Basty bet

Жастарға патриоттық рухтағы әңгімелер айтылды

Өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастырып, батырлық қасиеттерді сіңіру, сұрапыл жылдарда от кешкен майдангер батырлардың ерлік жолын насихаттау мақсатында Абай атындағы орта мектепте «Бейбіт күнде от кешкендер» атты Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті.
Шараға Ауған соғысының ардагерлері Ерғали Тілеубеков және Нұрлан Көкеев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Игісінов, жергілікті қоғамдастық төрағасы Жорабек Шыршықбаев және оқушылар қатысты.
От пен оқтың арасынан туған еліне аман-есен оралған Ауған соғысының ардагерлері мен оқушылар жат елде қаза болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Одан кейін шара барысында жастарға Ауған соғысы жайлы кеңінен ақпарат берілді. Кезек ардагерлерге беріліп, алғашқы болып Ерғали Тілеубеков өз естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, осынау жүздесуге риза көңілдерін де танытқан ардагерлер естеліктерімен бөлісіп, өмір жолдары жайлы әңгімеледі. Оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, еркін пікір алмасты. Мектеп психологы Эльмира Бейсекованың жетекшілігімен оқушылар да ардагерлерге арнап патриоттық әндер шырқап, өз өнерлерін ортаға салды.
Кездесу ерекше емен-жарқын күйде өтті. Өмір сүре білудің қадірін бірі білсе, бейбіт күнде соғыс отын көріп келген осы жандар ғана білер! Сондықтан олар достықты, туыстықты, денсаулықты, жалпы тірліктің мәнін жоғары қояды. Олардың әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті кейінгі ұрпаққа үлгі.

Руслан Назарбеков,
Қошқарата ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
Дәулет Қалымханұлы,
Қошқарата ауылдық округінің жастармен жұмыс
жөніндегі маманы

Таңдаулы материалдар

Close