Basty bet

Немқұрайдылық жарға жығады

Елімізде коронавирус індетінің қаупі қайта күшейіп тұр. Облыс орталығы Тараз қаласы инфекцияның жұқтыру дерегімен “сары аймаққа” енді. Яғни, Тараз қаласында 24 қаңтардан бастап карантин талаптары күшейтілді.

Бұл індеттің қаншалықты қауіпті екеніне өткен жазда әбден көзіміз жетті. Қаншама жақсы-жайсаңдарымыз осы індеттің кесірінен көз жұмды. Әсіресе, шілде айындағы арпалыстың ащы сабағы ұмытылмайды.
Негізінен ауырғандардың басым көпшілігі кісі қаза болған жерге немесе қонаққа барған, қонақ шақырған жандар, отбасы мүшелері сырттан келген жандар болды. Оны бәріміздің көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Енді сенбей, жайбасарлыққа, немқұрайдылыққа салынудың еш қажеті жоқ. Өзіміздің, отбасымыздың, жақындарымыздың денсаулығын ойлайық.
Адам кез келген жағдайға бейімделуі керек. Егер оның өзіңнің, жақындарыңның өміріне пайдасы тисе, неге бейімделмеске. Қоғамда осы болып жатқан жағдайдың себеп-салдарын түсініп, сақтық шараларын ұстануды өзінің өмір сүру дағдысына айналдырған жандар бар. Бірақ олар аз. Керісінше әлі күнге дейін немқұрайдылық көзқарастағылар көп.
Ауруды ауыздықтауда ауру шыққан жерге бармай, ауруды оқшаулау тәсілі бұрыннан бар. Осы тәсілді пайдаланып көп қыдырмай, барлығымыз ауырған жанның тілеуін тілеп, қолымыздан келген көмегімізді аямай, қолдау білдірсек, өзіміз үшін әлдеқайда тиімдірек болар еді.
Басқаны атпағанда, бүгінгі таңда біздің ауданымыздың өзінде індетті жұқтырғандар бар. Індет кім-кімнің болса да денсаулығына ауыр тиеді. Сондықтан өте сақ болайық.
Індеттің таралуын алдын алу мақсатында құрылған мониторингтік топтар да жұмысын қайта жандандыруда. Ондағы басты мақсат – халыққа жөнді-жөнсіз айыппұл салып, қалтасын қағу емес, бірінші кезекте сақтық шараларын қатаң ұстануға шақыру.
Індеттен сақтанудың жолдары бар. Ол – барынша сақтық шараларын ұстану, дұрыс тамақтану, дұрыс тынығу. Үрейленбеу, мүмкіндігінше көңілді жүруге тырысу. Яғни, індеттің алдын алу көбінде адамдардың өздеріне байланысты.
Облысымызда Тараз қаласынан басқа аудандардан да “сары аймаққа” енгендері бар. Біздің ауданымыздың да “сары аймаққа” еніп, әлекке түспеуіміз үшін барынша сақ болайық.
Елімізде ақпанның алғашқы күнінен коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау басталатыны белгілі. Қоғам бұл жайтты әртүрлі қабылдауда. “Екпеден кейін індеттен келетін қауіп шынымен сейіле ме, әлде жағдай басқаша өрбуі мүмкін бе?” деген сауал көпшілікті елең-алаңға түсіргені анық. Ол туралы түрлі пікрлер айтылуда. Екпе туралы біз де арнайы мамандармен тілдесіп, пікірлерін жариялайтын боламыз. Мамандар әзірге вакцинациялау ауру апанынан шығудың төте жолы деп есептейді.
Кез келген қиындықты алдын алған дұрыс. Әйтпесе, ауыр салмағын сезінер де, зардабын да тартар өзіміз. Сондықтан барынша сақтанайық! Енгізілген карантин талаптарына бағынайық. Одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.

перизат шымыртайқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close