Basty bet
Жұмыс барысымен танысты
Жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков ауданға қарасты елді мекендерде жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысымен кеңінен танысты. Әкімнің іссапары Қарасаз ауылдық округінің орталығында жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесінің құрылыс алаңынан басталды.
Алдымен аудан әкіміне аталған құрылыстың мердігері «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске басшысы Оңдасын Сейдінов ауыз су жүйесімен қамтамасыз етудің жобасымен таныстырды. О.Сейдіновтың айтуынша, аталған нысан аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырыс беруімен жүргізілуде екен. Нысанда жұмыс қызу жүріп жатқандығын, қазіргі таңда 23,5 шақырымға ауыз су құбыры және 230 құдық орнатылғанын баса айтты. Ендігі жердегі су жүргізудегі ең басты мәселе – аулаларға су кіргізу болып отырғанын да атап өтті. Осы ретте ол үйлердің орналасуына қарай судың екі немесе бес аула арасында тікелей тартылатынын жеткізді.
Нысанның бас жоспарымен танысқан аудан әкімі Нарбай Ергебеков су шығарылып жатқан ұңғыманы да көріп шықты.
Ұңғымада үш жерден су шығару жоспарланып, бүгінгі күні бір жерден таза су шығарылған, одан бөлек екінші жерден су шығару жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта қордағы үшінші жерден су шығаралатын болады екен. Негізінен су 85 метрден шығып жатыр, алайда жобада көрсетілгендей 110 метр тереңдікке дейін қазылады.
Жұмыс барысымен толықтай танысқан аудан басшысы көшелердегі құдықтардың орнатылу барысын да көрді.
-Өздеріңіз білетіндей, қандай жұмыс болсын, ең бірінші сапаны қажет етеді. Осы орайда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысу мақсатында осында арнайы келіп отырмын. Қандай іс болсын, тұрғындардың қажеттілігін ескеріп, тұрмыс жағдайларына қарап, екіжақты келісіммен жұмыс істеу керек. Себебі, суды тұтынатын да, қабылдайтын да тұрғындар екені белгілі. Жұмыстың әрдайым тиімді жолын қарастырған жөн. Әр аулаға кіріп, тұрғындармен жеке пікірлесу қажет. Олар да су қабылдауға дайын болуы керек. Ауыл тұрғындары көптен бері осы таза суды күтіп отыр. Сол себепті де ауыл тұрғындарының алғысын алу керек. Мұның бәрі бір халықтың игілігі үшін жасалып отырған дүние екенін ұмытпағанымыз жөн, – деді аудан әкімі Нарбай Ергебеков.
Құрылыстағы мердігер компаниялардың басшылары аудан әкіміне тұрғындарды уақтылы, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететіндігін жеткізді.
Сонымен бірге, аудан әкімі Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған бағытындағы автомобиль жолының 15-33 шақырым аралығындағы орта жөндеу жұмыстарымен де танысты. Жолды жөндеу жұмыстарын «Айя Сервис» ЖШС жеңіп алып, қазіргі таңда жол бедерін қопсыту жұмыстарын жүргізуде. Жөндеу жұмыстарының барысымен серіктестіктің өкілдері таныстырды. Алдағы уақытта тұрғындарды сапалы жолмен қамтамасыз ету барысында екі-үш ай көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізілетіні баса айтылды.
Келесі кезекте аудан әкімі Қарасаз ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылындағы бес келушіге арналған медициналық пункттің құрылыс нысанында болды. Құрылыс нысанын «АКМ ГРОУП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бой көтерген медициналық пунктте іші-сыртын әрлеу, айналасын қоршау, тағы да басқа ауқымды жұмыстар жасалуда.
Әкімнің округке жасаған іссапары Көктас ауылында қорытындыланды. Онда аудан басшысы Достық көшесіне жүргізілген орта жөндеу жұмыстарын көрді. Округ әкімі Бауыржан Тойшыбеков көше жолы жақында ғана пайдалануға берілгенін айтып, сонымен қатар, мұнда көшені жарықтандыру жұмыстары да жүргізілгенін жеткізді.
Айгүл Аманқұл,
«Жаңа өмір»