Basty bet

Қиындықтарды бірлесіп еңсеріп келеміз

Төтенше жағдайға байланысты 6 сәуірден бастап еліміздегі барлық мектеп оқушылары қашықтықтан оқуда.
Негізінен «Балапан», «Еларана» телеарналары арқылы сабақтар өтілуде. Оған қоса мектеп мұғалімдері өз пәндері бойынша қосымша WhatsApp желісі арқылы түсіндіріп, оқушылармен кері байланыс жасауда. Қиындықтар әрине болды. Әртүрлі пікірлер айтылды. Алайда сабақтың басталғанына екінші апта өтіп барады. Ата-ана, мұғалім, оқушы тарапынан бір-бірімен түсінісіп қиындықтарды бірге еңсеруде.
Қашықтықтан оқытудың ауданымызда қалай жүріп жатқанын білу үшін әр аймаққа хабарласқан едік. Жалпы ауданымызда 39 мектеп, оның ішінде 30 орта, үш негізгі, алты бастауыш мектеп бар. Бүгінгі таңда барлығы қашықтықтан оқу жүйесі бойынша жұмыс істеуде.

Динара Лесбекқызы, Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің директоры:
-Мектепте 218 оқушы бар. Оқушылар телеарналар арқылы білім алуда. Ауылдағы бір проблема, ол интернет жылдамдығының төмендігі. Бұл мәселе бізде ғана емес, еліміз бойынша орын алып отыр. Алайда смартфон арқылы мұғалімдер оқушылармен байланыс жасап отырады. Барлық мұғалімдермен, сынып жетекшілермен WhatsApp желісі арқылы тікелей байланысып, қадағалап отырмын. Оқушылар үлгеріп жатыр. Ешқандай шағым айтылып жатқан жоқ.
Қашықтықтан оқу бір жағы балалар үшін қызықты болып жатыр. Себебі, жастар жаңашылдыққа құмар ғой. Қазіргі жастар өте ақылды. Заманауи техникалардың тілін тез меңгеріп алады. Ата-аналар тарапынан да қолдау бар. Бәріміз бірігіп, қиындықты еңсеріп келеміз. Ең бастысы, еліміз аман болсын!
Ұлманай Ахметова, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, 8 «а» сыныбының жетекшісі:
-Менің сыныбымдағы оқушылар сабаққа уақтылы қатысып, уақтылы жауап беріп, барлығы үлгеруде. Әр пән бойынша ашылған WhatsApp желісіндегі чаттарға өзім тіркеліп, бәрін қадағалап отырмын. Оқушылармен ата-аналар тарапынан да қолдау жақсы.
Мектепте сабақ барысында үлгере алмай жататын кейбір оқушылар қайта сабақты жақсы түсініп, белсенділік танытып, жауаптарын бірінші болып жіберіп жатыр.
Ата-аналар да қадағалап байланысып отырады. Оқушылар тарапынан да түсініспеушілік туындап жатқан жоқ. Түсінбей жатқан оқушылар мұғалімге жеке шығып, оларға мұғалім түсіндіріп жатыр. Бір ғана мәселе барлық оқушы бірдей интернетке кіргенде жылдамдық төмендеп кетеді. Бірақ оқушылар жауаптарын кешке дейін жіберуге мүмкіндігі бар. Министрлік мұғалімдерге де, оқушыларға да көп жеңілдіктер жасады. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Қысқасы, қашықтықтан оқыту қиындық тудырып жатқан жоқ.
Әрине, әр бала мектепте отырып сабақ оқығысы келеді. Мектебін сағынуда. Алайда бұның бәрі өткінші жағдай. Сондықтан шыдай тұруымыз керек. Себебі, бұл халқымыздың амандығы, денсаулығы үшін жасалып отырған қадам.
Әлия Жақсыбекова, Көлтоған ауылының тұрғыны. Зейнеткер-ұстаз, ата-ана:
-Үйде 2 сынып оқитын немерем бар. Сабақ негізінен «Балапан» телеарнасы арқылы түсіндірілуде. Қосымша мұғалімі, үйде біз атасы екеуміз түсіндіреміз. Бәріне үлгеруде. Алайда баламның көңілі жабырқаулы. «Жалғыз отырып оқудан жалықтым. Сыныптастарымды, мұғалімдерімді, мектебімді сағындым»-дейді. Осы жағы аздап көңіл құлазытады.
Ал, білім жағынан ешқандай мәселе жоқ. Біз ғана емес, ауылдағы барлық ата-ана, ата-әжелер балаларына осылай көмектесуде. Оны күнделікті естіп те, көріп те жүрміз. Бұл бір жағы балаларымызға көңіл бөлуге мүмкіндік болып отыр. Бұл – кез келген ата-ананың міндеті.
Дархан Жұмабай, Т.Тастандиев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы:
-Қашықтықтан оқытудың өзіндік пайдасы да, зияны да бар. Пайдасы жеке отырып сабақты тез түсінеді екенсің. Мектепте көппен бірге кейде бірін естіп, бірін естімей, түсінбей қалатын кездерің болады. Қашықтықтан олай емес, әрі десе өз бетіңше ізденуге де мүмкіндік көп. Ал зиянына келсем, телефонға үңіліп, көзің ауырады.
Сабақ үйрену жағынан меніңше проблема жоқ. Телеарнадан тыңдаймыз, қосымша мұғалімдеріміз үйретеді. WhatsApp арқылы керібайланыс та жасап отырмыз.
Әрине, мектепті сағындық. Бұл оқу жылы әсіресе, 11 сыныптар үшін есте қаларлық жыл болды. Қатарластарымызбен бір партада, мұғалімнің алдында отырып оқығанды сағындық. Карантиннің ертерек аяқталуын тілеп жүрміз. Мектебімізді, мұғалімдерімізді де қимаймыз. Түрлі сезімді бастан кешудеміз.
Әрине өмір алда, қызық та алда. Ең бастысы ел-жұрт болып бірігіп, індетті ертерек жеңсек бәрі де жақсы болатына сенімдімін.
Иә, білім, жауапкершілік, сағыныш, қадір-қасиет бойымызға күш-қуат, сабыр сыйлауда.
Бұл сәт Отанға деген, мектепке, мұғалімге деген құрметімізді арттыра түскендей. Бұл бір адамның басына берілген қиындық емес, барлық адамға ортақ. Кейде қиындық деп айтуға да Алладан қорқамын. Аллаға шүкір! Ең бастысы, еліміз аман болсын! Дегенмен әрбір жақсы-жаман істен жақсы нәтиже күтеміз. Жастарымыз қиындықтан ширап, жігерлене түсетініне сенімдіміз! Іске сәт!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close