Basty bet

«От орнына шықса дейміз гүл көктеп, Соғыс сыны адамзатқа бір мектеп…»

қасиетті өңірде Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді

Биыл 15-ші ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына тұп-тура 35 жыл толып отыр. Бұл ретте Ауған соғысына қатысып, жат жерде қан кешкен ардагер азаматтардың ерліктерін айтпай кетуге болмайды. Олай болатыны, бұл – біздің жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне, онымен бірге олардың өз Отанын сүйіп, нағыз елжанды азаматтар болып қалыптасуына өте қажет.

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудандағы Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді. Айта кету керек, ауданда «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Ұйым мүшелері қазіргі таңда ауданға қарасты ауылдық округтерде, оның ішінде, ауыл мектептерінде патриоттық және тәрбиелік мәні зор іс-шараларға қатысып, оқушы жастармен кездесулер өткізу үстінде.
Алыстағы Ауғанстан. Иә, осыдан 35 жыл бұрын болған сол сұрапыл соғысқа қатысқан өрімдей-өрімдей жас жігіттер, (оның ішінде, бойжеткендер де бар) Отанның тапсырмасымен сонда аттанып, жат жердегі түрлі ұрыс қимылдарына қатысты. Батыр ата-бабалардың өр намысын бойларына сіңіріп өскен қазақ жігіттері намысты қолдан бермей, онда көрген небір ауыр азапты қиындықтарға дес берген жоқ. Онымен бірге басқаларға батырлық, ержүректілігімен үлгі-өнеге болғандары қаншама?!
1979 жылы Ауған жерінде тұтанған соғыс қимылдары сол тұста Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанға да өз салқынын тигізді. Қашанда қанды қырғын, соғыстың шығынсыз болмайтыны белгілі. Дерекөздерге қарағанда, біздің елімізден Ауған соғысына 22 000-нан астам адам қатысып, олардың 761-і сонда қаза тапты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті деген дерек бар. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10 000-ға жуық ауған соғысының ардагерлері бар. Олардың 3000-ға жуығы мүгедектер қатарында. Ауғандық ардагерлер қоғамы өкілдерінің сөзінше, кеңес заманында мемлекет тарапынан бұларға айтарлықтай көңіл бөлінген. Ал қазіргі кезде аталмыш жеңілдіктерден мүлдем алынып тасталды. Ел Президентінің 1998 жылдың 28 сәуірінде шыққан Жарлығының негізінде аталған ардагерлерге берілетін қаржылық көмектің мөлшері анықталды.
Ауған соғысының ардагерлерін ардақтап, олардың ерлік істерін жас ұрпаққа үлгі ету – біздің қасиетті парызымыз. Әлбетте, бұл ең біріншіден жас ұрпақтың тәрбиесі үшін аса қажет. Біздің ауданда да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған деп айтуға болады. Аудандағы Ауған соғысы ардагерлерінің басын қосып отырған ұйым мүшелері жастармен жиі-жиі кездесіп отырады. Бұл – жас ұрпақтың Отанын, елі мен жерін сүюге және оны көздің қарашығындай қорғауға үлкен септігін тигізетіні анық.
Үстіміздегі аптада 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысына қатысқан аудандағы ардагерлерге ерекше сый-құрмет көрсетіліп, тәрбиелік мәні зор кездесулер ұйымдастырылды. Айта кетсек, бұл бағыттағы іс-шаралар біздің ауданда ақпан айының алғашқы аптасында басталып кеткен болатын.
Сәрсенбі күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Өшпес ерлікке – мәңгілік тағзым!» аталатын тәрбиелік мән-маңызы зор шара ұйымдастырылып, оған Ауған соғысының ардагерлері, ардагерлердің жесірлерімен қатар, мектеп оқушылары және аудан аумағында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің сарбаздары шақырылды. Бұл кездесуде Ауған соғысының жауынгерлеріне құрмет көрсетілумен бірге, олардың өмір жолдары мен соғыстағы жорық жолдарынан да әңгімелер айтылды.
Ардагерлермен кездесу кешінің барысында сахна төрінен орын алған Ауған соғысының ардагерлері – Ерғали Тілеубеков, Пердебай Оспанов («Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ-ның төрағасы), Қази Тасымбетов, Асылхан Әбдіқасымов, Әлжапар Әбдиев және Әділхан Темірбековке арнайы сөз беріліп, олар Ауған соғысында бастан кешкен оқиғалары мен қиындықтарын әңгімелей келе, кездсеуге қатысып отырған оқушы жастарға және сарбаздарға Отанды сүюге, оған адал қызмет етіп, оны қорғауға тиіс екендерін ұғындырып, ел болашағының жарқын болуына атсалысатын нағыз патриот азаматтар болып қалыптсауға тілектестік білдірді.
Кездесуді аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің мүшелері патриоттық және Ауған соғысына арналған әндермен, арнау өлеңдермен әрлеп-әсемдеп отырды. Айта кетсек, кеш барысында Бекзат Жұматаев «Офицер», Салтанат Мейіржанқызы «Ертеңің үшін!» және Бақытжан Абдалиев әйгілі «Шурави» әнін нақышына келтіре орындады.
Кездесу кеш мәдениет үйінің кіші залында өз жалғасын тауып, онда ардагерлерге аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Алғысхаттары, сонымен қатар, ардагерлерге Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай мерекелік медальдар табысталды. Ардагерлерге құрмет көрсетуге арналған жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтау сөз сөйлеп, марапаттарды тапсырды.
Аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Алғысхаттарына Ауған соғысының ардагерлері – Асылхан Әбдіқасымов, Ғалым Қылышбаев, Мейрамбек Ерімбетов, Әлімхан Әсібеков, Жарасбек Рақымбердиев және Қанатбай Мұхамбетов ие болды.
Келесі кезекте ардагерлерді өңірдегі «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ардагер Пердебай Оспанов (бір топ ардагерге бірлестіктің атынан Алғысхаттар тапсырды) және Ерғали Тілеубеков, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестерінің төрағалары С.Жұмашев және Ә.Уркумбаев, сонымен қатар 91678 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бақдәулет Аманжол құтықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Келесі кезекте аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Ауған соғысының құрбандары мен ардагерлеріне арналған ескерткіштің басында митинг ұйымдастырылып, онда ауғандық ардагерлермен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы З.Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің және Б.Момышұлы, Ақсай және Мыңбұлақ ауылдық округі ардагерлері кеңесінің өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Митингіге жиналған қауым Ауған соғысында қайтыс болған марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым жасады.
Ескерткіш басында аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтау сөз сөйлесе, «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков және Қайрат ауылы мешітінің имамы Сауранбек Сарыпбеков марқұмдардың рухына қасиетті Құран сүрелерін бағыштады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close