Basty bet
Бірлігі жарасқан ауылдың тірлігі де берекелі
Қазақ «Бірлік болмай тірлік болмас» деген сөзді бекерге айтпаған. Біле білсек, береке қай жерге орнаса, сол жерде құт пен ырыс қонақтайды. Ал ондай елдің де, жердің де дамуы тез, тірлігі тындырымды. Міне, сондықтан бірлік пен тұрақтылықтың құнын халқымыз қашанда жоғары қоя білген. Бірлік екі адамның бірлігі, қала берді отбасының, әулеттің, ауылдың, елдің бірлігі. Біз осы орайда Көлбастау ауылының татулығы мен мызғымас бірлігі жайында айтқымыз келді. Көлбастау ауылы – сан түрлі ұлт өкілдерінің құтты мекені.
Әу бастан ауыл көз тартар келбетімен, мұнтаздай тазалығы, шап-шағын, жып-жинақы, шағын әдемі үйлерімен ерекшеленгендей болды. Мыңбұлақ ауылдық әкімдігіне бас сұғып, Әділет Асқарұлы есімді маманмен тілдескен едік. Оның берген мәліметіне сүйенсек, Көлбастау ауылында 3698 тұрғын тұрады. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігін қазақтар, орыстар, әзірбайжандар және украин ұлттарын құрайды. Нақтырақ айтатын болсақ, 331 өзге ұлт өкілі болса, соның ішінде 174 орыс ұлты, 156 әзірбайжан және 1 украин ұлты бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Ауылда кәсіпке бет бұрған азаматтар да бар екен. Бұл бір жағынан елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен көмек болатыны айдан анық. Әділет те менің ойымды оқып қойғандай, мені шаруа қожалығы өркен жайған кәсіпкердің үйіне ерте барды.
«Бірлік түбі – береке» деген мақалдың мағынасына терең үңіле білген Виктор Каламацкийдің отбасына ат басын бұрдық. Бұл отбасы – нағыз интернационалды отбасы. Әулеттің үлкені Виктор орыс ұлты болса, жұбайы украин. Ынтымағы жарасқан шаңырақта қазақтың да салт-дәстүріне ерекше мән беріледі екен. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған, ынтымағы жарасқан шаңырақтың шаттығы көпке үлгі боларлықтай екенін әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Виктор Яковлевич бүгінде сексеннің сеңгіріне таяған қазыналы қарт. Ол 1939 жылы Өзбекстан мемлекеті Кокант қаласында дүниеге келген. Отбасында екі ағайынды. 1942 жылы Қазақстанға қоныс аударады. Шақпақата ауылындағы жеті жылдық мектепті тамамдап, Қордай ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Бір жыл оқып, анасы қатты сырқаттанып қалуына байланысты оқуын тастауға мәжбүр болады. Кейіннен Тараз қаласындағы автомектепте оқып, жүргізуші куәлігін алады. Еңбек жолын көлік жөндеу станциясында механик-тракторшы болып бастайды. 1974 жылы кәсіптік техникалық білім беру жөніндегі Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түсіп, 1977 жылы ауыл шаруашылығы техникаларды механизацияландыру мамандығын игеріп шығады. 1960 жылдан 1993 жылға дейін №16 Жуалы колледжінде мұғалім болып еңбек еткен. 1960 жылы сол колледжде аспаз болып жұмыс істейтін украин қызына үйленеді. Бірде білектің, бірде білімнің күшімен нанын тауып жүрген азамат бүтіндей бір отбасының отағасы. Раиса Андреевна екеуі екі ұл, үш қызынан бүгінгі таңда 20 немере, 8 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Талмай еңбек еткеннің арқасында 1987 жылы 16 маусымда “Еңбек ардагері” атағын алады. Үкіметтің елге берген үлесін кәдеге жаратып, еңбектің тәтті дәмін татқан Виктор Яковлевич зейнетке шыққаннан кейін егін шаруашылығын қолға алуды ұйғарады. 1993 жылы Шақпақата ауылында «Бірлік» шаруа қожалығын құрады. Жер-Ана еңбек еткен адамнан несібесін аясын ба?! Бұл сөз дәл бүгінгі шаруа қожалыққа қаратылып айтылғандай. Себебі, қолда бар 120 гектар жерден табысқа кенеліп, мол өнім алып отыр. 20 гектар жерге эспарцет, 20 гектар жерге жоңышқа, 30-40 гектар жерге арпа, бидай өнімдері егіледі екен. 20 гектардай жайылым жері де бар.
Бүгінге дейін күнкөріске айналған ата кәсіптің бірі мал бағу болса, кейіпкеріміздің иелігінде 50 бас жылқы, 50 мүйізді ірі қара малы және 20 бас шошқасы да бар.
– “Мал – баққанға бітеді”. Қазақ халқы қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан. Сондықтан, біз де мал шаруашылығымен айналысуды жөн санадық,– дейді Виктор Каламацкий. Оның еңбекті сүйетіні, алға қойған мақсатқа жету үшін әрбір істі бағамдап, икеміне қарай еңбек етуді басты ұстанымына айналдырғанын сөз ауанынан байқадық. Қазіргі таңда екі ұлы әкесіне қолғабыс жасап, отбасылық кәсіпті өркендету үстінде.
Жалпы, ауыл халқы қай істе де ауызбіршілікті, ынтымақты ту етеді. Шаруасы шираған ауылда береке бар, тындырымды іс бар, бірлігі де мығым. Бақ осындай елге қонатынын бұрынғылар да айтып кеткен ғой, ал біз соған бүгінгі сапарда көз жеткіздік.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»