Basty bet

“Қоғамға пайдам тисе, қуанамын!”

өрт сөндіруші Серік Әлішеровтың қызметтік ұстанымы осындай

Өрт сөндіруші мамандығы – ең қиын әрі жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі. Өзгенің өмірі үшін өз өмірін қиюға дайын тұратын да осы мамандық иелері. Нағыз ер азаматтарға тән бұл мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Әр күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай-сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда олар отқа да, суға да түседі. Олардың санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық, құтқарушлар әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын тұрады.

Аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінде жауапкершілігі жоғары мамандықты жүрек қалауымен таңдап, бүгінде осында жемісті қызмет етіп жүрген өрт сөндірушілердің қатар көп. Аталған бөлімнің басшысы Кеңесбек Абдраймов басқарған ұжымда аға буын өкілдері мен жастар бірлесіп, аудан тұрғындарына адал қызмет етуде. Бөлімдегі бөлімше командирі қызметін атқаратын құтқарушы Серік Әлішеров те аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін отқа қарсы тұруда.
Серік Әбдіқадырұлы Рысбек батыр ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген соң, Отан алдындағы борышын Алматы облысының Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімде өтеп, кіші сержант шенін алған.
Өрт сөндіруші мамандығына кеш келген ол алғашында темір жол, автожол және құрылыс салаларында еңбек етіп, 2009 жылы ең алғаш Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмысқа ораналасады. Тәжірибе жинақтаған соң 2013 жылы аудандық №7 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып ауысады.
-Ұлы ақын Абай атамыз «Сен де бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп айтқанындай, әрбір адам өмірдегі өз орнын адаспай таба білуі керек. Мен өзімді осы мамандықтан таптым. Әр адам өзі таңдаған мамандығын сүйе білуі қажет. Сонда ғана оның үдесінен шығып, өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізеді. Мен де бір адамға, қоғамға пайдам тисе екен деймін.
Өрт сөндірушілер басқа жұмыстарға қарағанда өте жылдам әрекет етуі тиіс. Себебі, бізге дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына тез жетуіміз керек. Тек өртті сөндіру емес, біздің алдымызда зардап шеккен адамдарды құтқару міндеті тұрады. Ең қиыны кез келген уақытта өз бойыңнан өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын қайсарлық пен ерлікті табуың қажет, – дейді өрт сөндіруші.
Иә, шындығында өзгенің өмірі үшін өз өміріңді қию жанкештілікті талап етеді. Бұл мамандықтың қиындығы да осында болса керек. Өрт сөндірушілер тек қызыл жалынның ортасында ғана жүрмейді. Олар түрлі оқыс оқиғалардың арасында, боранда адасып, жол таба алмай қалған жолаушылардың жанында, өзендерде шомылып жүріп, абайсызда суға кеткендерді құтқару кезінде қызметтеріне адалдықтарын танытады.
Өрт сөндірушінің бойында антына адалдықпен қатар, батырлық, ержүректілік, шапшаңдығы, тез шешім қабылдай алатын қабілеттері болуы қажет. Кез келген адам өрт сөндіруші бола алмайды. Бұл жөнінде «өрт сөндіруші психология тұрғысынан да, физикалық дайындығы жағынан да мықты болуы тиіс. Бөлімде бұл тұрғысынан дайындық жұмыстары үнемі жүргізіледі. Белгіленген жоспарға сай жеке құрамға өрт сөндірудің әдіс-тәсілдері үйретіледі. Нормативтік сабақтар өткізіледі. Төтенше жағдай болмаса да өрт сөндірушінің уақыты санаулы. Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да сақадай-сай болуы керек. Тәулік бойы жаттығады. Олар шұғыл шақыруларға тас түйін дайын жүреді» дейді Серік Әбдіқадырұлы.
Ол «Өрт қызметіне – 100 жыл», «Қазақстан полициясына – 25 жыл» мерекелік медальдарымен және «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Өмірлік жары Орынкүл Әлішерова екеуі отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Тұла бойы тұңғыштары Айғаным 8 сыныпта, Мадияр 6 сыныпта, Айзере мектепалды даярлық тобында оқиды. Ал кенжелері Айзат балабақшада тәрбие алуда.
– Кез келген уақытта қызметімізге адалдық таныту – біздің басты міндетіміз. Жүктелген міндетті уақтылы орындауымыз қажет. Біздің салада өкініш те, қуаныш та болады. Кейде ауыр жағдайларды да бастан өткереміз. Жүрегімізге ауыр тиетін оқиғалар да болады. Дегенмен, кейде оқиға орнында өрт сөндірушілерге, құтқарушыларға демеу болып, оқиға орнында тез шешім қабылдай алатын азаматтарды көріп, риза боламыз. Әйтсе де, қиындығы көп бұл мамандықтың иесі болғаныма өкінбеймін. Қайта қоғамға пайдам тисе, қуанамын, – деп сөзін түйіндеді аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Серік Әлішеров.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close