Basty bet

Оқушыларға кәсіптік бағдар беретін заманауи орталық

Білімдінің қолында алтын шырақ. Білім – өмірдің нәрі. ХХІ ғасыр білектінің емес, білімдінің заманы. Яғни, бүгінде білім беруде тәрбие мен білімнің сапа мәселесі бірінші орынға шықты. Заман талабына сай, бала тек мектептің білімімен шектеліп қана қалмай, жан-жақты болу үшін қосымша білім алуға ұмтылуда.

Өмірде ең маңызды мәселелердің бірі – мамандық таңдау. Сондықтан бала мектеп қабырғасында өзінің бойындағы қабілетіне қарай болашақ мамандығын дұрыс таңдап, соған машықтануы қажет.
Мектепте ұстаздар бүкіл сыныпқа бар күш-жігерін салып білімін береді. Алайда, қосымша білім ешқашан артық болмайды. Ауданда тағы бір кәсіптік қосымша білім беру ордасы, яғни, «TopJargan» білім мен шығармашылық орталығының екінші ғимараты ашылды. №29 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп пен «TopJargan» білім мен шығармашылық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл мүмкіндікке тек жоғарыда аталған мектеп оқушылары қатыса алады. Бұл келісім аясында мектеп оқушылары үшін: кәсіптік бағыттағы курстар, шығармашылық үйірмелер, қосымша білім беру сабақтары ұйымдастырылады.
Мектепке жақын маңда орналасқан кәсіптік оқу орталығының қолдауымен оқушылар енді өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай түрлі бағытта дамуға мүмкіндік алады. Бұл игі бастама –шәкірттер болашағына салынған берік көпір.
Мектеп директоры Эльмира Әбілқызы мен «TopJargan» білім орталығының директоры Нүрила Эдиханқызы екі жақты серіктестік аясында оқушылардың жан-жақты дамуына басымдық берілетінін атап өтті.
Аудан орталығындағы Жібек жолы көшесінің бойында кәсіптік білім беру ғимаратында орналасқан білім орталығы әрбір мектеп оқушысына қосымша білім алуға мүмкіндік туғызып отыр. Қосымша сабақтың мақсаты – оқушыны жеке жан-жақты болып дамуына септігі көп. Негізгі міндеті – мектепте алған білімді тереңдету, пәнге деген қызығушылығын ояту, оқушыларды еңбексүйгіштік пен жауапкершілікке тәрбиелеу.
Орталыққа келетін оқушылар бірнеше пән бойынша қосымша дайындала алады. Орталықта оқушыларға ауданның жоғары санатты ұстаздары білім беруде. Жасөспірімдер қосымша білім алу барысында орталық ұстаздарынан мамандыққа деген тұрақтылық пен өзінің қабілеттілігін анықтай алады, болашақ мамандығына байланысты оқу пәндерінен терең білім алады, жеке басының қасиеттерін дамытады, еріктілік және сезімдік қасиеттерін, өзіне деген сенімділікті қалыптастыра алады. Білім орталықтары балаларға тек бір ғана біліммен шектеліп қоймай, мамандық әлемі, еңбек нарығының жай-күйі туралы түсінік қалыптастырады, оқуға ынтасын арттырып, ой-өрісінің дамығанын сезіндіреді. Бұндай мақсаттарға жету үшін оқушылармен, ата-аналармен, оқу орталықтағы мұғалімдермен бірлесе жұмыс атқарылып келеді. Демек, оқушы мен ұстаз бір-бірінің жан дүниесін түсініп, ортақ іс-әрекеттің барысы мен нәтижесін бірігіп талдауы – бұл кәсіптік бағдар берудегі басты міндет. Жасөспірімдерді білімді, жан-жақты етіп өсіруге әрбір ата-ана, мектеп және бүкіл жұртшылық болып жұмыла кіріскенде ғана нәтижелі болады.
Орталық ұстаздарының оқушыны тестке дайындауда өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Күнделікті сабаққа қарағанда қосымша сабақтағы жұмыс түрі басқа материалдармен, жеке жұмыс жасау жолдарымен жүзеге асырылады. Ұстаздар әрбір тақырыптық, аралық және сынама тестілерін алып, нәтижесіне қарай жеке жұмыс жасауды бастайды. Міне, осындай жұмыс түрлері арқылы ұстаздар оңтайлы нәтижеге қол жеткізіп келеді.

Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close