақытты, берекелі болсын десең, оның әр мүшесіне жылы шырай танытып, жақсы көре білуің қажет, – дейді өнегелі әже.
Отбасы құндылығы ол біріншіден бір-біріне деген ыстық ықыласпен, шынайы сүйіспеншілікпен сақталады. Бүгінде еліміздің мерейлі отбасыларының біріне айналып, өзара түсіністікпен, сүйіспеншілікпен ғұмыр кешіп отырған бұл отбасында Ерлан, Беглан, Ғалым, Асия деген үш ұл, бір қыз дүниеге келген. Ерлан прокурор болған, ал Беглан ішкі істер органдарында жұмыс істеген, өкінішке қарай олардың ғұмырлары қысқа болды, ауырып дүниеден өткен.
Әсия Алматы қаласында тұрады, отбасылы өзінің жеке кәсібі бар. Кенже ұлым, қара шаңырақтың иесі Ғалым мен келінім Ырысты қолымда тұрады. Екеуіде жоғары білімді, Семей қаласында оқуларын бітірген. Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханада білікті дәрігерлер. Олардың да ұлы мен қызы, тіпті келіні де дәрігер. Жалпы дәрігерлер династиясы десек те болады. Көп ретте ата-анасының жүріп өткен жолын балалары жалғастыруды қалайды. Мырзақұловтар отбасында да осы үрдіс сақталған деуге болады. Бала күнінен ақ халаттылардың ортасында тәлім-тәрбие алған ұл-қызы дәрігер болуды мақсат еткен.
Бүгінде осындай ұрпақ өрбітіп отырған отбасының бақыты шалқып отырған жайы бар. Баршакүл апа мерекелерде өзін құттықтап келген балалары, немере, шөберелеріне үлкен дастарқан жайып, мәре-сәре болады.
– Біздің отбасымызда мерекелер жәй өтпейді. Отбасымызбен ерекше атап өтеміз. Апамның шаңырағына барып, бір дастарқан басында отырып, бір-бірімізге шынайы тілегімізді айтып, құттықтап жатамыз. Ешқашан мерекелерде апамызды жалғыз қалдырмаймыз. Төрт баласымен алғашқы немересі мені екі айлығымнан өсіріп, тәлім-тәрбие, білім берген ата-апамыздың еңбегі өте зор. Өкінішке қарай, менің әкем Ерлан мен ағам Бегланнан ерте айырылып қалдық. Бұл қайғы бізге де, апама да ауыр тиді. Баласын жоғалтқан ата-ананың қайғысын ешкім сезіне алмайды. Сол кездері үнемі жанында болып, біздің бар екенімізді сездірдік. Міне, бізді жандарына медеу тұтып, көңілдері жайланып келеді, – дейді немере қызы Альмира.
Альмира апаның марқұм үлкен ұлы Ерлан келіні Меруерттің қызы. Ата-анасы жас, студент болған соң, екі айлық кезінде қолына алып қалып, ешкінің сүтін беріп бағып-қағып өсірген алғашқы, сүйікті немересі. Бүгінде Альмира Ержан есімді азаматпен шаңырақ көтеріп Ернар, Бейбіт есімді ұлдардың анасы. Өзі ұстаз болса, жолдасы полиция қызметкері болып қызмет атқарады.
Береке орнаған, бақытты отбасының қазынасына айналған үбірлі-шүбірлі Баршакүл апаның өмірі баршаға үлгі болса керек.
Бірде бақыттан қайда барасың деп сұрағанда, ол: «Ата-анасын сыйлаған, ұйымшылдық ойлаған, тату жанға барамын» деген екен. Сыйластық пен сүйіспеншілік бірге жүргенде ғана шын бақытты сезінуге болады. Мерейлі, бақытты, өнегелі отбасылар көп болсын. Адамға бұл дүниеде отбасыдан артық не бар?!.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»