Basty bet

Газет-журнал – әр үйдің шамшырағы

Қазан айының 1 жұлдызынан бастап елімізде газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Осы науқанды пайдаланып, әр отбасы өздеріне қажетті басылымдарға жазылулары керек. Газет-журналдар халықты тек жаңалықтармен хабардар етіп қана қоймай, рухани деңгейінің өсуіне үлкен септігін тигізеді.

Біз газет-журнал оқитын ата-аналардың ұрпағымыз. Біздің ата-әжелеріміз, әке-шешеміз газет-журналға жазылып оқитын. Ол кісілер қазіргідей молшылықта өмір сүрген жоқ. Бірақ, газет-журналдарға жазылуды міндетті деп есептеді. Оны оқуға уақыт тапты. Үйге келген газет-журналдарды оқи жүріп біз де сауатты жазуды, сауатты сөйлеуді үйрендік. Мақала жазуға деген құштарлығымыз да газет оқу, ондағы мақала авторларына еліктеу арқылы қалыптасты.
Мен өзім соңғы төрт-бес жылда жазылған газет-журналдардың түбіртегіне ата-анамның мекенжайын көрсететінмін. Себебі, ол кісілер поштаға газет-журналға жазылуға арнайы баруға мүмкіндіктері болмайды. Әне-міне барамын деп жүргенде науқан өтіп кетеді. Содан соңғы бір жылдың бірінші жартыжылдығында түрлі себептермен олай болмады. Алты ай бойы газет-журнал алмаған анам екінші жартыжылдықта газет келгенде қуанғанын көрсеңіз. «Өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай болды-ау» деп қуанып, газеттерді сүйіп, көзіне жас алып жатыр. Мен анама қарап тұрып газет-журналды қатты қадірлейтін анаммен замандас бүкіл ұрпақты көргендей болдым. Газет-журналдардың қаншалықты құнды дүние екенін бағалай білетін жандардың бар екенін көру, сезінудің өзі бір ғанибет екен!
Қазір өтірік емес, жас отбасылардың көбі басылымды сол деңгейде бағаламайды. Газет-журналдарға жазылу былай тұрсын, тіпті бар екеніне мән бермейтіндер де бар. Олар газетті керексіз заттай көреді. Бұл көзқарастарының, түсініктерінің өздерінің ұрпақтары үшін салдары қандай болатынын түсінбейді. Салдары қандай екені қазірдің өзінде көрініп тұр емес пе? Яғни, барлығы демеймін. Бірақ жастардың дені өте сауатсыз жазады, сауатсыз сөйлейді.
Жақында жастар арасында көңілді тапқырлар клубының ойыны өтті. Жастардың сөз саптауы өте нашар. Қазақша, орысша араластырып, не айтып, не қойғандарын түсінбейсің. Өте арзан әзілдерді айтады, өкініштісі соған өздері рақаттанып күледі. Бұл көрініске қарап отырып «кітап, газет-журнал оқымайтын ұрпақтың келешегі не болмақ?» деген сұрақ жаныңды мазалайды. Олардың әлеуметтік желідегі бір-бірімен қарым-қатынас тілін көрсеңіз, ішінен қатені емес, дұрыс жазылған сөзді іздейсіз. Сондықтан әрбір отбасы мүшелерінің жас ерекшелігіне қарай басылымдарға жазылу керек. Кітап, газет-журналды оқу керек және газет журналдарды пайдалана отырып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, оқырманға ой тастап, қоғамдағы кемшіліктердің түзелуіне үлес қосу керек. Оған кез келген оқырманның құқы бар.
Жас ұрпақ сауатты болса, болашағымыздың жанғаны. Сондықтан, жазылымға кететін қаржы ол ұрпақ үшін пайдалы екенін жете түсінуіміз керек.
Елімізде, оның ішінде ауданымызда газет-журналдарға ешкімнің айтуынсыз, үгіттеуінсіз өзі жазылып, оқитын көзіқарақты, сауатты оқырмандарымыз көп. Олар әр ауылда бар. Белсенді әрі тұрақты оқырмандарымыз үнемі хабарласып, ой-пікірлерімен бөлісіп, газеттің шығармашылық жағынан дамуына өз үлестерін қосып отырады. Бұл газет ұжымы үшін де, қоғам үшін де қуанышты жағдай.
(Соңы. Басы 1-бетте)

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру туралы өте жақсы айтты.
«Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек.
Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарламалар салтанат құруға тиіс.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді.
Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды.
Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.
Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.
Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.
Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.
Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.
Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.
Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу»,- дейді Президент.
Иә, бүгінгі қоғамда жеке бастың араздығын бүкіл қоғамның бірлігінен жоғары қоятындар бар. Немесе қазақ еліне сыртқы мысық тілеу кейбіреулердің сөзіне ілесіп, орынды-орынсыз түрлі шу шығаратындар бар. Бүгінгі қоғамда кемшілік жоқ деп айта алмаймыз. Бар. Бірақ, оны өзіміз атсалысып, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен түзеуіміз керек.
Мұның барлығы жай сөз емес, бүгінгі қоғамның ең маңызды мәселелерінің бірі де бірегейі. Себебі, бай-қуатты, бірақ, рухани кедей елдің келешегі бұлыңғыр. Сондықтан бұл – бәріне ортақ міндет. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарына, жалпы зиялы қауымға жүктелген міндет.
Газет-журнал арқылы жас ұрпақты білімге, еңбекпен ер атанған озаттарды насихаттау арқылы адал еңбекке, патриотизмге, қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуге үндеуіміз керек. Сондықтан, науқанды пайдаланып, өздеріңізге қажетті газет-журналдарыңызға жазылуға шақырамыз!
Газет-журнал – халықтың мінбері. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, көзі, құлағы, һәм тілі.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close