Basty bet
Жаңа жобалар жүзеге асырылады
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тұтас ұлттың жаңғыруы, оның ішінде халықтық қасиеттеріміздің қайта жаңғыртып, болашақ бағдарларын қайта пысықтауға мүмкіндік жасағаны даусыз. Осы ретте Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қыруар тірліктер қолға алынуда. Бұл бағыттағы істерді біздің ауданның өмірінен де анық көруге болады.
Күні кеше «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Жуалы ауданында жүзеге асырылуы бойынша көшпелі кеңес отырысы өтті. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен басқосуға «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламысын жүзеге асыруға жауапты аудан әкімдігінің білім, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары шақырылды.
Көшпелі кеңес отырысының жұмысына Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Зарина Қуатова, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Е.Қалмұрзаев сөз сөйлеп ашты.
-Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы – бүгінде еліміздің жарқын болашағын бағдарлаудың, кемел келешегін қалыптастыратын, қоғамдық сананы жаңғыртатын маңызды бағдарлама болып отыр. Басты мақсат – өткенімізді саралай келе, тарихымыздағы баға жетпес құндылықтар мен салт-дәстүріміздегі ерекшеліктерді іріктеп алып, қайта жаңғырту. Керітартпа қасиеттерден құтылу, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану арқылы дамудың, ұлт болып ұйысып, мемлекет болып өркендеу арқылы дамыған елдердің қатарына қосылу,- деді Ернұр Маратұлы.
Ал келесі кезекте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда атқарылған жұмыстарды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Жарқымбаева кеңінен баяндады.
-Жуалы ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының 17 арнайы жобасын іске асыру аясында ағымдағы жылдың 10 айында 830 іс-шара өткізіліп, 44 мыңнан астам адам қамтылды.
Бағдарламаны іске асыруға жергілікті атқарушы органдармен қатар, зиялы қауым өкілдері 182, саяси партиялар 25, үкіметтік емес ұйымдар 92, этномәдени бірлестіктер барлығы 120 іс-шара өткізіп, жобаларға белсене атсалысты. Осы орайда «Туған жер» арнайы жобасы аясында барлығы 17 422 адамды қамтыған 402 іс-шара өткізілді. Жоба аясында демеушілер мен меценаттардың есебінен 175 миллион теңгеге жеті жоба (3 тұрғын үй, 4 әлеуметтік көмектер) жүзеге асырылды.
Ал «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жеке кәсіпкерлердің және меценаттардың демеушілігімен тұрғын үйге мұқтаж аз қамтылған, көпбалалы 10 отбасына үй беріліп отыр. Өздеріңізге белгілі, пандемия кезінде ауданда көптеген қайырымдылық жұмыстары жасалды. Онда шет мемлекетте тұратын жуалылық кәсіпкер аудандық орталық ауруханаға жалпы құны 109 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берді.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасы аясында барлығы 200 адамды қамтыған екі іс-шара өткізілді. «Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасы аясында барлығы 1076 адамды қамтыған 17 іс-шара өткізілді.
«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобалары аясында да іс-шаралар өткізілді.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың қыркүйек айында бағдарламаны жүзеге асыруға арналған қосымша жобалар енгізілген болатын. Осы ретте «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында 20, «Еңбек – елдің мұраты» жобасымен төрт, «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасы аясында бес, «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы аясында барлығы үш іс-шара өткізілді.
«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының аясындағы жобалардың жүзеге асырылуына тоқталсам, «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобаларының аясында да бірқатар жұмыстар қолға алынып, атқарылды.
Бағдарлама мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында өткізілген барлық іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жандандырылды. Атап айтқанда, жыл басынан бүгінгі күнге дейін жалпы 1179 материал жарияланды. Оның ішінде телеарналарда – 26, баспасөз басылымдарында – 1417, әлеуметтік желілерде – 510, ақпараттық агенттіктер мен ресми сайттарда – 112.
Ауданда облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру бағдарламасының жүзеге асырылуы» тақырыбында аудан әкімінің брифингі ұйымдастырылды.
Бағдарлама аясында іске асырылған жобалар туралы айтар болсам, «Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасы аясында «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай «Батырды рухтандырған бұлақ» жобасы іске асырылуда. Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған қасиетті Момышбұлақтың айналасы қоршалып, абаттандырылды және стелла қойылды. Аталған бұлақ «Момыш бұлағы» деген атауға ие болып, «Қазақстанның киелі жерлерінің» картасына енгізіліп отыр.
Одан бөлек, Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылының маңында белгілі болған Баркуаб ежелгі қалашығында қазба жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстарына туристер қызығушылық танытып отыр. Осы жоба аясында ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейі үш жыл ішінде 3000 жәдігермен толығып, оны 2522 адам тамашалап үлгерді.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында бағдарламаны іске асыруға атсалысқан демеушілер мен меценаттарды ынталандыру, қайырымдылықты көпшілікке насихаттау мақсатында «Туған жерге туыңды тік!» атты аудандық форумы ұйымдастырылды. Форум аясында қайрымдылық шараларда белсенділік танытқан азаматтар «Жомарт жүрек» сыйлығының алты номинациясы бойынша марапатталды. Аудан әкімдігінің білім бөлімі тарапынан «Түлек.кz» сайтына 2000-нан аса түлек тіркелді.
Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында іс-шараларды ұйымдастыру» тақырыбында әлеуметтік жоба іске асырылды. Жоба аясында «Туған жерге туыңды тік!» форумы, «Жомарт-Жүрек» аудандық байқауы, «Латын әліпбиі – рухани тұтастық негізі» атты конференциясы өткізіліп, «Қазақстанның сакральды географиясы» жобасы аясында «Жер жаннаты – Жуалы» атты фотоальбом әзірленуде,- деді Айгүл Жұмағалиқызы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында жыл соңына дейін спорт, өнер, ғылым, білім, инновация және т.б. салалар бойынша жетістікке жеткен жастарды көтермелеу мақсатында «Жуалы Жайсаңдары» жастар сыйлығы, «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасы аясында ұзақ жыл бір салада еңбек еткен әулеттерді танымал ету мақсатында «Еңбек адамы» форумы, «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында «Ұлттық киіммен қызмет көрсетеміз» акциясы, «Үнем – қоғам қуаты» жобасы аясында «Прагматизм» біздің өмірімізде» акциясы (энергия үнемдеу жөніндегі шараларды іске асыру) ұйымдастырылатын болады.
2021 жылға ұсынылған 12 жобаның арасынан «Әжемнің киіз үйінде» қолөнер үйірмесі, Шерхан Мұртаза шығармашылығын насихаттауға бағытталған «Аула клубын» ашу облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі тарапынан қолдау тауыпты. Жобалық офистің 2021 жылға ұсынылып отырған «Абсент» жобасы аясында Б.Момышұлы ауылындағы саябақтан мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен «Иппотерапия орталығын», сондай-ақ, «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы аясында әлеуметтік тапсырыс арқылы «Құқықтық кеңес беру алаңын» ашу жоспарда бар.
Келесі кезекте сөз алған облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобалары аясында 10 айда Жуалы ауданында атқарылған жұмыстарды оң бағалап, алдағы міндеттерді де нақтылап берді. Сонымен қатар, ұйымдастырылған іс-шаралардың сапасына да мән беру қажеттігін еске салды.