Basty bet

Мерейтойың құтты болсын!

Құрметті қаламдастар!
Сіздерді сүйікті газетіміздің 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
«Жаңа өмір» осы шаңырақта ширек ғасыр қызмет істеп, сонау бір кеңестік қоғамның қысылтаяң дәуірінде және ел тәуелсіздігінің алғашқы аумалы-төкпелі кезеңдерінде басылымның «ыстығына күйіп, суығына тоңған» мен сияқты аға буын қаламгерлер үшін де ерекше ыстық. Өйткені біз осы газеттің редакциясында мамандыққа машықтанып, осында қалыптасып, еңбегімізді сіңіріп, публицистика мен әдебиет айдынына құлаш ұрған қаламгерлерміз. «Жаңа өмір» өз оқырмандарына ауданның тыныс-тіршілігімен қатар заманның шежіресін, дәуірдің үнін жеткізді. Бүгінде ол жүріп өткен 85 жылдың шежіресі архивтерде тарих парақтары болып қатталып жатыр. Кез келген адам қай кезде, қай заманда болсын аудан тарихын республикалық кітап палатасының, Ұлттық кітапханалардың қорларынан, бір кезде Отанымыздың жүрегі болған Мәскеудің мұрағаттарынан «Жаңа өмірдің» тігінділерін алып, зерттеп, зерделей алады.
Мен өзімді 17 жасымнан тәрбиелеген «Жаңа өмір» газеті редакциясының ұжымын, ондағы бас редактор Әбдіғапар Айтақов аға бастаған Константин Цайзер, Николай Вершинин, Аманкелді Ормантай, Икрамбай Тұрғымбеков, Қасым Әзімхан, Орынкүл Бейсенбаева, Карл Кистер, Мырзай Нұрабаев, Әбдібек Қоңырбеков секілді аға буын қаламгерлерді ұстазым әрі әріптесім ретінде аса құрметтеймін. Бүгінде «Жаңа өмірден» түлеп ұшқан бір қауым қаламгер, жазушы-журналист, қайраткерлер елімізге кеңінен мәлім. Сүйікті газетіміз осы бағытынан таймай әлі де жас буын қаламгерлерді тәрбиелеп келеді әрі аудан халқының «мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын» қамқоршысына айналып отыр. Осы бағытыңнан тайма, шабысың шарықтап, қадамың қарыштай берсін, сүйікті газетім!
Редакциядағы ізбасарларыма шалқар шабыт, соны ізденіс, таудай табыс, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілеймін.
Ізгі ниетпен,
Мырзахан Ахметов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген
Мәдениет және өнер қайраткері, Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің Қоғаммен байланыс
бөлімінің бастығы

Таңдаулы материалдар

Close