Basty bet
Ауданның дамуында оң көрсеткіштер байқалады
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында жетінші шақырылған Жуалы аудандық мәслихатының кезектен тыс, он екінші сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері шақырылды.
Сессияны аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, жүргізіп отырды.
-Құрметті депутаттар!
Ағымдағы жылдың үшінші тамызында өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс, он екінші сессиясының күн тәртібіндегі «Жуалы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөнінде есебі туралы» мәселе бойынша аудан әкімі Олжас Қаржауов денсаулық жағдайына байланысты сессияға қатыса алмағандықтан, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес, сессия жұмысына үзіліс жариялау туралы шешім қабылдаған болатынбыз.
Бүгінгі сессияның күн тәртібінде «Жуалы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөнінде есебі туралы» мәселе қаралады,- деді Ерғали Өтемісұлы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Жуалы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөнінде есебі туралы» аудан әкімі Олжас Қаржауов сөз алып, ауданның даму көрсеткіштерін баяндады.
-Құрметті депутаттар және әріптестер!
Ауданда 2021 жылдың алты айында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарланған жұмыстар туралы айтатын болсам, ауданымыздың жалпы ішкі өнімінің көлемі есепті мерзімге 21 миллиард 123,4 миллион теңгені құрап, 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға артып отыр.
Жалпы ішкі өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі 27,7%, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 41,1%, құрылыс жұмыстарының көлемі 9,2%, сауда айналымы 22,0%-ті құрайды.
Өнеркәсіп өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 5 миллиард 862,8 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 100,2% құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 4 млрд. 159,9 млн. теңгені құрап отыр.
Аудан бюджетінің кірісі туралы айтар болсам, бюджеттің жергілікті түсімдері мен жоғары бюджеттен алынған ресми трансферттер бойынша есепті мерзімге жоспары 6 458 349,0 мың теңге болса, нақты түсіп отырған сомасы 7 003 169,6 мың теңгені құрады. Орындалуы 108,4%.
2021 жылдың алты айында аудан көлемінде республикалық және облыстық бюджет есебінен 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 3 миллиард 770 миллион теңге. Оның ішінде, құрылыс жұмыстарымен қатар, аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да бар. Ағымдағы жылы жеті жобаның жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатқанын да айта кеткім келеді.
Тұрғындарды ауызсумен қамту үлесі жыл санап артып келеді. 2020 жылы аудан көлеміндегі 49 елді мекентұрғындарының 62,3 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етіліп, биыл бұл көрсеткіш 72,6 процентті құрап отыр.
Одан бөлек,«Елді мекендерді ауызсумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» бойынша бес ауылға (Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы) ауызсу құрылысы жүргізілуде.Оның ішінде Қошқарата ауылының су жүйесі 2022 жылға өтпелі. Сондай-ақ, жеті шағын елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындалып, сараптама қарауына ұсынылған.
Табиғи газбен қамту бойынша 49 елді мекенде тұратын 53548 тұрғынның табиғи газбен қамтылу үлесі 75,6 пайызды құрады. 2021 жылдың соңына дейін Көлтоған және Ертай елді мекендеріне табиғи газ кіргізу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Билікөл ауылдық округіне қарасты төрт елді мекенге (Қарабастау, Дарбаза, Жылыбұлақ, Әбдіқадыр) ауылдарына табиғи газ тарту жұмыстарының ЖСҚ-на жергілікті бюджеттен қаржы қаралды. Алдағы уақытта газ магистралінің жұмысымен бірге ауылға газ беру жұмысы қатар жүріп, аталған ауылдарды ертерек газбен қамту жоспарда тұр.
Құрметті депутаттар!
Тұрғындар өтінішін іске асыру мақсатында 2020 жылдың 30 шілдесі күні аудан әкімінің есеп беруінен кейін жыл соңына дейін өздеріңізден 11 депутаттық сауал келіп түсіп, оның барлығына жауап қайтарылған. Ал 2021 жылдың басынан өздеріңізден сегіз депутаттық сауал келіп түсті. Бүгінгі күнге оның үшеуіне тиісті жауап қайтарылды. Қалғанына алдағы уақытта жауап қайтарылады.
Жоғарыда атап өткенімдей, атқарылған жұмыстардың басым көпшілігінде былтырғы жылмен салыстырғанда өсім байқалады.Бұл бағыттағы жұмыстарды қадағалауға сіздердің де қосып отырған үлестеріңіз бар. Халық тұрмысын жақсартуға етене араласып, тұрғындардың мұңы мен мұқтажына құлақ асып, ел игілігі үшін қызмет атқарып отырған азаматтарға айтар алғысым шексіз,- деді Олжас Есалханұлы. Аудан басшысы өз баяндамасында басқа да маңызды салалардың даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жоспарлар туралы да сөз қозғады.
Аудан басшысының баяндамасынан соң аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев аудандағы бірқатар елді мекендерде интернет мәселесі бар екенін айтты. Сонымен бірге, былтыр пандемия өршіген тұста бұл мәселе оқушылардың онлайн оқуына өз кедергісін келтіргенін тілге тиек етіп, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сұрады. Халық қалаулысының сұрағына аудан әкімі Олжас Қаржауов жауап беріп, бұл мәселе жөнінде тиісінше, облыс әкімдігінің цифрландыру басқармасымен жұмыс жасалып жатқанын, сондай-ақ, жоспарлы жұмыстар бар екенін жеткізді.
Қаралған мәселе бойынша жарыссөзде аудандық мәслихаттың депутаты, тұрғындардың денсаулығын және қоршаған ортаны, тұрғындардың аз қамтылған бөлігін, мүгедектерді, аналар мен балаларды қорғау, ұлттық мәдениетті, ұлтаралық және азаматтық келісімді дамыту, білім, жастар ісі, спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нұрмахан Тыныбеков сөйлеп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ал мәслихат депутаты Руслан Сайлаубаев аудандағы маңызды жұмыстардың дер кезінде атқарылу жайына тоқталып,бюджет қаражатын игеруде бірқатар бөлімдердің тарапынан салғырттық байқалатынын қынжылыспен жеткізді. Сонымен бірге, алдағы уақытта бюджет игерілімін жеделдетуді ұсынды.
Жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс, он екінші сессиясында қаралған мәселе бойынша депутаттар шешім қабылдап, сессия жұмысын мәслихат хатшысы Е.Тілеубеков қорытындылады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»