Basty bet
«Кеңшілік, тыныш заманның қадірін білейік»
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әйелі жайлы былай дейді: «Қазақ әйелі өзінің емдік қасиеті бар жылы сүтімен, өз махаббатының отымен, өзінің аялы алақанымен және қамқорлығымен қамтамасыз етіп, сол арқылы қазақ халқының ұлттық рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырып, бойына жан жылуын дарыта алады». Иә қазақ әйелі қашаннан отбасының ғана емес, елдің ұйытқысы бола білетін, ақыл-парасаттан, төзімнен, мейрім мен шуақтан жаралғандай ерекше жан.
Ынтымақтық Зағипа Бажиева әжеміз сондай аяулы жандардың бірі. Зағипа Шорақызы 1935 жылы Өзбекстанда өмірге келген. 7 кластық білім алып, әрі қарай еңбекке араласады.
-Масақ теріп, жан сақтаған кезіміз болды. Киім жоқ. Бір көйлекті жатарда жуып, азанда қайтадан киіп аламыз.
10 жасымда әкем қайтыс болды. Анам төрт баламен жесір қалды.
Анам сауатты кісі еді. Бір жылдары жағдайын айтып, Сталинге хат жазған екен. Содан үкіметтен күндігіне көмек ретінде берілген бір уыс ұнды быламық қылып, күні бойға азық ететінбіз.
16 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым Сағындық Бажиев 1914 жылы Айша бибіде туылыпты. Жуалыға кейін көшіп келген.
Жолдасым Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралды. І топтағы мүгедек болып, соғыс салған жараның зардабын көп тартты.
Соғыстан кейінгі жылдары жас кезінде совхозда бригадир, бөлімше басшысы, кейін денсаулығына байланысты қарауыл болып еңбек етті. Соғыстағы ерлігі үшін «Отан соғысы» І дәрежелі орденін, «Еңбек ардагері» медалін, тағы да басқа медальдары бар еді. Дәрігерлер үйге келіп тексеріп тұратын. Екеуміз сегіз ұл-қыз сүйдік. Бірақ екеуі нәресте кезінде шетінеді, екеуі тағдырдың жазуымен өмірден ерте озды.
Мен совхоздың картоп, қызылша алқабында еңбек еттім, кейін ауылдағы мектепте еден жуушы болып жұмыс істедім.
Жас кезде баланы да өсіріп, сырттың да, үйдің де жұмысына үлгердік. Құрақ құрап, алаша тоқыдым. Бие саудым. Келіндеріме бар білгенімді үйреттім.
Қазір қара шаңырақта ұлым Нұрғали мен келінім Жәмилә қызмет етіп отыр. Тұңғышым Райхан аудандық ауруханада қызмет етеді. Ұлдан үлкенім Байұзақ Жаркентте колледжде директор. Өмірзағым ауылда тұрады. Ауылдағы балаларымның өз тірліктері бар. Екі бала көрші тұрады.
Тумасам да туған баламдай көрген, өзім бағып-қағып жеткізген ұлым Рақымбегім Шақпақата да тұрады. Аллаға шүкір ол да бүгінде немере сүйіп, ата болып отырған жайы бар.
Келіндерім Маржан, Рая, Анар, Жәмиләға ризамын! Апалап, сыйлап, асты-үсітіме түседі. Аллаға шүкіршілік етемін, бейнетімінің зейнетін көріп , ұл-қыздарымнан 20-ға жуық немере, сегіз шөбере сүйіп отырмын.
Бала-шағама үнемі барыңның қадірін біл, еңбек етіңдер, тірлікте сыйласып жүріңдер деп айтып отырамын.
Соғыс жылдары халық қатты қиналды ғой. Аш-жалаңаш болдық. Біреудің киімін сұрап кидік. Қазір киім дегенің сабан болды ғой. Әр жерде шашылып жатыр. Кеңшілік, тыныштық заман! Осы заманның қадірін білейік.
Қазір ауылда көп үйдің ауласында қанша жер бос жатыр. Түрлі көкөністер егіп, тиімді пайдаланып отырғандар да бар. Бірақ көбінің жері босқа жатыр. Бос уақыттары болса, ұйықтап, кино көріп пайдасыз өткізетін жастарға көңілім толмайды.
Қазір білімділердің, еңбекқорлардың заманы ғой. Көштен қалмау керек,- дейді 85 жастағы әже.
P.S Әже соғыс ардагерінің жесірі әрі тыл ардагері екен. Осы уақытқа дейін Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарын алып жүрген. Бірақ биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына ешқандай сый-сияпат та, мерекелік медаль да берілмей ескерусіз қалғанына ренжулі. Біз әжейге сәлемдемесін тиісті орындарға жеткізетінімізді айттық. Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбековке, аудандық Қорғаныс бөліміне, аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөліміне хабарластық. Зағипа шорақызы бұл мекемелерге өзі де келіп, мән-жайды айтқан екен. Қазіргі таңда барлық тиісті мекеме басшылары мен мамандары өздеріне қатысты шаруаны жасап жатқанын айтты. Негізгі меселе Шақпақ ауылдық округінен берілген тізімде әжейдің аты-жөні болмай қалуында болып тұрған сияқты. Сондықтан жауапты мекеме басшылары істі соңына дейін жеткізетініне сенім білдіреміз.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»