Basty bet

«Жаңа өмір» – жұлдызы биік Жуалының айнасы!

«Жаңа өмір» – 51 мыңға жуық тұрғыны бар ауданымыздың 1934 жылдан күні бүгінге дейінгі 85 жылдық ғұмырында көзін ашып, көңілін оята білген байырғы басылым екені баршамызға аян. Міне, сол қилы замандар көшінен бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» уақыттың 30 жылға жуық ғұмырында 9000-ға тарта санын жұртшылық асыға күтіп, құмарта оқып, бойына нәр, санасына нұр ұялатқан еді бұл газет.

«Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел» деп хакім Абайша айтсақ, заман ағымымен тыныстаған басылымның көтерген әрқилы тақырыптары жұртшылық көңілінен шығып отыр. Байырғы басылымымыз жыл санап жаңарып, әсіресе, «жақсы қартая білу де – өнер» демекші, жөнімен, жолымен қартая білген аға буын қарияларға рухани сүйеніш бола алғаны бізді әлбетте, бек қуантады.
Басылымның әр жаңа санынан әралуан тақырыптардың қамтылып отыратыны құптарлық жағдай. Мысалы: «Ауылдар Қарасазға қарап бой түзейді», «Іскер әйелдермен кездесті», «Жуалылықтар жартыжылдықта қалай жұмыс істеді», «Көп тіл білу – заман талабы», «Жолаушылар тасымалдап, алғысқа бөленуде», «Кемшіліктер ашылып, кінәлілер анықталды», «Үлкен ауылдағы шағын дәріхана» т.б. тақырыптар бар. Міне, газеттің биылғы жылғы тамыз айының екінші жұлдызы күнгі №56 санында осыншама тағылымды материалдар жарық көріп, оқырман көңілінен шығып отыр.
«Жыл келгендей жаңалық күтеміз» демекші, алда басылымнан қандай тұшымды дүниелер оқығымыз келетінін де айтқым келеді. Келесі 2020 жылы 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толмақ. Ресей Федерациясы және Украина Республикасы осынау датаға байланысты сол сұрапыл соғыс жылдары туып, балалық шағын жетімдік пен жоқшылықта, бақытсыздықта өткізген қарттық жастағы кісілерге өтемақы төлемек. Біздің елде де осындай игілікті іс орнымен жүзеге асырылса деген тілегім бар. Осы мәселе басылымда орынды көтеріліп жатса, нұр үстіне нұр болмақ.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын тікелей басшылыққа алған танымдық дүниелер жарық көрсе деймін. Бұл сайып келгенде, өскелең ұрпаққа ұлттық рухта тәрбие беру ісінде, отбасы құндылықтарында аса маңызға ие деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауымен тоқайластырылған мақалалар басылымға жиі шықса бірқатар проблемалардың да түйіні тарқар еді. Одан кейін елдегі білім беру үдерісінде, ана тілді меңгеру ісінде бірқатар мәселелер бар екенін жақсы білеміз. Қарап отырсам, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның білім және ғылым министрлігінде 18 мәрте министр ауысқан екен. Оның әрқайсысында әрқилы ой бар екені анық. Бұл ізгі іс емес.
Қазіргі таңда әлемде тәрбие ісі күн тәртібіндегі мәселеге айналып отырғанын жасыра алмаймыз. Адамзат тәрбие мен ғылымның орнын ауыстырып алды. Білімді алға тартып, тәрбиені екінші орынға ысырып тастадық. Балабақшадан бастап балаға тәрбие мен білімнің нәрі қатар себілуі керек. Осы орайда: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе, Халық боламын десең, халықтық қалпыңды сақта» деген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың сөзіне кереғар отбасылық дәстүрлерді дәріптеп, қазақи тәрбиеден жырақтап бара жатқан сияқтымыз. Тәрбиенің негізі – жақсы ұстазда жатыр. Алдымен мұғалімнің өзі тәрбиелі, білімді болуы шарт. Қоғамдағы осындай мәселелер басылымда көтерілсе игі.
Газет – халықтың үні. Келер жылы ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың туғанына 1150 жыл толмақ. Алтын Ордаға 750 жыл. Одан бөлек, қазақ халқының бас ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының да туғанына 175 жыл. Ұлы Жеңістің де 75 жылдығы аталып өтіледі деп күтілуде. Осынау атаулы даталарға да аудандық газет үн қосады деп сенемін. Ойымды қорыта келгенде, Жуалы ауданының байырғы басылымы саналатын «Жаңа өмір» газетінің 10 мыңыншы саны шығарылып, жазылым саны 5000-ға жетсін деген аталық ақ тілегімді білдіремін. «Жаңа өмір» газеті өмірлі болсын. Іргелі ұжым қызметкерлерінің жұмысына толағай табыстар тілеймін!

Болатбек қажы Қайыпбекұлы,
Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close