Basty bet
Кеңес отырысы өтті
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өткізілді. Кеңестің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген отырысқа комиссия мүшелері, ауылдық округтер әкімдері, бөлім және мекеме басшылары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жас мамандар, ауылдық округтердегі жастар ісі және спорт нұсқаушылары, сонымен бірге БАҚ өкілдері шақырылды. Кеңес отырысын аудан әкімі, кеңес төрағасы Нарбай Ергебеков ашты. Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралып, бірінші мәселе бойынша аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Мейіржан Телеушов 2019 жылдың І жартыжылдығында ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында атқарған жұмыстары туралы ауқымды баяндама жасады.
-Ауданымыздағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Жастар саясаты туралы» Заңы және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында өз деңгейінде жүргізілуде. Жастарды әлеуметтендіру процесі – бұл жастарды қоғамдық-саяси өмірге қосудың басты тетігі болып табылады. Объективтілік тұрғысынан жас ұрпақтың қоғамның дамуына қатысу мәселесі ел дамуының сапасы мен қарқынын, сипатын көрсетеді. Осы тұрғыда Заңның да мақсаты – жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың барлық әлеуетін елді одан әрі дамыту мен бейімдеуге бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді моделін қалыптастыру болып табылады.
Жалпы ауданда статистика көрсеткіштерінде 2019 жылы тұрғындар саны 52 523 адамды құраса, оның ішінде жастардың үлесі 13 409 болып отыр. Бұл аудан тұрғындарының 25,8 пайызын құрайды.
Білім беру саласында 235 жас маман білім беру ісімен айналысуда. Сонымен қатар аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінде 29, аудандық ауруханада және ауылдық жерлердегі медпунктерде барлығы 132, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мекемелерде жалпы 28 жас маман жұмыс жасауда. Ауданда 241 жас мүгедектік санатында тіркеуде тұр. Оның ішінде жұмыспен өз бетінше қамтылғандары және мекемелерде жұмыс жасайтын мүгедек жастар саны 57 адамды құрап отыр. Сонымен қатар спорт нысандарында бекітілген кестеге сәйкес, аптасына үш күн жастардың спортпен айналысуына мүмкіндіктер қарастырылған, осы спорт нысандарында 7255 жас спортпен шұғылдануда.
Мемлекеттік қызметтегі 30 жасқа дейінгі жастар саны – 48 адам құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артып отыр.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» штаттық кестесі бойынша барлығы 24 қызметкер жұмыс жасаса, олардың орташа жұмыс өтілдері үш жыл алты айды құрайды. Мекеме қызметкерлері облыстық семинарлар мен біліктілік курстарына қатысып, арнайы сертификаттар иеленген. Бүгінгі таңда орталықтан шыққан 39 азамат әлеуметтік лифт қалыптастырып (өткен жылы 29 адамды құраған), оның ішінде 14-і мемлекеттік қызметке ауысса, 25-і әртүрлі салаға қызметтерін ауыстырған.
2019 жылы ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесіне 35 млн 62 мың теңге қаржы қарастырылғанын атап өткім келеді.
Бүгінгі күнге басты мәселелердің бірі жастарды жұмыспен қамту болса, ағымдағы жылдың алты айында «Жұмыспен қамту орталығына» барлығы 515 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, нәтижесінде 161 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
«Кәсіпкерлік – өмір өзегі» дейтін болсақ, ағымдағы жылдың алты айында аудан жастарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында жаңадан кәсібін бастаушыларға арналған 505 мың және 3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар берілетіндігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде бүгінгі таңда 31 жас құны 99 465 614 теңге соманы құрайтын өз жобаларын ұсынды. Сонымен қатар аудан жастарына арналған шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 505 мың теңгеден 42 жасқа грант беру жоспарда тұр. Бүгінгі күнде аталған грантқа 15 жас құжаттарын өткізді. Ұсынылған бизнес-жобаларды қарайтын комиссия отырыстары шілде, тамыз, қыркүйек айларында өткізілмек.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен тұрғын үй алушы 18 жас маманға барлығы 68 175 000 мың теңге бөлінсе, ал біржолғы көтерме жәрдемақымен қамтылатын 42 жас маманға 7 423 000 мың теңге қаралып отыр. Алты айдың қорытындысында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 30 жас көтерме жәрдемақымен, сегіз жас тұрғын үймен қамтылып отыр.
Индикаторлық көрсеткіштердің қатарында бекітілген жастарға кеңес беру шаралары бойынша 1765 жасқа консультациялық кеңестер беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолдануда. Кеңес алуға келген әрбір жасқа мемлекеттік бағдарламалар туралы жетік түсіндірме беріліп, нәтижесінде 500-ге жуық жас жұмыспен қамтылып, 50-ге жуық жас кәсіпкерлігін ашуға өтінім білдірді. Сондай-ақ, мекеменің бастамасымен Қошқарата, Көлтоған, Жетітөбе, Жаңаталап, Нұрлыкент және Б.Момышұлы ауылдарында кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып, оған 800-ге жуық ауыл жастары мен тұрғындар қатысты. Кеңес беруге 17 саланың мамандары тартылып, ауыл жастарына жан-жақты кеңестер берді,- деді Мейіржан Бегасылұлы. Ол сонымен бірге салаға қатысты бірқатар проблемаларды да сөз етті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Күреңбел ауылдық округінің әкімі Мырзағали Жадыраев округтегі жастар саясатының жүзеге асырылу жайын сөз етті.
-Жастар қоғамның қозғаушы күші екені бәрімізге белгілі. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы да жайдан-жай емес. Біз қашанда жастардың үніне құлақ түріп, оларға тиісті қолдау шараларын жасауымыз қажет. Аудан көлеміндегі жастар саясатында бірқатар проблемалар бар екенін білеміз. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жастардың жұмыспен қамтылуы, жалпы жұмыссыз жастардың санын барынша азайту, оларды жер телімімен және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенемін. Ол үшін атқарушы билік мүмкіндіктерді барынша қарастыру керек,- деген аудан әкімі Нарбай Ергебеков кеңес отырысын қорытты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»