Basty bet
“Жаппай көкпар” федерациясының ережесі түсіндірілді
Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Асхат Жабағының төрағалығымен «Жаппай көкпар» федерациясының бекітілген Ережесіне сәйкес көкпар өткізу жұмыстарын түсіндіруге арналған жиын өтті. Оған аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков, облыстық «Жаппай көкпар» федерациясының Президенті Асылбек Беркімбаев, федерация Төрешілер алқасының төрағасы Қуанышбек Құрамаев, аудандық полиция бөлімінің, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы мен жауапты мамандары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
-Ат спорты, оның ішінде көкпар ойыны жыл санап қарқынды дамып келеді. Ұлттық ойынымыз көкпар ойыны жүргізіліп жатқан алаңнан жасөспірім баладан бастап қазыналы қарияларымызға дейін табылады.
Ауданымыз көлемі жағынан кішкентай болғанымен, көкпаршыларымыз ат баптап ұлттық ойын көкпарда ауылдық округтерді 14 команда көкпаршыларымыз шауып жүрсе, ал қалғаны ауыл ішінде болып жатқан көкпарларда жеке дара шабуды үрдіске айналдырған.
Ауданымызда «Жуалы» көпшілік мешітінің артынан, “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” халықаралық дәлізінің бойынан көкпар ойынын өткізуге тоғыз гектар жер бекітіліп, мемлекеттік акт бірілген. Алдағы уақытта техникалық шарт бойынша қауіпсіздік үшін қоршау жұмыстары атқарылады,- деді Асхат Базарбайұлы.
Аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков көкпар ойыны кезінде бірінші кезекте адамдардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау басты назарда болуы керектігін ескертті.
Облыстық «Жаппай көкпар» федерациясының Президенті Асылбек Беркімбаев облыста аталған федерация заңды түрде ашылып, оның құрылтайшылары мен жауапты тұлғалары тағайындалғанын және федерацияның республика бойынша бекітілген Ережесінің мақсатына тоқталды.
-Ереженің басты мақсаты – тұрғындардың, ойыншылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жаңа ереже бойынша 500 атқа дейін көкпар өткізуге рұқсат ауданда берілсе, 500 аттан асқан, яғни үлкен көкпар өткізуге облыстан рұқсат алу қажеттігін түсіндірді. Көкпарды өткізуші тұрғын міндетті түрде ауылдағы спорт нұсқаушы мен ауыл әкіміне хабар беру керек. Үлкен көкпар қауіпсіздік үшін полиция, жедел жәрдем, өрт қауіпсіздігі бөлімдері қызметкерлерінің кезекшілігімен қамтамсыз етілуі қажет. Себебі, бұл мәселені Президент аппаратына дейін қатаң бақылауда ұстауда,- дей келіп Асылбек Берікұлы ауылдық округ әкімдеріне Ережені таратып беретінін жеткізді.
Федерация Төрешілер алқасының төрағасы Қуанышбек Құрамаев тұрғындардың қауіпсіздігі үшін көкпарды кешке қалдырмай ерте бастап, ерте аяқтау керектігін және төрешілер ел тыңдайтын азамат болуын, көкпар ойынының басында ішімдіктер сатылмауын баса айтты.
Жиын қорытындысында Асхат Базарбайұлы ауыл әкімдеріне оқыс оқиға көкпардың үлкен-кішісіне қарамайтынын, сондықтан қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды түсіндіруді тапсырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»