Basty bet
Жас мамандар үшін тиімді жоба
«Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну 2009 жылдан бері іске асырылып келеді. «Жас келсе, іске!» демекші, жұмыс істеуге білек сыбана кіріскен жастар бұл мемлекеттік бағдарламаның шапағатын молынан көріп отыр десек, қателеспейміз. Ұстаздық етуге бел буған талапты жастардың қатарында Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Эльмира Әмірқұлова да бар.
Эльмира Ғалымжанқызы 1989 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Эльмира аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Мектепте жақсы оқып, білім ошағын қызыл аттестатқа бітірген ол Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Механика-математика» факультетін «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша тамамдаған. Одан кейін 2011 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің магистратурасында да оқып, білімін жетілдіре түседі. Ол әу баста-ақ алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен ауылынан бастауды мақсат етеді. Оның ниетіне жетуіне «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының көп көмегі тиеді.
– Менің бала күндегі арманым мұғалім болу еді. Тіл жағынан емес, математика пәнінің мұғалім болсам деп армандадым. Өзімнің алғашқы ұстазым математика пәнінің мұғалімі, ауданға танымал ұлағатты ұстаз Алтынай Ниязбекованың арқасында мектепте математика пәнін сүйіп оқыдым. Болашақта сол кісі сияқты ұстаз болуды армандадым. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң 2017 жылы өзімнің түлеп ұшқан алтын ұяма қайта оралып, осында жас маман болып жұмысқа орналастым.
Алғаш мектепке келгенімде мектеп-гимназияның бұрынғы директоры Абзал Оразов пен марқұм Марат Әлімбеков мені жылы қабылдап, осы мектептің түлегі ретінде педагогикалық ұжымның ортасына да тез сіңісіп кетуіме көп көмектескен болатын. Мектепте маған тәлімгер етіп математика бірлестігінің жетекшісі Айсұлу Ахметованы бекітіп берді. Ол кісі өз кезегінде білім-білігімен бөлісіп, білмегенімді үйретіп, ұстаз болып қалыптасуыма көп көмектесті. Қазіргі мектеп директоры Гүлнар Мұсаханова да осы білім ошағына басшы болып келгелі жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, байқауларға қатысатын болсақ, барлық жағдайымызды жасап беріп отыр, -дейді жас маман Эльмира Ғалымжанқызы.
Эльмира Әмірқұлова отбасында жалғыз перзент. Әкесі Ғалымжан Еленұлы мен анасы Айгүл Тәтенова екеуі де Көлтоған ауылының тумалары. Олар негізінен жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ал, жолдасы Азамат Кипралиев болса Көктөбе ауылының азаматы. Екеуі 2012 жылы шаңырақ көтерген. Жолдасы да жеке кәсіпкерлікпен, дәлірек айтқанда, егін шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі таңда бұл жас отбасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Жас маман өз кезегінде көптеген байқауларға қатысып, ІІ және ІІІ орындарды иеленіп, дипломдармен марапатталған. Эльмира өзі тәрбиелеп отырған шәкірттерін де көптеген жетістіктерге жеткізу жолында көп еңбектенеді. Солардың ішінде оқушысы Сабина Қыдырбайды ерекше атап өтсек болады. Ол республикалық «Ұлы есім иелері» басылымы ұйымдастырған математика пәні бойынша байқауда I орынды, 2020 жылы «Ханталапай» республикалық математикалық зияткерлік сайысында I орынды иеленіп, 2021 жылы аудандық математика пән олимпиадасында I орынды жеңіп алды.
Жақсы ұстаздардан тәлім алған жас ұстаз Эльмира қазір №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 8-10 сыныптарға математика пәнінен сабақ береді. Заман талабына сай сабақты түрлендіріп, оқушылардың қызығушылығын арттыру оның басты мақсаты. Оқушылар да ұстазының жаңаша әдістерін жақсы қабылдайды.
Жас маманның аталған білім ошағында тер төгіп жүргеніне де үш жылдың жүзі болыпты. Әріптестері: «Эльмира барлық мектепішілік мәдени шараларға өз үлесін қосады. Жан-жақты мұғалім»,- дейді.
– 2017 жылы құжаттарымды жинап аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырдым. Сол жылдың қазан айында 158 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы қаражатын алдым. Ал 2018 жылы баспаналы болдым. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауылға жұмыс істеуге келген жас мамандар үшін өте тиімді жоба. Бағдарламаның арқасында өз мамандығымызбен жұмыс жасап, баспаналы болып жатырмыз. Бұл жобаның жастарға да, мемлекетке де тиімді екенін уақыттың өзі көрсетіп берді. Жастарға айтарым, сіздер де аянбай еңбек етіңіздер. Біз мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек-қолдауларға өте ризамыз, – дейді Эльмира Ғалымжанқызы.
Жас маманның ендігі арманы – математика пәнін тереңдетіп оқытатын физика-математика мектебін ашу. Олай болса, еңбекқор жас маманның тілегінің орындалуына тілектеспіз!
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»