Basty bet

Басты меже – аймақта электр қуатын өндіретін стансалар санын 32 нысанға жеткізу

оның ішінде Көксай мен Ақсай су электр стансалары да бар

Табиғи қорды сақтай отырып, баламалы энергия көздерін пайдалануға елімізде бетбұрыс жасалғанына да біраз жылдың жүзі болды. Бұл Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу арқылы еліміз халықаралық деңгейде алға ілгерілеуге батыл қадам жасады. Осынау іс-шарада Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны да естен шыға қойған жоқ. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық көрмені өткізу идеясы неден туындаған еді?

Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына бір триллион киловат энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен.
Бүгінде орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суы да – игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады.
«Жасыл» экономиканы дамыту аясында республика көлемінде 90-ға жуық жаңа жоба енгізіліпті. Ал біздің облысымызда бүгінге дейін 18 нысан пайдалануға берілген. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда аймақта жалпы қуаты 437,8 мегаватты құрайтын 18 нысан жұмыс істеуде. Оның жиынтық қуаты 24,4 мегаватын 6 су электр стансасы, 162,15 мегаватын 6 жел электр стансасы, сондай-ақ қуаты 251,25 мегаватты құрайтын 6 күн электр стансасы беруде.
Бүгінгі таңда республикамызда барлығы 2010,4 мегават қуаттылығымен 134 нысан жұмыс істеуде. Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша алдыңғы орында. Өткен жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі, құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» стансасы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 мегават құрайтын Тасөткел су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.
Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың 5 айында сағатына 1 826,7 миллион киловат электр энергия өндірілсе, оның 1 430,8 млн.кВтсағат электр энергия дәстүрлі энергия көздерінен, 395,8 млн.кВт сағат электр энергия ЖЭК нысандарынан өндірілген. Сонымен республикалық 2010,4 мегаваттық жиынтық қуаттың 20 пайыздан астамы біздің облысымызға тиесілі екен. Бұл облыстың аталған саладағы өз потенциалын тиісті деңгейде пайдаланып отырғандығын көрсетеді. Дегенмен, облыстың күн, жел және су энергиясын өндіру бойынша әлі де болса игерілмеген үлкен мүмкіндіктер бар екендігін атап өту қажет.
– Ағымдағы жылдың мамыр айында Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасының құрылыс жұмыстары аяталып, нысан пайдалануға берілген. Алдағы уақытта, қосымша жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы қуаты 13,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр стансасың құрылыс жобалары іске асырылуда. Олардың барлығы Талас ауданында орналасқан. Атап айтсақ, қуаты 4,5 мегават «Шеңгелді ЖЭС», қуаты 4,5 мегават «Шеңгелді ЖЭС-2», қуаты 4,5 мегават болатын үшінші «Новатэекс ЖЭС» ЖШС құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Іске қосылғаннан кейінгі барлық үш жобаның жалпы қуаты 451,3 мегаватты құрайды. Бұдан бөлек, қолға алынған жобалар көп. Соның бірі Мойынқұм ауданында «Total Eren» ЖШС тарапынан жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ Жуалы ауданында Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынды. Көксайдан бөлек, сол сияқты «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарланған, – дейді басқарма басшысы.
Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловат сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Сондай-ақ осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловат болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мВт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерді. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады.
Сонымен қатар Жуалы ауданында су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтсақ, Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы басталып кетті. Жоба құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Ал «Ақсай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт құрайтын кіші су электр станциясы құрылысының инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды.
Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мВт-ты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегеватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда жасыл экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда.
Аймақта күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің саны 1,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілмек.
– Жамбыл облысы өңірінде күн инсоляциясының көрсеткіші 1500 – 1600 кВт/сағатқа дейін жететінін, бұлдан Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншілктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы аймақ қатарында. Аудандар бөлінісінде қарасақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында – 1 465 кВт/сағ, Меркі ауданында – 1471, Шуда – 1459, Т.Рысқұловта – 1463, Жуалыда – 1520, Сарысуда – 1520 кВт/сағ күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар. Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды. Атлас картасына сәйкес республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғы шарты болып табылады, – дейді басқарма басшысы.
Картадан есептеп салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екендігі байқалады. Қалған аудандарда, картаға сәйкес, жел энергиясын өндіру әлеуеті төмен, желдің жылдамдығы 5 метрсекундтан аспайды.
Су ресурстарының мүмкіндіктерін анықтау бойынша табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі басқармамен бірлесіп облыстың өзендері мен су қоймаларының мүмкіндіктері зерттелді. Нәтижесінде облыстың 10 өзені мен су қоймаларында жүзеге асырылуы мүмкін 12 перспективалық жоба анықталды. Стансалардың болжамды қуаты шамамен 140 мегаватты құрайды.
Перспективалы жобалар негізінен тау өзендерінің жоғарғы ағысында тұрған Жуалы, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарының аумағында орналасқан. Жобалардың бұл тізімі шетелдік және отандық инвесторларға ұсыныс ретінде ұсыну үшін «Қазақ Инвест» компаниясының облыстық филиалына жіберілді.
Аталған аудандарға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторларды тарту бойынша жұмысты күшейтілген.
Қорыта айтсақ, табиғат көзінен энергия өндіру аймақта дұрыс жолға қойылып келеді. Ең бастысы бұл жобалар кезең кезеңмен жүзеге асырылуда. Жұмыс осылай жалғасын табатын болса, алға қойылған мақсат – электр қуатын өндіретін стансалар санын 32 нысанға жеткізу өз мәресіне жетеді деген сенімдеміз. Ол көзде өндірілетін қуат көзі 1251 киловатқа жетпек. Бұл бізді көрші мемлекеттерден электр энергиясын сатып алу тәуелділігінен арылтары анық.

Марат Құлибаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close