Basty bet

еңбек салтын таңдаған қарапайым азамат

Еңбек – адамды алға жетелеп, өмірге деген құлшынысын арттыратын асыл қасиет. Қандай қиындық кездессе де, мойымай, маңдай терімен нәпақа табуды мақсат еткен жандар арамызда аз емес. Олар үшін еңбек – тек күнкөріс көзі ғана емес, отбасы алдындағы жауапкершіліктің, өз күшіне деген сенімнің белгісі. Әсіресе, денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, кәсібін жалғастырып, қоғамнан өз орнын табуға ұмтылған азаматтардың еңбегі құрметке лайық. Осындай жандардың бірі – Б.Момышұлы ауылының орталық базарында ұзақ жылдан бері етікшілікпен айналысып келе жатқан Айдар Әмірқұлов. Денсаулығына байланысты үшінші топтағы мүгедектік санатын алса да, ол кәсібін тастамай, отбасын адал еңбегімен асырап келеді.

Талапты ауылында дүниеге келген Айдар Әмірқұлов 35 жасынан бастап етікшілік кәсіпке ден қойған. Содан бері осы істі жанына серік етіп, аяқ киім жөндеуді күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналдырған. Бүгінде Б.Момышұлы ауылының орталық базарына бара қалсаңыз, күннің ыстығы мен суығына қарамастан, өз жұмысын ұқыптылықпен атқарып отырған етікшіні көресіз. Ол жаздың аптап ыстығында да, жаңбырлы күндері де шатырдың астында отырып, тұрғындардың аяқ киімін жөндеп береді.
Айдар ағаны ауыл тұрғындарының көбі жақсы таниды. Аяқ киімі жыртылып, табаны сөгіле қалса, көпшілік осы шеберге жүгінеді. Ол кішкентай балалардың аяқ киімінен бастап, үлкендердің етігі мен туфлиіне дейін мұқият жөндеп, тігісін келтіріп, әдемілеп береді. Еңбегіне де көп ақы сұрамайды. Оның басты мақсаты – тұрғындардың көңілінен шығып, сапалы қызмет көрсету.
Кейіпкеріміздің мінезі де өз кәсібіндей қарапайым. Бала көңілді, ақжарқын Айдар аға келген адаммен жылы сөйлесіп, қолынан келген көмегін аямайды. Оның жұмыс орны – тек аяқ киім жөндейтін шеберхана ғана емес, ауыл тіршілігінің бір бөлшегі. Мұнда бірін-бірі танитын тұрғындар кездесіп, жөндеуге әкелген аяқ киімін алып, шеберге алғыстарын айтып жатады.
Алайда өмір жолы үнемі бірқалыпты бола бермейді. Осыдан алты жыл бұрын Айдар ағаның құлағының естуі нашарлап, үшінші топтағы мүгедектік санатына алынған. Қазір мемлекет тарапынан тиісті жәрдемақы алады. Сондай-ақ, құлағына тағатын есту аппаратын мемлекет есебінен алған екен. Кейін аппарат бұзылып қалған соң, жаңасын өз қаражатына сатып алыпты. Бірақ, денсаулығындағы өзгерістерге қарамастан, ол сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ.
– Өзім 1963 жылғымын. Жастайымнан осы тірлікпен айналысып келемін. Отбасымды етікшілікпен асыраймын. Алла қаласа, зейнетке шығамын. Күн қатты суығанда жұмысқа шыға алмай қалатын кездер болады. Себебі, қазір құлағыма суық әсер етеді. Соған қарамастан, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз, – дейді Айдар аға.
Шынында да, денсаулығында кінәраты бар адам үшін күннің райына қарамай еңбек ету оңай емес. Әсіресе, ашық аспан астында жұмыс істейтін жандарға жаздың ыстығы мен қыстың суығы айтарлықтай қиындық туғызады. Айдар аға да ауа райы қолайсыз болған кезде жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр. Дегенмен шамасы келгенше кәсібін жалғастырып, отбасына пайдасын тигізуді жөн көреді. Оның бұл ұстанымы еңбекке деген адалдығы мен өмірге құштарлығын аңғартады.
Айдар аға базарда жалғыз өзі еңбек етіп жүрген жоқ. Оның жанында аяқ киім жөндеп, өз нәпақасын тауып жүрген тағы екі азамат бар. Олардың екеуі де сөйлей алмайды. Соған қарамастан, олар қолдарынан келген жұмысты атқарып, адал еңбектерімен күн көруде. Кейде тұрғындар ойын түсіндіре алмай, өзара тіл табысу қиынға соғады. Осындай сәттерде Айдар аға араласып, оларға көмектеседі. Бұл оның тек өз кәсібіне жауапкершілікпен қарап қана қоймай, жанындағы азаматтарға да жанашырлық танытатынын көрсетеді.
Бірі етік тігіп, бірі табан ауыстырып, енді бірі аяқ киімнің жыртылған жерін жөндеп отырған бұл азаматтардың тіршілігі сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда, олардың әрқайсысының артында еңбекпен өрілген өмір, отбасы алдындағы жауапкершілік және өз күнін өзі көруге деген талпыныс жатыр. Олар денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, қоғам өмірінен шет қалмай, қолдарынан келетін кәсіппен айналысуда.
Айдар ағаның өмірдегі басты тірегі – отбасы. Өмірлік жары Баршакүл Әмірқұлова зейнеткер. Екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Үлкен қызы Айман мұғалім болып еңбек етеді. Кіші қызы Айдана сұлулық салонында тырнақ әрлеуші болып жұмыс істейді. Ал, ұлы Айдос әкесінен алған өнегелі тәрбиенің арқасында түрлі жұмыстар атқарып, отбасына қолдау көрсетіп келеді. Ұрпағына адал еңбек етудің үлгісін көрсеткен әке үшін балаларының өз жолын тауып, тіршілігін түзегені де үлкен қуаныш екені анық.
Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекке араласып, өз қабілеттерін жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды. Мемлекеттің тарапынан берілетін әлеуметтік қолдау олардың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған. Ал, адамның өз мүмкіндігіне қарай еңбек етіп, табыс табуға ұмтылуы оның дербестігін арттырып, қоғамдағы орнын нығайтады. Сондықтан мұндай азаматтардың еңбегін бағалап, кәсібін жалғастыруына қолайлы жағдай жасау – ортақ міндет.
Етікші Айдар ағаның еңбегі көпке өнеге. Оның өмір жолы адамның қадірі денсаулығына немесе мүмкіндігіне қарап емес, талпынысы мен атқарған ісіне қарай бағалануы керектігін ұқтырады. Ең бастысы – өмірге деген құлшынысты жоғалтпай, адал еңбек ету және өз күніңді өзің көруге ұмтылу. Өйткені, маңдай термен келген табыстың орны бөлек. Айдар Әмірқұлов пен оның қасындағы азаматтардың күнделікті тіршілігі осы қарапайым ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдейді.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close